Естелік. «Бұл –біздің Татьяна Казахстанско-Полтавская»

Көп дүниенің байыбына жете бойлай бермейтін бала кезімде телеарнадан әртүрлі концерттік бағдарламаларды жібермей, ерекше қызығушылықпен қарап отыратыным есімде. Қолаң шашы тұла бойына келіскен орыс қызы қазақша ән шырқағанда бәрін ұмытып теледидар алдына қонжия кететінмін. Ол әншінің аты Татьяна. Сексенінші жылдарда сахнада қазақша сайраған үш Татьянаны көрермен әлі ұмыта қоймаған болар?! Үш Татьянаның арасындағы менің есімде ерекше қалғаны ұзын қолаң шаштысы. Өзім сол шырқаған әнінен бұрын бұрымына  ғашық болғанТатьянаның тегі Полтавская екенін кейін білдім.  Неге екенін білмеймін, мен есейген жылдары үш Тантьяна да көгілдір экраннан сирек көрсетілетін болды. Ал бүгінде әнші Татьяналардан мүлдем көз жазып қалдық. Сөйтсек, алмағайып тірліктің асау ағыстары оларды әр тарапқа әкетіпті. Тамам жұртты «Дудар-аймен» тамсантқан талдықорғандық Татьяна Полтавская Ресейге қоныс аударған екен...

 

Халықаралық жас журналистердің «Еуразия жүзігі» фестивалі 2006 жылдың мамыр айында Мәскеуде өтті. Фестивалдің ашылу салтанатынан кейін берілген кешкілік қонақасында жер жерден жиналған жас журналистер бір-бірімізбен жақынырақ танысып отырдық. Бір кезде жасыл көйлек киіп, қолаң шашын өріп алған көрікті орыс қызы біз отырған залға  кіріп келе жатты. Бала кезімде көрген бейтаныс бейне көзіме оттай басылды. Бүгінде Ресейде тұрып жатқан Татьяна қазақстанның Ресейдегі елшілігі ұйымдастыратын мұндай шараларға үнемі келіп қатысады екен.Туған жерін сағынып жүрген әпкеміз  бізді көргенде төркіні көшіп келгендей қуанды. Шерін тарқатып, сағынышын басып, бірге суретке түсіп, арқа-жарқа болып қалыстық. «Туған жерді ұмытқан жоқсыз ба?» деген сауалыма:

- Сендерді көріп қуанышым қойныма сыймай тұр. Бәрі есімде... Ешнәрсені ұмытқан емеспін. Қазақстандағы бақытты күндерімнің куәсіндей болған фотосуреттер мен өзіме қатысты құжаттарды және газет қиындыларын сақтап жүрмін. Аңсарым ауғанда, ақтарып қоямын. Арасында жылап алам... Әрқасысының тарихы бар... Жүрек құрғыр сыздайды. Шынымды айтсам, еркелеткен елімді сағынып жүрмін, дейді. Өзі қазақша сайрап тұр.

- Сағынышын жасыра алмай ағынан жарылған жерлесіміздің хал-жайын, Мәскеуге қоныс аудару себебін, туған елмен байланысын сұрап, бірінен кейін бірін сұрақтарды төпелетіп қойып жатырмын.

- Қазақстаннан Мәскеуге қоныс аударуыңызға не себеп болды?

- Дәм-тұз ғой тартқан. Онда Мәскеу ортақ Отанымыздың астанасы болатын. Бүкілодақтық өнертапқыштар бәйгесінде топ жарған күйеуімді осы жаққа жұмысқа шақырды. Пәтерді де бірден берді. Мәскеулік атануымыздың мән-жайы осылай болды.

- Қазақстанмен, қазақстандықтармен хабар алысып, байланысып тұрасыз ба?

