Табыстың сыры неде?

Табыс дегеніміз не? Бұл сұрақтың жауабын талай адам іздеген болар. Осы орайда, ақиық ақын Мұқағалидың өлең шумақтары еріксіз еске түсе беретіні... Бірақ, ол бақыт туралы.

«Бақыт деген не өзі?», – деп бастады топ таласты.

Бірі оны үйден іздеп, бірі қырдан әрі асты.

Бірі айтады: «Бақыт деген – барлық, байлық емес пе?

Керегінше киіп ішсең, бақыттысың емес пе?».

Бірі айтады: «Жоқ, бақыт деген – қолың жетпес мансап қой.

Жұрттан гөрі жүрсең ерек, соның өзі жақсы ат қой».

Бірі айтады: «Бақыт деген – жүйрік мініп, той тойлау.

Ісің болмай күйбеңменен, қарын тойса, карта ойнау».

Бірі айтады: «Бақыт деген – адал жар мен перзент қой.

Ынтымаққа ырыс келген, ол да соған ермек қой».

Пікірлердің таласына осылай мен жолықтым.

Бақыт адам баласына келмес оңай, соны ұқтым.

Безбеймін мен баладан да, байлықтан да, жардан да,

Мансап жетпес бар адамға үлестіріп алғанда.

Үміт үзбей іздейді олар, таңдап сол бір жақұтты,

Оны алыстан іздемегін, жүректен тап бақытты!»

Менің ойымша, табысты адам және бақытты адам - екі ұғым бірдей. Бірақ, бұл оның жұмысына да, отбасына да қатысты.

Сонымен, осы күнге дейін менің жеке дара түсінгенім: адам өзінің жұмысын және жанындағы жақынын жақсы көру керек. Міне, осы екеуі - оған үлкен стимул болмақ. Таңертең жұмысыңа асығасың, кешке үйге тезірек жетуге асығасың. Сол асығу - адамды үлкен жетістікке жетелейді. Бұл асығудың ішінде тылсым күшке толы махаббат бар. Ол - жұмысыңа деген махаббат пен жақын адамыңа деген сезім.  Оған қоса, "қазақта жұтаған шүкірге тоймайды" деген сөз бар. "Осы күніме де рахмет, осыған да шүкір" деп қанағат білдіргенге, әр күн сайын жеткен жетістігіне шынайы қуанып, алғыс айтқан адамға Жасаған одан да мол жақсылық беретін сияқты.

Ал, Сіздер қалай ойлайсыздар?

Liked
365