О, Табиғат!..

*         *         *

Мың сан бояу құбылтып тамылжыған,

Жаралған ән сұлуым жаны нұрдан.

О, табиғат, кіршіксіз пәк дүние,

Көз-көңілді өзіне табындырған.


 

Сүйсінемін, баладай тамсанамын,

Арудың білегіндей тал садағың.

Мойныма оратылып, еркелейсің,

Қытықтап танауымды таң шапағың.


 

Осындай сұлулыққа көзім тұнған,

Арылады әп сәтте сезім мұңнан.

Сүйгенімнен аумайтын асыл ғалам,

Жолыңа сөзім, төзім, өзім құрбан...

            *         *         *

Ойнағанда жұлмалап ақымақ-күн,

Етегіне төгілген атыраптың...

Сабағынан үзілген, үлбіреген,

Мен де бір өлең дейтін жапырақпын...


 

Бақыт деген әуелден тапшы маңда,

Аяғыңды құшайын жақсы жандар...

Жолыңды жылытайын, жұмсартайын,

Бір-біріңе алғаусыз бақ сыйлаңдар.


 

Жақсы жандар, ақ жүрек, жақсы жандар,

Адамзаттың барлығын жақтырғандар.

Бір-біріңе бәрің де бақ сыйлаңдар,

Жар басында құлауға шақ тұрғандар...


 

Күзгі ызғар, барады азынап күн,

Қонышына құйылып атыраптың...

Биігінен құлаған, жылаған да

Мен де бір өлең дейтін жапырақпын...

Munaidar

Liked
429