The Lobster немесе қазақ қоғамындағы «не тактичный» сұрақтар

- Өзіңізге сай келетін жартыңызды таба алмасаңыз, сізді қандай жануарға айналдырғанымызды қалайсыз?

- Лобстерге

- Неге лобстер болғыңыз келеді?

- Теңізді жақсы көремін...

Режиссер Йоргос Лантимостың туындысынан кейін миымды қалың тұман басып еді. Және осы постты жазуға қазақ қоғамындағы қасаң көзқарас та түрткі болды. Көптен бері жазғым келіп, қолым жетпей жүрген.

Шым-шытырық оқиғалы фильм адамды ауыр мұңға батырып тастайды. Жалғыздықтың ащы формасын жете түсіну үшін, сондай атақты актер мен актрисалар үшін де көруді бастаған едім, еңсені езіп бара жатқан соң, жарым жолдан жауып ақ тастағым келді, бірақ ақыры бастаған соң, режиссердің азапты, бір жерлерінде жауыз идеясына жұлмаланып бір ақ шықтым.

Кинода өзінің жартысын таба алмаған жандардың трагедиясы баяндалған. Өзіңнің бойыңдағы қасиеттері бар адаммен бас қосуға уақыт беріледі, таппасаң сені өзің қалаған кез-келген хайуанға оп-оңай ақ айналдыра салады. Сұмдық емес пе, ия?! Ал, бұған қарама қарсы қоғамда «одиночкалар» өмір сүреді. Олардың да өз заңдары бар, олар қашқындар. Егер қашқындар қатарына қосылсаң, өмір бойы жалғыз өтуің керек. Алда-жалда біреумен көңіл қосып қалсаң шаруам бітті дей бер.

Егер ықыластарыңыз ауса кинодан бәрін көріп аларсыздар.

Менің айтпағым біздің қоғамдағы қатігез сұрақтар жайында. Бір жерге бара қалсаң, біреумен таныса қалсаң аты-жөнің мен қай жақтансың, елің кім деген сұрақтармен қатар  жеке өмірге қатысты сауалдар шаш етектен төгіле кетеді.

Әңгіме шамамен былай өрбиді:

-Отбасыңмен көшіп келдің бе?

-Жоқ.

-Отбасың Астанада қалды ма?

-Жоқ.

-Алматыда ма?

-Жоқ.

-Отбасың қайда?

-Жоқ.

-Қалайша жоқ?

-Тұрмысқа шықпағансың ба?

-Неге шықпай жүрсің?

- ..... (Соңғы кезде бұл ақпарат сізге не үшін керек? Осылай қайтара сұрақ қойып жүрмін))))

-Балаң бар ма?

Осылай кете береді. Сосын «соболезнования» мен жұбату процестері басталады. "Ойбуй, жалғыз болған қиын ғой, әлі-ақ күйеуге тиесің, тұрмысқа шыққан соң, бала тапқан соң бәрі өзгереді, бақыт деген сол ғой, менің «бір бәле» қайынсіңілім, құдашам, көршім, абысынымның қызы т.б. шықпай жүріп, 40-қа келгенде күйеуге тиді. Әлі ақ бақытты болып кетесің. Алладан сұрай бер. Үмітіңді үзбе. Өзің жұмыс, жұмыс деп жүре бергенсің ғой. Жігіттерді менсінбей жүрген шығарсың. Неужели жігіт жоқ?! Әрекет жасау керек".

О Құдайым-ай,десеңші, осылай кете береді. Мүсіркейтіндер өте көп. Өзінің қоғамның толыққанды мүшесі екенін көзін бір төңкеріп масаттана көрсететіндерді айтсаңшы. Мен кейде сондай адамдарға, олардың арасында мені танымайтын таксистер де бар, айтамын-сіздің қаншама жұмысыңыз бар, қаншама шаруаңыз бітпей жатыр, миыңыздың ешбір клеткасы бос емес, сізге айдаладағы адамның байға тиген, тимегені туралы мәлімет қаншалықты керек деп)) Олар да саспайды, қарындас өзіңіз қызық екенсіз, әңгіме болсын да дейді)))

Айтқым келетіні, Бізді аямай-ақ қойыңыздар.

Негізі аяуға болмайды.

Сіздер Бізді аяған сайын біз аяушылық сезім тудыратын жағдайда қала береміз.

Ешкім бұл өмірде жалғыз қалғысы келмейді. Әсіресе, кішкентайынан отбасылық құндылықтарды сіңіріп өскен бойжеткендер.

Біздің уақытында неге тұрмыс құрмай қалғанымыздың себеп-салдары өте көп. Көбінесе, бір-ақ сөзбен жауап беруге болатын шығар - Тағдыр!

Қазақстанның кәрі қыздары қатарын толықтырам деген ой менде де болған емес. Қалайша болып қалғанын байқамай да қалыппын)))

Қазір мен өзімнің осы күйімді қабылдаймын және жақсы көремін. Ләззат аламын. Шаттана да, қуана да аламын. Әрине, отбасылы болу, жар сүю, бала сүюден артық ешнәрсе жоқ шығар. Енді олар болмады деп өз өзіңді өлімге қию керек пе, әлде Лобстерге айналып кету керек пе?!).

Сондықтан «не тактичный» сұрақтар қою кезінде абай болыңыз. Кәрі қыздардың жүрегіне одан сайын қаяу түсіре бермеңіз!)

Біреудің отбасын құруы/құрмауы түптеп келгенде сізге мүлдем керегі жоқ. Ешкім ешкімді 100 пайыз ойламайды.

Біздің әрқайсымыз 100 пайыз өзімізді ғана ойлаймыз.

Ал, уақыты келіп тұрған қыздарға айтарым: Қыздар, әйел адам жұмысбасты болмауы керек, карьера әйелге қол емес, керек те емес, көп дипломның да қажеті жоқ.

Энергияларыңызды босқа құртпай, тезірек тұрмысқа шығып, күш-қуаттарыңызды саналы ұрпақ тәрбиелеуге, ерлеріңізге қызмет етуге жұмсаңыздар!)

Сол кезде біздің қоғам да мықты бола түседі!

Әйтпесе, тепе-теңдік бұзылып, әлсіз ер адамдар мен гейлер көбейіп кетеді.

Liked
441