Еріккеннің сандырағы немесе əлеуметтік желінің зардабы

Бұрынғының адамдары не деген бақытты еді. Қазір емін-еркін жүру жоқ. Ел-жұртты смартфон, əлеуметтік желі билеген заман. Тойға барсаң, сөйлеуге де, билеуге де қорқасың... Бəлкім мен үшін менің биім Майкл Джексонның өзін жылататындай мінсіз-ақ болар, бірақ жұртқа күлкілі көрінуі мүмкін. Күлкі демекші, тіпті қазір күлуге де қорқасың. Сенің күлкің өзің үшін қоңыраудың сыңғырындай естілгенімен, біреу үшін түбі түскен шелектің даңғырындай болуы да ықтимал. Етегің біреуге тым ұзын көрінуі мүмкін, біреуге тым қысқа көрінуі мүмкін. Біреуге басыңа орамал таққаның ұнамауы мүмкін, біреуге тақия кигенің ұнамауы мүмкін. Біреуге ішсең - ұнамайсың, біреуге ішпесең - ұнамайсың. Айналып кетейін, тұқымың жайылғыр, асабалар ортаға сүйреп шығарып, ойнатады жұртты. Ол жұрт намысқа тырысады. Қалған жұрт күлкіге қарық болады. Оның бəрі сол жерде қалса жақсы ғой... Ертеңіне əлеуметтік желінің жұлдызына айналады ол қазақ. Көпке топырақ шашпайын, дегенмен қазір кей асабалар жаға ұстатады. Əкесіндей адамға "əй, сен" деп əкіреңдейді, шешесіндей адамға қыздай қылжақтасады. Үлкен кісілерге түйеден түскендей "кемпір, шал" деп сөйлейді. Құрдасындай қисық əзілге қосатынын қайтерсің, өзі дүниенің бір бұрышын ұстап тұрғандай... Бірді айтып, бірге кеттім-ау))) Өткенде бір тойға бардық. Айналып кетейін, асаба жігіт отырған орнымнан сүйреп тұрғызып, қарсылығыма қарамастан, ортаға шығарды. Басқа столда отырған қайнағамды да орнынан тұрғызды. Содан екеумізді залдың екі бұрышына тұрғызды. Мынау не істегелі жүр? - деп ойлап қоямын. Құдай бере салғанның үдесінің жеткен жері: Қазір екеуіңіз үндінің ғашықтар биін билейсіздер. Жүгіріп келіп ол сізді бетіңізден сүйіп, құшақтап, айналдырады. Сосын екеуіңіз қол ұстасып, залдың ортасына барасыздар да, бірге билейсіздер! - дейді ғой. Қай бетімді шымшиын?! ... Ойбай-ау, қайнағамды құшақтамақ түгілі, қолымнан ұстатқан емеспін! Ол ҚАЙНАҒА ғой! Қайдағы ҒАШЫҚТЫҚ? Туған-туыс, бала-шаға жүр, одан не тəрбие, не үлгі? Бас тарттым! Сөөөйтсееем... Асабаны қойып, жиналған жұрт маған сөйлесін: онда не тұр, ойын ғой!, - деп. Көнбей қойдым. Айналайын, ағайын! Тəрбие талбесіктен! Ұяда не көрсе, ұшқанда соны іледі! Сіз ортаға бейімделмеңіз! Ортаға үлгі болыңыз! Біреуге қарап, біреу бой түзейді. Біреуді сынамай, өзіңізден бастаңыз! Бəлкім, сіз сүрінгенге күлгенде, өзіңіздің жығылып жатқаныңызды байқамай қалған шығарсыз?! ...
Liked
424