Қазір жұрттың баласы «не модно»

Бір кездері барлық ата-ананың #хитіне айналған «жұрттың баласы» естеріңізде ме?! :) Бәлкім, әлі де бар болар...бірақ бұрынғыдай емес, «жұрттың баласының» қарқыны бәсеңдеген. Қазір әркімдікі өзіне, ай көрінер көзіне. Жұрттың баласы жеткен жетістікке өз баласы да жететін (дұрысы, желкелеп болса да өз баласын жеткізетін) заман туды. Бұл бір жағынан қуантады. Жақсы емес пе, қазақтың балаларының бәрі жұрттыкінен қалмай жүргені! Ол да мінсін, жұрттың тізгіндеген геленін. Ол да отырсын, жұрт жайғасқан жұмсақ креслоға. Ол да жасасын, ат шаптырған асар тойды. Несі бар?! Тек төмендемесе болды. Жетсін, ассын, тассын! 

Бұрын анамыздан көп естуші едік жұрттың баласының «жаңалықтарын»...Біз үшін «идеал» еді олар...Сөйтсек, біз де біреу үшін «жұрттың баласы» болыппыз ғой ;). Қазір қарап отырсам, тәрбие бөлек. Баласын анда да, мында да сүйреген бір ата-ана. Қағылмаған үйірменің есігі қалмаған болар. Қаңғып бос жүрген ойын баласын көрмейсің қазір. Қаланың балаларын айтам... Ал ауылдың әңгімесі бөлек қой :). 

Жақында «Балапанда» кастинг болды. Келген баланың саны жүзге жетеді. Бәрі де «боламын», «білемін», «жетемін» деп тұр. Оларға жұрттың баласы «не модно»! Өздерінің «мен»-і бар. Талпынады. Еліктейді. Қайталайды. Бірақ өзгені мойындамайтын «өзі» бар.  Абай өте орынды айтқан: 

Өзгеден ақыл, білім, өнер арқылы озуға болар. Одан өзгемен озам деген ақымақтық.

Кастингке келген балалар «сен тұр, мен атайын» дейді. Білмегенін білетінімен жуып-шаяды. Тығырыққа өзіңді тіремесе, ырыққа беріліп, жығылатын олар жоқ. 

Әр адам – индивид. Өздерін жұрттың баласымен салыстырмайтын санаға бас иемін. Еркіндік. Пысықтық. Жігерлік. Өзіңді кешегі өзіңмен ғана салыстыр  демей ме бірнеше атағы бар әйгілі философтар. Ал өзгемен салыстыру оның көлеңкесінде қалумен тең. Сондықтан жұрттың баласын жайына қалдырып, өз баламызға дұрыс бағыт берейік!  Сіз мақтаған жұрттың баласының барлық ісінің дұрыс екендігіне сенімдісіз бе?! Ал егер ол қателессе, кімді кінәләйсіз?! Жұрттың баласын ба, әлде өзіңізді ме?! 
                                                          Айтпағым, қазіргіні жұрттың баласымен «қорқыта» алмайсыз. 

Liked
328