- Кейінгі кездері Қазақстанның Ресейдегі елшілігімен тығыз байланыс орнатып, түрлі мәдени шараларға атсалысып жүрмін. Мәскеу қазақтарының ұйымдастыратын мерекелік концерттерінен қалмайтын болдым. Бірде көрнекті ақынымыз Олжас Сүлейменовтың шығармашылық кешіне қатыстым. Сонда Олжас Омарұлы жиналған жұрттың алдында «Бұл – біздің Татьяна Казахстанско-Полтавская ғой» деп әдемі әзілмен мәртебемді бір көтеріп тастады. Сондай-ақ Кеңес одағының батыры Әлия Молдағұлованың 80 жылдығына арналған кеште, белгілі киноактриса, жерлесіміз Наталья Арынбасарованың мерейтойында ән шырқадым. Өткенде Бибігүл Төлегенова апамызбен кездесіп, өткен-кеткенді айтысып, мәз-мәйрам болып қалдық.

Қазақстандағы ағайындармен, жақын жолдастармен хабарымыз үзілген жоқ. Олар Мәскеуге келсе, маған соқпай кетпейді. Сосын, етке тойып алып, қазақша ән шырқаймыз.

 - Қазіргі қал-жағдайыңыз қалай?

- Үлкен қаланың үрдістеріне үйрену, әрине, оңай болған жоқ. Әртүрлі қиындықтарды бастан өткердік. Бәрін қайтадан бастауымы тура келді. Ешкімнің алдында бұрынғы жетістіктерімді бұлдап жатпадым. Бүгінде Мәскеудегі № 8 Университеттік педколледжде директордың тәрбие жөніндегі орынбасары болып қызмет істеймін.

- Өздеріңіздің өнердегі ұстаздарыңызбен әріптестеріңіз жайлы не айтасыз? Оларды ұмытқан жоқсыз ба?

 - Оларды естен шығарсам, менің кім болғаным? Мектеп оқушыларының әлдебір фестивальінде байқап қалып, өзі ректоры болып отырған Ілияс Жансүгіров атындағы педагогика институтының музфагына оқуға түсірген Мырзатай Жолдасбеков ағаның алдында мәңгі борыштармын. Вокалдан сабақ берген Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі Ғалым Сүлейменовты «Жетісу» ән-би ансамблінің көркемдік жетекшісі Ақсұлу Манасбаеваны, сахнада бірге жүріп, біте қайнасқан Гүлмайдан Сүндетованы қалай ұмытарсың? Бұл тізімді жалғастыра берсем, тап қазір тауыса алмасым анық...

 - Әлі күнге дейін қазақша сайрап тұрсыз ғой...

 - Оған таңданбаңыз. Осылай болуға тиіс. Жаркенттей жазиралы мекенде тусам, қаршадайымнан қалың қазақ пен ұйғырдың ортасында өссем, ең бастысы, әкем Дмитрий Данилович пен анам Елена Семеновна жергілікті халықтың тілі мен әдет-ғұрыптарына жетік адамдар болса, олардан үлгі-өнеге алған маған не көрініпті? Бала күнімізде талай көршілеріміздің киізін басысып, кілемін тоқысуға көмектестік. Панфилов қаласындағы №57 орта мектепте бірге оқыған Әшімова Света, Мәметова Әсия секілді достарымның үй-іштерімен араласа жүріп, лағман созуды да, тандыр нан жабуды да қапысыз меңгердім. Мақтанғаным емес, Мәскеуде тұрсам да, дүкеннен макарон сатып алған жан емеспін. Үйдегілер де қолдың кеспесіне әбден үйреніп алған. Несін айтайын, көкірек толған – сағыныш. Сәтін салса, кіндік кесіп, кір жуған еліме барып қайту ойымда бар.

- Лайым тілегіңізге жетіңіз. Өзіңізді осында кездестіріп, жақын туысымды көргендей әсерде болдым. Қазақстандағы туыстарыңыз алыста жүрген бір қызының амандығын тілейді. Аман сау кездесуге жазсын! Сағынышқа толы әңгімеңіз үшін рахмет!

- Мені ұмытпай тани қойған саған да көп рахмет! Дәйім амандықпен жүздесейік.

                                                                                                                   Мәскеу 2006 жыл

342