Біз қандай жанкүйерміз?!

     Басқасын білмедім өз басым Олимпиадаға барған спортшылардың барлығының ерен еңбегіне тəнті болдым. Жеңісін ғана тойлап, жеңілсе сынамадым. Ғаламторда түрлі ойлар мен "ұсыныстар" айтылып жатса да іштен тынып жүрдім. Фейсбукте айтылған ойлардың дені: "өткен олимпиадада нəтиже көрсетпеген Біржанды неге апара береді", "тек қазақ спортшыларын апару керек, өзге ұлттың бізге жаны ашымайды", "Мырзағали Айтжановты ауыстыру керек", "Ниді ауыстыру керек", "ескек есу секілді спорт түрлерінен спортшы апармау керек, бəрі-бір ештеңе алмайды" т.б.

    Мен Біржанмен таныспын. Бала кезімде Біржанмен  бір залда жаттықтым. Ол сол кездің өзінде шет ел асып жарысқа барып жүлдемен оралып жүрді. Мен ол кезде мектеп оқитынмын. Мен мектеп бітірдім, оқуға түстім оны бітірдім, үйлендім. Ал ол спорттың ізінде əлі жүр. Жай жүрген жоқ чемпион болу үшін жүр, 49 келі салмағын ұстап жүр. Ол физикалық тұрғыдан да, ең бастысы психологиялық тұрғыдан да оңай шаруа емес. Уақытпен ұйықтап, уақытпен тұрып, рұқсат етілген тағаммен шектелу кез-келген диета бағдарламаңды жолда қалдырары даусыз. Иыққа түсетін ел алдындағы ғаламат жауапкершілік пен физикалық күшке шыдас беріп келе жатқан Біржанға өз басым ризамын! Тəнтімін. Иə жеңілді бірақ соған бола оны сөкпеймін. Себебі өзім қанша рет əлем алдында ел намысын арқалап шықтым?! Сіз ше?!

     Ендеше "тек қазақ спортшыларын апару керек" деген пікірге келсек. Қай қазақ өз баласының спортпен кəсіби айналысқанын қалайды жəне оған жағдай жасайды?! Сіз бе,  осындай пікір жазушы оқырман?! Сіз балаңызды 6-7 жасынан бастап 18-20 жыл бойы спортпен айналысқанын, оның ізіне түскенін қалайсыз ба?! Оның əлемдік жарыстардан қалмауына ақшалай да басқалай да қолдау көрсете алатыныңызға сенімдісіз бе? 20 жыл бойы?! Жасы өскен сайын сапалы қымбат спорттық формасы мен инвентарын алып беріп отыруға, шетелге жарыстарға барғанда үкіметтен қаржы жетіспей жатқанда қалтасына ақша салып беруге дайынсыз ба?! Өйткені чемпион тəрбиелеу ұзақ жұмыс. Жарайды, ақша жағын кейінгі планға ығыстырайық. Ең негізгі ауырлық - уақытты көтере аласыз ба? Балаңыз чемпиондыққа жетуге қажет 8-10 немесе 10-15 жыл бойы отбасыңызда әңгіме, өмір слаты тек қана спорт болғанын қалайсыз ба?! Себебі фейсбукта жаңағыдай пікір жазып жүрген жігіттердің біразын білем бала кезінде спортпен айналысқан. Бірі бокс, бірі күрес енді бірі футболмен айналысты. Кейбірі облыстық дейңгейде жеңімпаз болып жүрді. Ал қазір қарапайым жұмысы, қатын-баласы, фейсбуктағы пікірі бар. Олар да бала арманмен чемпион болғысы келді, бірақ... Бірақ ата-анасы мектеп бітірерде "жақсы мамандыққа түс спортпен біраз айналыстың осы да жетер" деп кəдімгі оқуға түсірді. Себебі көпшілік ата-ана өзгенің баласы оқу бітіріп бірі прокуратураға, бірі əкімшілікке, бірі министрлікке жұмысқа тұрып жатқанда өзінің баласы əлі залдан шықпай жаттығып жүргеніне шыдамайды. Бізде салауатты өмір салтын сақтайды оған шүкір. Баланы спортқа сымбатты, дені сау жəне ешкімнен таяқ жеп қалмауы үшін береді көп жағдайда. Ал соның ішінен уақыт іріктеп қалғандары ғаламат еңбектеніп олимпиадаға барды.

