Мұса пайғамбар немес құлдық сана.

     Мені шын мәнісінде тіл білмейтін аға буын өкілдері қатты ашуландырады. Себебі олар "біз қазақ тілін онша білмейміз, себебі орысша оқыдық" - дейді. Бұл - анық сылтау, тәселдеме диалект тілмен айтсақ. Өзіңіз ойлаңызшы, 25 жылда жаңа туған сәби ер жетіп өзі отбасын құрады. Ал қазір жұмыс бабымен кездестіріп жүрген ағаларымыз 40-55 жас шамасындағы кісілер. Олар 1991 жылы 25 жаста әрі кетсе 30 болды. Енді қараңыз, 1991 жылы 25 жастағы жас жігіт 25 жылда өз тілін қалай үйренбейді?! Менің жасым қазір 28-де бірақ мен өзімді кәрі сезініп, шау тартып жаңа нәрсе үйренуден шаршамаймын. Тіл үйренуге, жаңа білім алуға кет әрі емеспін. Ал қазіргі 50-дегі ел ағасы 25 жасынан бастап, осы уақытқа дейін қалайша өз тілін жетік меңгерген жоқ.?! Абсурд па?! Әрине! Жұмыс бабымен Өскемен, Павлодар қалаларында болдым. Екі жерде де "мен қазақша онша сөйлей алмаймын, орсыша сөйлесем бола ма?" - деп өтінген кәсіпкерлер болды. Бірақ мен табандап тұрып алған соң, қазақ тілінде сұхбат беруге келісті. Ендігі қызық осы жерден басталады, интервью кезінде 1 сағат сұхбат беріп, одан соң түсірілім барысымен кешке дейін қасымызда жүріп, кешке қарай аузы-аузына жұқпай, тіпті мен қолдана бермейтін тұрақты тіркестерді қосып сөйлеп жүрді!!! Оны өздері де байқаған жоқ. Дәл осы жерде жазбаның тақырыбын неліктен "Мұса пайғамбар немесе құлдық сана" деп қойғанымды аңғартайын. Себебі расында да бұл құлдық сананың көрінісі. Таң ертең сөйлей алмаймын деп, ал шындығына келгенде өз тілінде шешен сөйлеп тұру - бұл құлдық сананың көрінісі! Тауратта "Мұса пайғамбар 40 жыл бойы еврей ұлтын шөлде алып жүрді" делінеді. Сөзге мән берсеңіз "адасты" емес, "алып жүрді" дейді, Себебі Синай шөлінің жалпы аумағы 60 000 шрашы метр. Шын ниет қылған адам оны 2 жылда болсын арғы басынан бірақ шығып жөніне кете бере еді. Бірақ Мұса пайғамдар перғаундарда құлдықта болған еврей ұлтының санасын өзгерту үшін, 40 жыл жүріпті. Неге себебі пайғамбарлығы өз алдына Мұса мемлекеттік қайраткер ретінде көптеген жылдар бойы құлдықта болған адамдардың қалай да санасының түбінде құлдық табыты қалатынын анық сезген. Сондықтан оның мақсаты еркіндікте, шөлде туған жас ұрпақтың дүниетанымын басқаша тәрбиелеу болды. 50 жылда ел жаңа қазақтың сөзін білетін шығарсыздар, бұл сөз бекер айтылмаған. Мұса 40 жылдың ішінде жаңа, санасы жаңғырған бірнеше буын ұрпақты алып Синай шөлінен шығады. Бұл ұлт ретінде еврейлердің жаңаруы деп айтсам қателеспеспін. Ендеше біздің қазақша сөйлегісі келмейтін аға буын өкілдерінің миында құлдық cана жасырынып жатыр. Олар өздерінің немерелеріне орысшалап сөз үйретеді, ертегіні де орысша түсіндіреді. Ол солай атадан балаға кете береді. Сана өзгермейінше өзге тілді ұрпақ жалғасын таба бермек. Бұл әңгіме қарапайым халыққа қаратылып айтылып отыр,  шенеунік, мемлекет басындағыларға деп шаппаймын. Күнделікті өзім кездесіп, сөйлесіп жүрген ағаларды көріп айтып отырмын. Ал мемлекет басында ұлт болашағы үшін реформаларды санасы еркін адамдар ғана қабылдап, енгізіп отырғанына мен сенемін.

   Ендігі жерде менің балам, менің немерем тіл еркіндігін сезіп өсуі тиіс. Олардың дүниетанымында орысша сөзді іздеп, оған қазақша аударма табу деген секілді ұғым тіпті болмауы тиіс! Сонда ғана ұлт ретінде біз біреуге өзімізді дәлелдеп емес, өз ғылымымыз бен өндірістік, техникалық салаларымызды қарқынды дамытамыз. Сол кезде қазақ баласы қазақша сөйлеп, сөйлеген соң қазақша ойлап, орыс және ағылшын тілін тек керек жерде ғана пайдаланады. Өзге тілдерден біз ешқашан да құтылмаймыз. Себебі ол тілдердің өздерінің қолданылу аясы бар, бірақ басты мәселе өзге тілді керек болсын болмасын өмірдің барлық сәттерінде пайдалана беруді тоқтату керек. Бұл тек қазақ ұлтының мәселесі ғана емес, өзге ұлта да бұл мәселе бар. Мысалы, Майдан оқиғаларына дейін Украин мемлекеті орыс тілінен құтылу үшін кинотеатрларда тек украин тілінде кино көрсету туралы заң шығарып шу қылды. Сондықтан орысша сөйлеп, ойлайтын қазақ бар екен, ендеше қазақша сөйлеп соны қоғамнан талап ететін қазақтар да болуы керек. Бұл таразының екі басы секілді заңды қоғамдық құбылыс! Сондықтан, бұл күрес жалғаса бермек!

Liked
333