Қанатымды қатайтқан - облыстық арна

  280

ШҚО, Аягөз ауданының тумасымын. Алғашқы еңбек жолымды мектеп бітіре салып, Аягөз қаласындағы «ТРиК» телеарнасында оператор-бейнеинженер болып бастадым. Демек журналистикаға деген қызығушылықтың негізі осы шағын ұжымда қаланды. 2003 жылы Талдықорған қаласындағы Алматы облыстық «Жетісу» телеарнасына шақыртылып, 8 жыл жаңалықтар және бағдарламалар бөлімдерінде редактор қызметін атқардым. Облыстық арна мен үшін қанатымды қатайтқан бір үлкен мектеп болды. Осы ұжымда өзімнің өмірлік серігімді кезіктіріп, отбасылы болдым. 2012 жылдың күзінен «Қазақстан» ұлттық арнасының Алматы облысындағы меншікті тілшісімін. Қазақ телевизиясының қара шаңырағында еңбек етіп, үлкен бір облыстың жаңалықтарының жаршысы болу мен үшін үлкен мәртебе. 1 қыз, 1 ұлдың әкесімін.

Жақында бір осындай шағын ой түйіппін, егер қажет болса:

Бүгінде бұқаралық ақпарат құралдарының қай саласын алмасақ та, буырқанып, қақпағын көтеріп жіберіп тұрып, қайнап жатқан қазан іспетті. Газеттің оқырманы, телеарнаның көрермені, радионың тыңдарманы бар да сіз бен біз білек сыбана еңбек етуге, ізденуге міндеттіміз. Журналист күрек ұстап, жер қазбаса да, қалам ұстап, тау қопарады. Ұшқыш немесе ғарышкер болып, көкке самғамаса да, қиялымен әлем кезеді. Кейде қойдан жуас, кейде үйретілмеген жылқыдай асау мінезі, тақырыпқа сай көңіліміз, жалақымызға сай өміріміз бар бір халықпыз. Өйткені, бізге жазған дүниемізге қоғамның берген бағасы, көтерген мәселенің өз шешімін тапқаны қымбат. Қазір - ақпараттың заманы. Халықтың сусындайтыны - біздің берген мәлімет. Олар соған қарап, бағыт алады, ой түйіндейді. Ал бұл - ең жауапты шаруа. Осы жерде қаламы қарымды, ойы зерек, көпті көрген аға буын журналистердің ұстанымы да маңыздырақ.  Оларға қарап, бой түзегеннің өзі бір ғанибет. Мемлекеттің дамуы, қоғамның көш ілгері басуы, экономиканың өрлеуі - бәрі-бәрі біз үшін керек. Азығымыз - ақпарат, шаршы алаңымыз - шартарап. Жаңалықтың жаршысы болып жүрген ағайынға тілерім:Айтарымыз азаймай, жазарымыз көбейсін!

95
comments powered by HyperComments