«Балапан» алты жаста!

Осыдан алты жыл бұрын елбасының арнайы тапсырмасымен дәл осы күні еліміздегі тұңғыш балалар арнасы «Балапан» өз жұмысын бастаған болатын. Содан бері әр үйдің төрінен, әр баланың жанынан «Балапан» табыла білді. Көрерменіне шынайы қуаныш сыйлап, кішкентай достарына алғашқы әріпі пен санын, түс пен заттарды, қоршаған ортаны таныстыруға тырысты. Сондай-ақ, достық, бауырмашылдық, қамқорлық пен сыйластық сияқты ізгі қасиеттерді ұрпақ бойына сіңіруге өз үлесін қосуда. 

Мен басшыдан бұрын анамын! Бүгін «Балапан» алтыға толды. Бұл – ана  үшін жаңа белес, жаңа жас. Әр анаға баласының кішкентай жетістігі де Гималаймен тең. Мен үшін де алты жасар арнаның осы уақытқа дейінгі көрсеткіші мен жеңісі бәрінен қымбат! Балалық шақтың қайталанбас сәттерін әрбір бүлдіршінге сыйлау үшін жүздеген, тіпті, мыңдаған жұмыстар атқарылды. Алғашқы аяққа тұрып, тәй-тәй басуы шетелдік контенттерден құралса, бүгінде отандық өнім жетпіс пайызға жетті. Оның дәлелі – үйдегі тентегіңіздің «желім», «ермексаз», «өтінем», «рақмет», «анашым», «ғаламшар» т.с.с  қазақы тілі. Бұған келісетін боларсыз?!

Бүгінгі таңда «Балапан» телеарнасын 15 сағат бойы кабельдік желі бойынша - 641237 абонент – 2308453 адам, ал “Отау ТВ” бойынша 400000 абонент – 1440000 адам қарайды. Балаларға ең жақсысын ұсыну үшін «Disney», «Nickelodeon», «ZDF Kids», «Mondo TV» және тағы да басқа шетелдік өндірушілермен бірнеше сағатқа, тіпті, айға созылған келіссөздер жүргізілді. Соның нәтижесінде, Маугли, Дара мен Диего, Хайди сияқты балаңыздың сүйікті кейіпкерлері қазақ тілінде сөйлей бастады. Шетелдік контент синхронды дубляжбен қазақ тіліне аударылып, оған танымал актерлер мен музыкалық бөліктерге хормейстерлер тартылды.

Телеарнаның мұрындық болуымен «Томпақ», «Санжар мен Қайсар» атты тұңғыш балалар телехикаялары жарыққа шығып, Әмен Қайдаров атамыздың жолы жалғасты. Интеллектуалды, спорттық-танымдық және ойын-сауық бағдарламалар мен анмациялық мультфильмдер ұсынылды. 2014 жылы алғаш рет балалармен тікелей эфирде байланыс орнатылды.  

25 қыркүйек күні Астана қаласындағы «Хан шатыр» сауда және ойын-сауық орталығында мыңға жуық көрерменнің қатысуымен  «Балапанның» 6 жылдығына орай 6 сағаттық мерекелік концерт ұйымдастырылды. 20-ға жуық көрме мен 5 ойын орталығы шақырылған «Алақай, туған күн!» мерекелік бағдарламасы 5 рет тікелей эфирде көрермендерімен қауышты.

«Ат тұяғын тай басар». «Қазақстан» ұлттық арнасының қанатының астында өсіп келе жатқан «Балапанның» бағыты айқын, берері мол дер едім. Иә, осы күнге дейін ата-аналардың тарапынан қолдау да, өтінім-ұсыныстар да болды. Бірі жетістігімізді жеткізіп мақтады, енді бірі кемшілігімізді көріп сынады. Бірақ, сенесіз бе, сүйікті арнасына жолдаған кішкентай көрермендердің толассыз хаты мен қоңырауы бізді демеп, қолдап келеді. Еліміздің әр өңірінен, қиырдағы ауылынан бар пейілі мен жүрегін қоса арнаған БАСТЫ көрермендердің хаттарына тікелей эфирде жауап беріп келеміз. 

Еліміздің ертеңін тәрбиелеп келе жатқан телеарнаның тұғырын сіз бен біз болып биіктетейік! Балалықтың еш жерден таппас жарқын және ешкімнен қысастық көрмес еркін   тұстарын, тәтті дәмдерін бірге сыйлайық! Бізді алты жасымызбен құттықтауларыңызға болады :)

Liked
424