Бүгін ұстазымның туған күні

2012 жылы Ұлттық арнаның оңтүстіктегі филиалына редактор болып қабылдандым. Тәжірибем жоқ. Медиа саласына енді келген кезім еді. Жаңалықтар бөлімінде бірнеше редакторға текстерімді тексертіп, қателіктерімді түзететінмін. Бірақ, шеф – редакторым Жадыра Әкімханқызының  маған қояр талаптары өзгеше болды. Шұбалаңқы сөйлемдерді қысқартып, айтар ойды анық, әрі ашық жеткізуге баулыды.

Журналистика саласына келгенімде осы кісінің еңбегі көп сіңді. Аямай жұмсаса да, жекіп ұрысса да. Қазір оның ешбірі есімде жоқ.  Бастысы құрмет тұтамын. Еңбегіне бас иемін.  Әпкелік ақылы бір бөлек, әріптестік қолдауы бір бөлек.

«Қазақстан – Шымкент» телеарнасында 4 жыл қызмет етсем, осы уақыт мен үшін үлкен  сабақ болды.  Журналистикаға махаббатым  артып, сүйікті ісіме айналды.  Ұстазым тынымсыз еңбек етуге үйретті. Нәтижелі жұмыс қана жемісін беретініне көз жеткізді.  

Жадыра Мергенбаева «Қазақстан-Шымкент» телеарнасында талай жасқа тәрбие беріп, журналистикада өз стилін қалыптастыруға ықпал етті. Оның біраз шәкірттері республикалық арналарда еңбек етіп жүр.

Ол - сүйікті жар, ибалы келін, аяулы ана.  Қыз бойынан табылар кербездік те, тартымды қылық та осы кісінің бойынан табылады.  Ол осы саланың қыр-сырын үйретуден жалыққан емес.

Бүгін оның туған күні!  Астанадан айтар ақ тілегімді ұлттық арнаның  iblog.kaztrk.kz  сайты арқылы  жеткізуге бел будым.

Ұстазым!!! Жүрер жолыңыздың ұзақ, асар асуларыңыздың биік, көрер қызықтарыңыздың мол болуын тілеймін. Әрқашан мерейіңіз үстем, мәртебеңіз биік болсын! Еңбектің жемісі мен жеңісіне кенеліп, мақсат-мұратыңызға мүдірмей, армандарыңызға адаспай жетуіңізге тілектеспін!!! 

405