«Дара тұлға»

  403

«Ұстаздық еткен жалықпас үйретуден балаға» деген ұлы Абай бабамыздың бұл тамаша сөздері бүкіл ұстаздық қылған және ұстаз көрген жан үшін ұран сөз болып кеткен іспетті. Менің алғашқы ұстазым  Ұлбосын Калеакбарқызы 1988 жылы Каменка мен соған маңайлас поселкелерді жаяу аралап жүріп  орыс мектебінің ішінде  жаңадан ашылып жатқан  қазақ сыныптарына бала жинағантын. Менің жасым толмаса да, әжем мені осы сыныпқа  беріп еді. Осылай менің Ұлбосын апаймен жақын таныстығым басталды. Ол кісі ұстаз ретінде өте талапшыл әрі әділ болатын. Менің әжемнің әпкесі болса да, маған туыс ретінде емес қатардағы оқушысы ретінде қарайтын. Мұғалімнің кәсіби этикасының бір көрінісі еді бұл.

«Мен бала оқытқаныма 30 жыл болды, сендердің не ойлап отырғандарыңды,қандай оқушы екендеріңді, шамаларыңды жақсы білемін» деп ұрсып алатын. Біз соған сенетінбіз./Ұстаздың абыройы мықты еді ол заманда/ Біздің сыныпта кілең ерке балалар оқыды. Бірақ Ұлбосын апайымыз, бәріміздің жеке тұлға, жақсы адам  болып өсуімізді талап ететін. Әрқайсымыздың икемімізге қарай кім болатынымызды, қандай мамандыққа бейімделу керектігін айтып, жол көрсетіп отыратын. Бастауыш сыныпта «Балдырған» деген журналға жазылып, редакцияға әңгіме құрастырып жазып жіберетінмін. Міне,соны көріп, жазған шығармаларымды оқып, апай маған сол кезде айтқаны «Біздің Сымбат өскенде жазушы немесе журналист болады» деп еді. Қазір ойлап отырсам, апамыздың ақ батасы екен ғой осы сөз. Шынымен де уақыт өте мен  журналист болдым.

Кейін жоғары сыныпта Ұлбосын апай бізге қазақ тілі мен әдебиеттен сабақ берді. Бұғанасы енді  қатып келе жатқан балаларды оқытып қана қоймай, жеке тұлғалық қабілеттер мен  адамгершілік қасиеттерді сіңіру ұстазымыздың  басты мақсаттарының бірітін. /Шіркін,ұстаздардың барлығы солай ойласа ғой/. Шамасы 6-7 сыныптарда оқып жүргенімізде апайымыз намыс пен  сана-сезім туралы көп айтатын болды. «Адамды биікке жетелейтін – намыс. Намысқа тырысқандардан нәтиже шығады» - деп Ұлбосын апай миымызға әдбен құйып өсірген. /Кеңес заманындағы ұстаздардың әрқайсысы бір мектеп қой/  

Ұлбосын Калеакбарқызымен  бір сұхбаттасып отырғанда айтқаны «Мен ешқашан қиындыққа мойымағанмын. Мойымаймын да. Мен жоқ болса да бар сияқты болып жүремін. Менде жоқ деуге ұяламын, менің қолымнан келмейді деп айтуға намыстанамын». Осы сөзі менің жас болса да сол кездегі санамда мәңгілікке қалып кетті. Расымен де адамды сын сағатта құлатпайтын,екі аяғында нық ұстайтын  намыс екен.

Қазақта «Ұстаздың алдын көрген» деген жақсы сөз бар. Әрине педагогикалық білім алып, жақсы мұғалім, жақсы маман болып жатқандар жетіп артылады. Бірақ ұстаз болу – Алладан берілген ерекше қасиет деп санаймын. Нағыз ұстаз әрбір шәкіртіне өзінің бойындағы бар жақсы қасиетін,бар ілім-білімін, бар жан сарайының қазынасын үйіп-төгіп береді.Ал жақсы ұстаз көрген жеткіншектен келешекте әйтеуір бір жақсы азамат шығарына көзім әбден жетті. Мен мамандығыма қарай, әртүрлі адамдармен сұхбат жасаймын. Сонда  небір мықтылар  өздерінің ұстаздарына алғыс білдіріп жатады. Өзімді мықты деуден аулақпын. Десекте осы естеліктер кітабынан бұйырған бетті пайдалана отырып, мен де өзімнің алғашқы  ұстазым Ұлбосын Калекбарқызына шексіз алғысымды айтқым келеді. Жарықтық азаматқа беріксіз дара тұлға еді. Ол кісінің әрбір сөзі мен ісі бір жерден шығатын. Бұл  әркімге беріле беретін қасиет емес. Мен келін болып түскен қаймағы бұзылмаған қазақы  жерге бас құдағи болып барған Ұлбосын апай өзінің жүйелі сөзімен, орамды ойымен айтқан әңгімесінде менің қандай адам екенімді, шыққан жерімді, тегімді тобықтай түйін етіп, мерейімді өсіргені әлі есімде.

Апамызды соңғы рет көргенімде жаман аурудан төсек тартып жатқантын. Көңілін сұрап барғанымда  апамыз кітап оқып жатыр екен.  Өмірден өткен перзенттерінің дертін тартып отырса да, бір сыр бермей маған жақсы әңгіме айтты. «Адам басқа салса, бәрін көреді. Мен бұл өмірдің ыстық-суығын, бейнетін бір адамдай тартсам да, өміріме өкпем жоқ. Себебі ол өмір. Балаларыма,жолдасыма, ағайын-туысыма,достарыма бәріне ризамын. Саған да ризамын. Бәріміздің үмітімізді ақтап жатырсың. Алар асуың әлі алда. Сен әлі талай биікке шығасың» деп батасын беріп, ағынан жарылды. Өмірінің соңын әдемі қарсы алу деген осы шығар деп іштей түйдім. Апам ауруға желініп отырса да, жеңілмеген қалпы өзін тік ұстап отырып менімен шай ішті. Сен айналып келгенше бармын ба жоқпын ба, бірақ өзің аман жүр деп тілеп отыр жарықтық.

Өмірінің даңғылында сүрінсе де құламай, талай сында тауы шағылмай, аштығын білдірмейтін бөрі іспетті әдемі  өте білген адам, өзінің соңынан өнегелі із қалдырған адам, ал жазылмас дерт келді  дегенде ажалын тік отырып,иманымен, білімімен, сабырымен  күте білген адамды мен нағыз дара тұлға дер едім. Менің есімде Ұлбосын Калеакбарқызы кемеңгер ұстаз, аяулы ана, салиқалы әже, бір әулеттің шамшырағы, бір елді қауымның қазынасы ретінде қалды. Ол ксінің артта қалған ұрпақтары барда, сауатын ғана емес, көкірек көзін ашқан шәкірттері  барда Ұлбосын апайдың есімі  ешқашан өлмейді. Себебі адам өмірінен алар ең үлкен пайда – оны ғұмыры өзінен ұзақ болатын іске сарп ету...

Сымбат Талғатқызы Танашева – шәкірті

117
comments powered by HyperComments