     "Өзге ұлттың бізге жаны ашымайтынына" тоқталайын. Егерде жаны ашымаса Левит неге жанын салып өнер көрсетті?! Қазақстан спортшысы туралы "Вашингтон пост" мақала жазып, белгілі промоутерлер мен боксшылар пікір білдіріп əлем алдында үлкен абыройға ие болып жатты. Тіпті Ресейдің өз ішінде үлкен талқыға түсті. Егер де жаны ашымаса неге Зайчиков жыларман болып, Илья əділетсіздікке булықты?! Қазақстанда туылған орыс, өзбек қазақи кеңдіктің бір бөлігін  өз бойына сіңірген. Əйтпесе мұхиттың арғы жағында жүрсе де Головкин көк туды желбіретпес еді. Қазақстан олардың туған жері бұл - факт. Мың жерден бөлектесең де факт факт болып қалады.

    "Мырзағалиді ауыстыру керек" деген пікірге келейік. Ауысса ауысатын шығар бірақ, Олимпиаданың нəтижесінен емес деп ойлаймын. Себебі бокс құрамасының жігіттері сайдың тасындай. Ералиев, Сəттібаев, Ниязыбетов, Левит əлсіздігінен жеңілген жоқ, əділетсіздіктен жеңілді. Оған бəріңіз куəсіздер. Ендеше Айтжанов жинаған команда осал деп айтуға келе ме?! Осы тағылған айып əділетті ме сіздің ойыңызша?!

     Енді "Ниді ауыстыру керек" дегенге келейік. Ауысса ауысатын шығар, ешкім бір орында мəңгі қалмайды. Бірақ Пекинде жүлделі болғанда, Лондонда жүлделерді молайтқанда ештеңе демедік. Ал сəтсіздікке ұрына бастағанда лезде лып етіп жамандап шыға келдік. Осы əділдік пе? Кім енді осы жерде қазақ спортына жаны ашымай тұр?! Төзімсіз жанкүйер ме, əлде 1994 жылдан бері құраманы жаттықтырып келе жатқан тараздық Ни ма?!

     "Ескек есу секілді спорт түрлерінен спортшы апармай-ақ қояйық" деген пікірге келейік. Жарайды олимпиадаларға оларды апармайық. Онда бұл спортшыларда қандай стимул, қандай үміт қалады?! Əлемдік спорт додаларына қатыспаса, олимпиадаға қатысып кұш сынамаса қашан дамиды мұндай спорт түрлері? Еш жерге жылдар бойы қатсыпай келіп бір олимпиадада 4-5 медальдер қырып ала сала ма сонда?! Өзіңіз осыны қалай елестетесіз?! Ол спортшылар мен жаттықтырушылар өзгелерді көрмесе олар қалай бағыт алмақ?! Ешкімді апармай кенде дамыған спорт түрлерінің тамырына балта шаппаймыз ба?!

      Жалпы олимпиадаға елінде жақсы өнер көрсеткен споришылар ғана бармайды. Олимпиадаға дейін Əлем біріншілігінен, Азия, Еуропа, Құрлық чемпионатынан жүлде алғандар барады. Олимпиадаға барар жолдың өзі бірнеше жылды қамтиды. Екі Олимпиаданың арасы 4 жыл. Ендеше 6-8 жыл бойы қатаң спорттық менюмен тамақтанып, жылына бірнеше рет сброға барып, екі мезгіл жаттығу жасап жүру кез-келген спортшының қолынан келе бермейді. Біздің боксшыларымыз əлемдік рейтингтің басында тұрған жігіттер. Ел біріншілігін жеңе салып олимп алаңына шыға салған жоқ. Ғаламат тер төкті, қажымай еңбектенді. Бірінің жолы болды, бірінің бағы шаппады. Бірақ бабы келісіп барды. Оған мен шүбə келтірмеймін. Себебі мен ұзақ жылдар төгілген тер мен жасалған еңбекті қадірлеймін. Сонымен олардың Олимпиадасы осымен бітті. Кейінгі жылдардағы Олимпиадаға Сіз, ата-ана балаңыздан чемпион тəрбиелеуге дайынсыз ба?! Ал мен ше?!

347