Кім айтты жігіттер жыламайды деп?

  1409

 

«Жігіттер жыламайды, тек мұңаяды» деген философиялық тұжырым жаңа заманның жемісі. Қазіргі заманда қандай қиындық болмасын ер азамат көпшіліктің алдында көз жасын көрсетпейді деген пікір қалыптасқан.

Ер жігіттерді жастайынан батыл болуға тәрбиелейміз. Бұл ерте замандардан жерінің шетін жау найзасына бастырмай, қыздарын күң қылмай, өз елін қорғаумен байланысты болса керек. Бабаларымыздың айтуынша, хандар мен батырлардың қажет болғанда көздеріне жас алуы әлсіздігін емес, рухының мықтылығын, махаббатты жан жүрегімен сезіне білетіндігін көрсетеді екен.

Негізі, жыламайтын адам жоқ. Қанша қатты адам болса да, ол да жылайды. Ал, батыл да батыр жігіттерімізді жылататын бірнеше себептер бар. Оның бірі - жеңіліс. Жеңіліс ойында ғана емес, өмірде де бар. Әрдайым алда жүріп, мықты болуға ұмтылу – табиғаттың заңы. Ал, олардың көптен бері құрған жоспары күлі көкке ұшса, міндетті түрде жылайды.

Ер жігіттің жасып, көз жасын көл етуіне біздердің де үлесіміз бар. Дәлірек айтқанда, біздің спортшыларымызға қатысты. Өйткені, біреуді мақтасақ, көкке көтере мақтаймыз, ал біреуді даттасақ, арын аяқ-асты қылып тастаймыз. Ал, олардың жылдар бойы еңбек етіп, тер төгіп, түңгі ұйқысын төрт бөліп, өз мақсаттарына шаршамай, өз-өзін аямай келе жатқанында кімнің шаруасы бар? Біз тек дайын нәтижесін көріп, оған баға беріп жатамыз. Ал, олар жеңілген жағдайда ішкі жан дүниесінде не болып жатқанын кім білсін?

Биылғы Риодағы Олимпиада ойындарында қуаныштан да, өкініштен де төгілген жас болды. Бірі әлемге аты паш етіп, мақтаныштың алды болғынынан жыласа, енді бірінің жеңілгені намысына тиіп, «алтын медаль алсам, елімнің әнұраны шырқалып, туым басқа тулардан жоғары ілінсе» деген арманға қол жеткізе алмағаннан жылады. Халық бірін аспан көкке ұшырып жатса, бірін айыптап жатты. Әттең, сырттан тон пішу оңай.

«Өмірдің барлық сәтсіздіктерін бақытсыздық деп кім айтты саған?», деген Мұхтар Шаханов ағамыз. Сондықтан да, әлі де алда биік шыңдар мен белестер! Бастысы - сенімділік пен сабырлық!

Кім не десе де биыл спортшыларымыз өте қуантты. Үлкен жетістіктерін, дайындықтарын көрсетті. Биылғы Олимпиада ойындарында ертеректе болмаған медальдарға қол жеткіздік. Еліміздің абыройын, рухын асқақтатқан, намысын қорғаған жеңімпаздарымыздың жеңістері ұмытылмайды. Ер жігіттеріміздің көз жастары қуаныштан болсын деп тілеймін!

Liked
107
comments powered by HyperComments