Тірі болайық, ірі болайық!

Тірі болайық, ірі болайық!

Кезінде өзіміз қатарлы ұлдар қызыл түсті киім кисе "қызтеке" деп мазақтайтын едік...)))))

Әлгі бала ар-ұяттан, намыстан қыстығып, булығып, өліп кете жаздап, мазақтағанның барлығымен төбелесіп, біраз уақыттан соң үйіне барып қызыл киімін шешіп, басқасын киіп келгені әлі есімде. Сол күннен бері оны қызыл түсті киіммен көрмеппін. Әрине, оның "қызтеке" емес екендігін бәріміз біліп тұрмыз ғой. Бірақ бала болса да кеудесін кернеген намысты айтсаңызшы... Шіркін-ай... Ал бүгінде қалай? Айтпаса да түсінікті. Иә, араларыңызда «онда тұрған ештеңе жоқ қой» дейтіндер табылады. Ойлап қарасаңыз, азғындық атаулының барлығы осыдан басталады. Бабаларымыз, "өлімнен ұят күшті" дейтін еді ғой, естеріңізде ме? ...Әй, бірақ "уызға жарымай туған" балада ұят қайдан болсын?

Меніңше, әрекеттің тәлімді үлгісін іздеген адам ғана қателіктерге бой алдырмайды. Яғни, әр адам әлемнің, елінің, ұлтының бір бөлшегі дейтін болсақ, әрбір әрекеті үшін алдымен ұлттың, болашақ ұрпағының алдында жауапты. Белгілі бір қадамды жасамас бұрын «ұят болмай ма» , «ұрпаққа берер тағылымы қандай» деген ой елегінен өткізіп, жауапкершілікті сезініп барып іске кіріскені абзал.

Қазақ ықылым заманнан "өнер", "саxна" сынды сөздерді "қасиет", "қара шаңырақ", "кие" деген ұғымдармен байланыстырып қарайды. Бұл бекер емес. Өнер- тылсымнан берілетін қасиет. Ал өнердің қара шаңырағы-сахна. Ол- даңқ қуған дүбәралар, еліктегіш (плагиятчик) «халтурщиктер» мазақ қылатын жын-ойнақтың орны емес. Биік өнерлі өрендердің ордасы деп білемін. Тегінде, сол бойдағы өнерді алып жүру үшін де алдымен мәдениет керек емес пе? Сондықтан бүгінгі таңда өздерінше топтасып топ құрып, саxнаға шығып жүрген кейбір жастар жаңашылдық әкелді дегенге мен келіспеймін. Қай тұрғыдан алып қарасақ та олардың іс-әрекеті жаңалық емес, көшірмеге көбірек саяды. Неге десеңіз, музыкасынан, қимылдарынан, киімдерінен де өзге елдердің дәл сондай топтарынан өзгешелік көрмедім. Мұндай менталитетімізге жат, яғни қазақы болмысқа тән нышаны жоқ дүниені тамашалаған ұрпақтан ұлтым дейтін ұл-қыз шығады дегенге күмәнім бар.

P.S. Қысқасы, жігіттер, қыздар, ойланайық! Кімге қолдау көрсетіп жүрміз? Ойланып қарасаңыз, руxани тұрғыда ешбір ел қазаққа үлгі бола алмайды. Осылайша жаһандану деп жүріп, жұрттың қаңсығын таңсық көріп, ұлттық идея мен құндылықты аяқ асты етіп, барымыздан айырылып қалмайық! Өнердің киесі ұрып жүрмесін! 

 

352