Анамның болашақ күйеу баласы

 

Жылжыған жыл жасымызды жиырмадан асырып жіберіпті. «Марал, отырайын деп еңкейіп бара жатыр екенсіз ғой))» деген астарлы әзіл де ойландырады.  Жақсының жары болу, оның разылығын алу – қиын шаруа.  Ендеше, анама жақсы күйеу бала болатын жігіттердің жайын ой елегінен өткізіп көрдім.  Мұрнымды пұштитып, сап – сары етіп маған  ұсыныс жасаған жігіттерді бес топқа бөліп қарадым.

  1. Өзі қазақ, тілі орыс
  2. Шетелдік
  3. Ажырасқан
  4. Әлеуметтік желідегі
  5. Қарапайым жігіт
  1. Өзге тілде ойлауды, түсінуді, ұғындыруды жөн санаған шала қазақ. Шаланың аты шала ғой. Ол ана тілінде сөйлеуді намыс көрсе, ондайлардың  ұрпағын көбейту мен үшін де намыс екен. Ия, ұлы Абайдың өз кезінде, өркениетке ұмтылсақ, орыс тілін игеріп ал деген сөзін жоққа шығарудан аулақпын. Десе де, өзге тілді сыйлау, өз тілімді өзгеше көру менің санама шегеленген. Бірақ, бұл топтағы жігітпен өмір сүру әлдеқайда жеңілірек деп ойлаймын.
  2. Шетелше шүлдірлеп «СҮЙЕМІН»  деген жігіт. Мен бір минутта шетелдік азаматпен тұрмыс құрсам қалай болады деп ойланып көрмеппін. Осы шетелге білім қуалап барып, бала құшақтап келіп жатқандардың  ойын өздігімше, ақша немесе ақыл естен тандырар ғашықтықпен байланыстырып қойдым. Өйткені жүрекке әмір жүрмейді дей ме?! Солай болғанның өзінде  оны іштей сатқындық деп тұспалдадым. Өзге ұлттан қазаққа жиен сыйлау  жараспайтын секілді ме... «Әйел -  ердің қабырғасы,бір қазағым қабырғасыз қалмасын». Ол мені сүйсе, мен өз елімді өзгеше сүйемін.
  3. Екінші жар іздеп, айналасына көз тастап жүрген ер-азамат. Елімізде қазір ажырасқандардың саны күн санап артып келеді. Жігіттер аз, қыздар көп деген сөз де бар. Десе де, отбасымда бесінші бала болсам да, әкем біріншім деп атайды. Сондықтан да кім – кімнің болсын біріншісі болу міндетім. Алайда, тағдыр тарамдары кіммен жолықтырарын кім білсін?!
  4. Әлеуметтік желідегі саны бар... жігіттер)) Сенімділіктен қарағанда сенімсіздігі басымдау. Көрмей жатып көңіліндегісін ақтарып салатындарды еш түсінбей өтетін шығармын. Көпке топырақ шашудан аулақпын, үй болып, отау құрып, шаңырақ көтеріп жатқандар да баршылық. Олардың орнына өзімді қойып, елестете алмадым.   Мүмкін сақтық, мүмкін қорқақтық. Сондықтан жігіттердің онлайнда соққан жүректерін, оффлайн болып сезіне алмай жүрген жайым бар. 
  5.  Қоспасы жоқ қарапайым  қазақ жігіті. Оның жайын айтпасақ та белгілі. Көзінде намыс оты жарқырап тұр. Мен мән – жайды көзінен ұға алатын, иығына басымды еш қорықпай қоя алатын нағыз ер азамат!

 

P.S: "Сүйгенім бол" деген сөздері мақтадай жеңіл емес, қорғасындай ауыр болса, «біргеміз» деген сөздің қақпасы берік болар. Айтудан алдымызға жан салмаймыз, десе де «Қуған жетпейді, бұйырған кетпейді». Барлығы бір Алланың қолында.

 

300