Асыл аналарымыз жайлы

Кез келген адамның жан-дүниесінің сұлулығы мен қоршаған ортамен қарым-қатынасы ең алдымен, перзентіне ақ сүтін беріп, әлдилеп өсірген асыл ана жүрегінің жылуынан басталады.

Ана – біздің алғашқы әрі өмірлік ұстазымыз, тұлғалық негізімізді қалайтын бірден бір адам. 

Уайымсыз бала кезімізді еске алсақ, қандай қиыншылық болмасын анамыздың бізге деген махаббаты сөнбейтінін түсінесің. Олар өзін-өзі ұмытып, бар күш-жігерін перзентіне жұмсайды емес пе?! 

Жасөспірімдік максимализмге ерік беріп, өз өміріміздің қожайыны сезіне бастағанда, аналарымыздың берген кеңестерін тыңдамай, көп қателік жасаймыз. Сол қателіктерімізді де кешіреді. Себебі, оның мейірімділігінде шек жоқ. Үнемі перзентін ойлап, оған мейірім мен жылу сыйлауға дайын тұрады.

Ал, ер жете келе көп нәрсені түсінеміз... Тіпті, аналарымыз Кеңес Одағы  кезінде, біз Тәуелсіз Қазақстан заманында туып өссек те, ұядан ұшып жеке өмір сүре бастағанда анаңның көзқарасы сенікімен бір жерден шығатынын түсініп, таң қаласың.

Осы бір үш әріпке сыйған махаббат пен жылуды қанша сөз қолдансаң да жеткізу мүмкін емес...

Сондықтан, асыл аналарымызды ұмытпай, оларға да өз махаббатымыз бен жан жылуымызды сыйлайық!

Liked
446