Адам баласы

Ол да адам баласы...

 

Алеппо қаласының кішкентай тұрғыны Айша төрт жастағы інісімен жетім қалды. Қаланың астаң-кестеңі шыққан. Ұзақты күнгі атыс-шабыс, бомбалаудан көз ашпаған қоныстың тұрғындары бас сауғалайтын жер де таба алмай қырылып жатыр... Айша мен інісі Хасанның нәр татпағанына үшінші күн... Екеуі енді қайда барарларын білмей жолдың бойында шоқиып отырған, жердің топырағын бұрқ-бұрқ еткізіп осып-осып өткен оқ дыбысы естілді. Дәл жандарына түсіп жатыр... Сәл болмаса... Мұндайға екеуінің де еті өліп кеткендей, селт ете қоймады. Айша інісін қалқалап, өзі оқ осқан тұсқа қарай отырды. Кімнің, қайдан атып жатқаны белгісіз... Айнала аласапыран... Кез келген сәттің бірінде қаңғыған оқтан өмір қиылып жүре берер қатерлі шақ... Кенет әріден әскери көліктің құбыжықтай гүрілдеген қорқынышты дыбысы естілді. Айша Хасанды бауырына қысып, жолдың жиегіне қарай ығысты. Артынша алақұйын шаңды аспанға көтерген құбыжықтың өзі де көрінді. Қос жетімек өздерінше жасырынды. айшаның екі көзі жолды айырып келе жатқан көлікте. Көлік үстінде қарулары шошайған жауынгерлер отыр. Қыз бала тістеніп, кішкене жұдырығын түйіп, кіжіне қарайды. Хасан кемсеңдеп жылайды. Қарным ашты дейді. Су сұрайды. Айша оның аузын алақанымен жауып, дыбысыңды шығарма деп, өзі көліктегілердің көзіне түсіп қалмауға, нысанаға ілікпеуге қам жасап жанталасуда. Әскери көлік бұлар жасырынған тұстан сәл асып барып тоқтады. Көліктен мұздай қаруланған бір жігіт секіріп түсті. Сәл шегініс. Осыдан 3-4 минуттай бұрын. Алеппо қаласының екінші қапталына бет түзеген әскери көліктегілер көрінген нысананы қағып түсіріп келеді. Оларға кім болса да бәрібір. Қыбырлаған жан иесі болса - дұшпан... Қолында снайпер винтовкасы бар сарбаз бірер қайтара алдыңғы жаққа оқ атты. Атып жатып сөйледі. "Балалар екен ғой, мен...жау екен десем, әй, бірақ олардың тірі жүргенінен өлгені артық, қазір екеуін де атып салайын!.." деп мылтығын ыңғайлап, кезене бергенде жанындағы жас жауынгер оның қаруын қағып жіберді. Дереу қаруды қолына алып, дүрбісімен алдыңғы бетті сүзді. Екі балақайдың жолдың қапталындағы төмпешіктің тасасында бұғып жатқанын байқады. Інісін бауырына қысып алған, көзі ботадай жасаураған қыз баланы анық көрді. Жаныдағы мергенге әлдене деп зекіп тастады. Ол да күңкілдеп жатыр. "Бізге сондай тапсырма берген жоқ па? Ешкімді де тірі қалдырмаңдар деген... Сен не Халебтің баласы, (Алеппо қаласының тұрғыны мағынасында айтып тұр, Алеппоны Халеб деп те атайды) жауға араша түскің келіп тұр ма?" "Олар қайдағы жау? Дүрбімен анық көрмедің бе? Бейкүнә сәбилер ғой...Олар да біз сияқты адам баласы емес пе?.. Сені-ай!.." деп бұл сарбаз оны өз қаруымен тағы бір нұқып өтіп, көпірге таяи бере жүргізушіге тоқтауды бұйырды. Бұл жас жігіт сержант болатын. Алеппо қаласынан. Көлікте жаралылар да бар еді. Солардың бірі дәл көпірге жеткенде жан тапсырды. Бәрі сонымен болып жатқанда сержант өлген жауынгердің сөмкесін алып, ішіндегі әскери заттарын алып қалды да, қалғанын қалдырып, көліктен түсті. Сөмкеге өзінікінен де бір нәрселер қосып салды. Сосын екі бала жасырынып жатқан тұсқа қарай жүрді. Олардың соңынан және бір көлік келе жатқан, олар ысқырып, қиқулап, айқайлаған күйі тоқтамай әрмен аса берді. Сержант тек қолын көтеріп, ишара қылды. Ол балалар шошымасын деп қаруын арқасына асып, қолына сөмкені ұстаған. Төмпешік артындағы екеуге таяп, үн қатты.
- Қызым, балақай, қорықпаңдар. Біз сендерге тимейміз. Мә, мынаны ала қойыңдар. Мұның ішінде су, нан, тағы да өзге тамақтар бар... Үнемдесеңдер сендерге бірнеше күнге азық болады...-деп сөйлеп жатыр. Айша басын көтерді. Хасан да жыламсыраған күйі сержантқа қарады. Мөлтілдеген сәби көздерде қорқыныш ұялаған. Сержанттың сөзіне сенбей тұрғаны көрініп тұр. 
- Ала ғой, қорықпаңдар... Сендердің әке-шешелерің қайда?.. Адасып қалдыңдар ма?..-деді бұл. Айша оған жауап орнына қираған үйді нұсқады. Сержант бұл екеуінің жетім қалғанын түсінді. Соғыстың салдарынан күл-қоқысқа айналған туған қаласына, оның мынадай жетім қалған балдырғандарына жаны ашып барады... Бірақ қолынан келер қайран жоқ. Ол қыздың шашынан сипамақшы болды. Оның бұл әрекетінен шошып, қыз бала кейін шегінді. Сержант күлімсіреп:
- Менің есімім Али. Мен де осы Алеппоның тұрғынымын. Ал сенің атың кім?-деді ауада қалқып қалған қолын алмаған күйі.
- Айша...-деді қыз кеберсіген еріні жыбырлап...
- Атың керемет... Ал бұл інің бе, оның аты ше?..-дей бергенде бұлардың жанына кідірмей алға қарай асып кеткен жаңағы әскери көлік минаға түсіп күлі көкке ұшты. Сержант атып тұрып, өз көлігіне қарай шапты. Екі бала оның соңынан қарап қалған... Қос жетімге қайырылмай бірінші болып аса бергенде сол минаға бұлар түсер ме еді, кім білген?..
Айша інісіне су берді, жұмсақ нан да, тәтті де олардың өртенген өзегіне талғажау болды...

 

Мұнайдар Балмолда

 

290