Бетіңізге пластикалық операция жасаттыңыз ба?

...Сұқбат аяқталды. Абай Байгенжин еліміздегі медицинаның дамуы туралы тоқтамай бір сағат айтып берді. Әрине, оның бәрін 6-7 минуттық сюжетке сыйдыру мүмкін емес еді. Асықпай, әр сөзін ойланып, байыптап айтады. Негізі Көкшетау жақтың тумасымын, бірақ кішкентай кезімнен Алматыда өстім дейді. Өткен ғасырдың 50 жылдарындағы жағдай белгілі, қалада қазақ мектебі жоқ. Бірақ әкесі Қабатай қазақ  газеттері мен журналдарын дауыстатып оқытатын. Онысы тілін ұмытпасын дегені болар. Есесіне қазір екі тілде, қажет десеңіз ағылшынша да сұқбатты еркін береді. Әйелдік әуестігім жеңіп, батылым барып, өзімді сұқбаттың басынан мазалап отырған сұрағымды қойдым:

Мен: Аға, шыныңызды айтыңызшы, бетіңізге пластикалық операция жасаттыңыз ба? Не дегенмен бүкіл орталық қолыңызда. Қажет десеңіз бүйрек-бауырыңызды да ауыстырып ала аласыз?

Жымиып күлді. Оны сұраған себебім, Абай Қабатайұлы 2017 жылы 70 ке толады. Бетінде бір де бір әжім жоқ. Тіпті жас адамдай үлбіреп тұр. Бір көрген адам ұзаса 50-ге таяп қалды деп ойлары хақ.

Абай Байгенжин: Мен ештеңе жасатқан емеспін. Мұның бәрі адамның геніне және күнделікті режиміне байланысты. Таңғы 6 да тұрамын, міндетті түрде 20 минут гимнастика жасаймын. Сосын 1 литрдей су ішемін.

Мен: Суға байланысты тағы бір сұрағым бар. Сұқбат басталғанда Сіз маған «Тассай» құйдырдыңыз, ал өзіңіз бір құпия құмырадан су алдырдыңыз. Мүмкін Сіз басқа бір су ішерсіз? (Расымен де солай болған. Маған бермей қойды ол суды)

Абай Байгенжин: Ол кәдімгі кранның суы. Не дегенмен онда адам ағзасына қажет минералдар бар. Ал мына фильтрленген, тазартылған бөтелкедегі судың құрамында ештеңе жоқ. «Өлі су» деп айтуға болады. Таңғы асқа дейін тағы бір литр су ішіп аламын. 8 де жиналыс өткізіп, содан кейін ғана тамақ ішемін. Негізі аз-аздан бөліп ішуге тырысамын.

 

Бар құпиясы осы екен. Адам организміне көп су керек екенін, оның нормасын бәріміз білеміз. Бірақ  біз өте жалқаумыз ғой. Бір күн ішсек, ертеңінде түрлі сылтау ойлап тауып, өзімізді ақтап аламыз. Және жақсы әдетті ешқашан дағдыға айналдырмаймыз. Соның бірі, әрине, өзіммін.

Абай аға аптасына бір рет атқа мініп серуендеп тұрады. Қала сыртында асыл тұқымды 2-3 жылқысы бар екен. Атқа мінсең көңілің сергиді, әрі ерлер арасында кездесетін түрлі ауруға  шипа. Отбасын да сұрадық. Екі қызы бар. Бірі медицина саласында жұмыс істесе, бірі қаржыгер. Кіші қызы шетелде тұрады. Сұқбат барысында шәкірттері туралы да көп айтты. Қазақ балалары хирургияның тілін тез меңгерді дейді. Бұл генде бар дүние, өйткені, қазақ мал соя алады. Демек пышақ ұстауды біледі. (Адамды мал деп тұрған жоқ, тек қол ептілігін мысалға келтірді) Кеңес үкіметі кезінде бізді, қазақтарды операцияға жібермейтін деп еске алды. Өзі хирург, оның ішінде ұзақ жыл өкпе хирургы болған. «Кезінде операция жасау үшін 20 см кесетінбіз немесе  төсті 2 ге бөлеміз немесе бір қабырғаны алып тастап, 2 қабырға арасынан 20-25 см кесетінбіз. Қазіргі технология кеспей тек қана 3 тесік жасайсың, соның арқасында өкпенің өзін алып тастауға болады. Бұл эндоскопиялық әдіс. Қазір соқырішек, өт, әйелдер аурулары тағы да басқа операциялардың барлығы қазір эндоскопиялық, лапороскопиялық әдіспен жасалады. Соның арқасында қазір операциядан кейін травма аз, тез сауығып шығады. Көп дәрі-дәрмек пайдаланбайды». Дәрігердің бір қынжылатыны, қазақтардың ауруын әбден асқындырып бір-ақ келетіні. Әсіресе қазір онкологиялық ауру көп. Сондықтан организмде қандай да бір өзгеріс, жайсыздық болса бірден «аттандап» дәрігерге бару керек.

Абай ағаның әңгімесін сағаттап тыңдауға болады. Бірақ бас дәрігердің әр минуты санаулы. Бізбен жылы қоштасты. Жүріңдер, суретке түсейік деді. Айтқандай, былтыр дәл осы ауруханада мамам қалқанша безіне (зобқа) күрделі операция жасатты. Жақсы дәрігер іздегенде осы аурумен бетпе-бет келгендер түрлі кеңес берген.  Ол деген ең маңызды орган, бір миллиметр қисық кетсе, мүлде дауыстан айырылады , Қазақстанда ондай операция ешкім жасай алмайды деп қорқытқан. Қытай, Кореяны да интернеттен қарап шықтым. Бағалары сұмдық енді. Не болса да бір Аллаға тапсырып, осы ауруханаға келдік. Әрі квота арқылы тегін жасаттық. Ауылдың «жұлдыз» дәрігерлерінен зәрезап болған мамам қатты таң қалып еді, дәрігерінен бастап санитаркаларына дейін жүгіріп жүреді, Астананың аты Астана екен деп. Міне солай... ол кезде Абай ағаны танымайтынмын. Осы жолы таныстықтан соң, мұндай зиялы, білімді адам басқарған жерде тек сапалы  қызмет көрсетілетініне көзім жетті.

 

 

461