Менің әкем Желтоқсан қозғалысының астарын бірден сезді...

  526

Сол бір сұрапыл күндері мен ауылда, БҚО-ның Жаңақала ауданы, Жаңаталап (Көпжасар) ауылында едім. Мектепті, он жылдықты бітіргеніме бір жыл болған. 1985 жылы бітіріп, жұрттан бұрын Алматыға барып қайтқам, оқудан жолым болмай. Нақ сол күндері марқұм әкем екеуміз қораның төбесінде жүргенбіз. Лапас жасап. Екеуміз үн-түнсізбіз. Үйде отырғанда радиодан қаралы музыкаларды үзбестен берді ғой, әрі алаңға шыққан жастарды әлгіндей жала айыптап тастады. Ауыр айып артында мүйізі қарағайдай атақты адамдардың аты айтылды. Сенбеске лаж жоқтай... Бірақ менің әкем сенбепті.

Мен әкеме қарап бірдеңе ұқтым. Кішкентай жүрегім шым-шым етіп, желтоқсанның суығында ұлы оқиғаның болып жатқанын сездіріп жатты. Әкем: "Балам, Алматыда өзгерістер болып жатыр. Алда ауыр күндер болар, алайда арты қайырлы... Радиодан беріліп жатқан палитбюро мүшелері қайтыс болғандағыдай ауыр музыканың астында жұмбақ жатыр..." дегендей сөздерді айтты. Бұлай айтпас та еді, мен сұрақ салдым, "неге олай деп жатыр, Алматыда мен болғанымда ғой, оқуға түсіп кеткенімде бар ғой, арасында болар едім" деп... Соған сай әкем әңгімесі осылай өрілді. Содан арада жылдар өткесін барып шындықтың шеті шықты емес пе?!. Ал оны менің әкем сол бойда, сол сағаттарда сезген, өзі коммунист еді, артынан 1989-шы жылы-ау, партбилетін отқа жақты. Мен комсомол билетімді ресми түрде тапсырмақшы болдым тиісті орнына. Бұл бертінде. Онда Пушкин атындағы Оралдың педагогикалық институтында оқитынмын. Желтоқсан жайлы ең алғашқы хабарым қара радио қабылдағыштың суық хабарламасынан басталып, әкемнің сөзімен ақиқатты сездім, жастарды айыптағандардың сөзіне сөйтіп иланбадық, газеттерде жазып жатқандардың біріне де сенгеніміз жоқ. Алматыдан 3000 шақырым жерде жатсақ та Құдай-Тағаламыз көкірегімізді тас соқыр, тас керең қылмады. Осы жағдай есіме түсіп отырғаны... Айтпақшы, осы арада айта кетсем, орайы кеп тұрғандай.

Біздің Көпжасарда (аудан орталығын айтпай-ақ қояиын) сонау 80-ші жылдардан бері газ бар, табиғи отынды айтамын. Қазір көп жерімізге келіп жатқан игілік тәуелсіздіктің арқасында ғой, ал ол кезде компартия, еліміз құрсауда болатын. Есімде, мектеп баласымын әкем бар, әкем сияқты ауыл азаматтары бар, "Осы біздің ауыл маңынан газ өтіп жатыр, ол деген Ресейге асады, Өзбекстанға барады, неге біз өз газымызды пайдалана алмайтын пақырмыз? Бұл әділетсіздік қой!" деп даурығып, содан қол жинап, әйтеуір керім дүрлігіп жататын. Сөйтіп бірде қуанып жатты. "Біздің кішкентай Көпжасарға да газ келетін болды!" деп. Бірақ газ тек ауыл директорлары тұратын Советский көшесінің жоғарғы жағына ғана тартылды, ат төбеліндей адамдар оның қызығын көрді. Олар: совхоз директоры, оның орынбасарлары, партком, сол сияқты биліктегілер. Содан әкелеріміз тағы қозғалды. Арада біраз уақыт өткесін, айлар ма, әлде бірер жыл ма, әйтеуір сол Советский көшесінің төменгі жағына да табиғи отын жетті. Төменгі бетте біз тұратынбыз. Сөйтіп-сөйтіп бүкіл ауылға газ беріле бастады. қазір ойлап отырсам, сол кезде әкем құжат бойынша 49 жаста, турасында 51-дегі атпал азамат екен! Солай ауылға кеңес уақытында газ келуіне күш салып, тер төккені бір ерлік болып көрінеді қазір маған. Ол да ешкімнен кем болмаймыз деген адал ниеттен туған ел тілегі емес пе?! 1931 жылы осы Жаңақала ауданында кеңес үкіметінің салық салып, халықтан мал жинап, аштан қатыру, артел құрамыз деп байларын тәркілеу саясатына өре түрегеліп қарсы болған жұрт көтеріліске шыққан. Ол да әлеуметтік теңсіздіктен туындаған. Ол Жаңақала көтерілісіне менің Әлім, Махмуд атты екі атам қатысып, екеуі де НКВД-ның құрығына ілігіп, концлагерге айдалып, ақыры із түссіз кетті. Әлім әкемнің әкесі болатын. Махмуд оның інісі. екеуі Балмолданың баласы. Әлім 23 жасында кетті. Әкем 3 жасында әкесінен жетім қалды. Солай... Ал 1991-ші жылы қыркүйек айында Оралда дүрбелең туды. Енді оған ойланбастан қойып кеттік. Артынан біздің үйге үш әріптен бе, компартиядан ба, әйтеуір облыстан екі кісі барып, ауру әкеме: "балаңызды оқудан шығарады, ол әкімат алдында асфальттта аштық жариялап жатыр, үйге алдырыңыз, ұлыңызды аямайсыз ба?" дегенде, төсегінен бір аударылып түскен қайран асқар тауым: "Тісі шыққан баланың өзі біледі. Мен оған баяғыда ақ батамды бергем" деп әлгілерді сөзімен қуып шығыпты. Қайран алатауым-ай!.. Келер күн көп нәрсені еске түсіріп жатырғаны. Осындай естелігім бар желтоқсан жайлы...

Liked
97
comments powered by HyperComments