Әке арманы орындалса, сол бақыт...

Бала үшін өмірде ата-ананың орны қашанда бөлек. Алла Тағала адам баласына ата-анасына құрмет көрсетуді міндет еткен. Осы міндетті орындау арқылы әрбір мұсылман Алланың рахметіне ие бола алады. Бұл хадисте де айтылған.

Биыл біздің әулетіміз үшін ерекше жыл болды. Себебі, асқар тауым, әкеміз Әмірхан Кемелұлы осы жылдың 19 шілдесінде 70 жасқа толды. Негізінен әкемде екі туған күн: бірі-нақты туылған күні болса, екіншісі-құжат бойынша, арасы алты күн. Яғни, 25 шілде.

Тағы бір үлкен қуаныш – ардақты әкеміз Әмірхан мен анамыз Райханның шаңырақ көтергендеріне 45 жыл толып отыр. Әкеміз 1946 жылы Ұлы Отан соғысы аяқталғанда туылыпты. Атамыз 1941 жылдары Ұлы Отан соғысына барып, 1943 жылы аяғынан жараланып, балдақпен ауылға оралыпты. Сөйтіп, жарақатынан айыққан соң, 17 жастағы бойжеткенмен отау құрады. Шаңырақтың тұңғышы, менің әкем дүниеге келеді.

Атамыз ауылда қойманы басқарып, шаруашылық қызметін атқарып жүрді. Бірақ, жасап жүрген кәсібінен кедергілер туындап, «жетіспеушілік» деген желеумен Сталиннің сол кездегі солақай саясатымен абақтыға алынады. Оны қарулы әскерлер алып бара жатқанда 6 жасар әкеміз артынан жүгіріп жылап қалған екен. Сондай қиын күндерді бастан өткізеді. Бірақ, уақыт өте келе бәрі қалыпқа келеді. Әжеміз атамыздың абақтыдан келгенінен кейін 11 құрсақ көтеріпті. Көпбалалы ана атанған. Әйткенмен, біразы шетінеп кеткен. Десе де, соңында ұрпағы қалды. Қазір әкеміздің бір інісі, 3 қарындасы бар. Жаратқанға шүкір дейміз.

Атамыз Кемел кейіннен Сталин қайтыс болған кезде ақталып, елге аман оралып, совхоздың малын бағыпты. Сол кездегі Үкімет шопандарға жақсы қарағандықтан, съездерге, кеңестік шараларға арнайы шақыртулармен барып тұрады екен. Әкемізді шопанның баласы деп интернатқа (қазіргі гимназия) жатқызып оқытқан. Оқуды бітірісімен Кеңестік Үкімет бір топ шопанның балаларын Алматыға оқуға жіберіпті. Бірақ, әкеміз және сол жаққа кеткен бір топ бала ауылға қайта оралды. Қазір осы әңгіме жайлы сөз өрбісе, әкемізге сол кезде оқуды жалғастырғанда «кім біледі, бір жерде үлкен қызметте отырар ма едіңіз» деп әзілдейміз. Шыны керек, ол кезде 1960 жылдары ауылдан келген балаларға оқу қиын болған десе-ді.

Әкеміз өте ақкөңіл, биязы, қамқоршыл кісі. Ес білгеннен бері менің өзіне қатты сөз айтқан емес. Сондықтан мүмкіндігі болса, ренжітпеуге тырысамын. Бір байқағаным, асқар тауымыз қарапайым жұмысшы ретінде жүріп, достарымен жақсы араласып тұрды. Қазіргі таңда көп достары үлкен қызметте болған кісілер. Достарының арасындағы қарым-қатынас өте мықты. Ешқандай қызметке, лауазымға қарамайды, әлде бірін-бірі қатты сыйлағаннан да болар деп ойлаймын. Бастысы, адамгершілікке қарағаны байқалады.

 Барлық отбасымызбен осы жазда еңбек демалысымызды алып, әкеміздің 70 жасқа толған мерейтойын атап өттік. Тойды барынша әкеміздің көңілінен шықса екен деп жан-жақты ұйымдастырдық. Әкемнің қарапайымдылығы сол тойда төрде емес, жақындарының арасында отыруды қалады. «Өзімнің достарымның арасында отырамын, маған ешқандай да бөлек орын қажет емес» – деп солармен бірге арқа-жарқа болып, анамыз екеуі жарқырап отырды.

Той соңында тілек балаларына берілді. Сонда үш апам да, бәріміздің атымыздан тек қана Рахымжан сөйлесін, қалғанымыз түгелміз деді. Бұл мен үшін апаларымның маған деген сыйластығы деп түсіндім. Ақ тілегімді айтып жатып, келген қонақтарға, белгілі асаба Серік Ыдырысов ағамызға алғысымды білдірдім. Сөйтіп, әкеміз бен анамызға қарап тұрып, «арамызда ауырмай жүре беріңіздерші» деген тілек болды. Әрине, қанша үлкен болсақ та, бала тілек қой. Ата-анамыздың ауырмағанын, аман жүргенін қалаймыз. Олар біз үшін отбасымыздың баға жетпес қазынасы, әрі ақылшымыз!

Қазақтың тойы қазыналы ғой. Бәрі де өте жақсы өтті. Келген қонақтар да риза болып тарқасты.  

П/сы: Әке... Осы сөзді айтсам, арманға жетелеп, алдыңа күннің бар жарық нұрын өзіне жиып алып, соған қарай төніп тұрған шыңды көргендей боламын. Нұрға бөленген мейірлі де, мейірімді, тірек, пана болар, жол көрсетер шың – ол асқар тау. Әке – бір үйдің отағасы, басшысы, бейтерегі, ана – өмір сыйлап, нәр берер бұлағы, шамшырағы. Ал, бала – жағасындағы балауса құрағы. Әр әкенің арманы – құрақтың өсіп қатаюы, шыбықтың шыңдағы шынар болып өсуі, балапанын өз елінің аспанында қалықтар қыранға айналуы деп білемін. Иә, менің әкемнің осы тілегі орындалып, перзенттік парызымды өтесем деген ниетім бар.

Қарап отырсаңыз, неге, біздің елде әкелерге арналған арнайы мейрам да, медаль да жоқ. 365 күннің бір күнін неге арнамасқа? Ол бір мемлекеттік мейрам болмай-ақ та қойсын. Бірақ, сонда да болса, осы сұрақ мені жиі мазалайды. Қазіргі күйбелең кезде осыған мән бермесек, кейін уақыт өте келе әкелердің беделі төмен түсіп кетуі де ықтимал... Әрине, мерекесіз-ақ әкемізді әрқашан құрметтеп өтетініміз сөзсіз.

Сондықтан да осы жазбам арқылы теңізге құйған тамшы болса да, үлкен қызметтегі кісілердің ойларына назар салғым келеді. Кім біліпті, мүмкін біреуінің құлағына ілінер, аяқсыз қалмас деген үмітім зор...

 

488