МЕН СОЛ КЕЗДЕ АШТЫҚҚА НЕГЕ БАРДЫМ?.. н е м е с е 1991 жылғы қыркүйек оқиғасы туралы үзік сыр

Біз ол кезде жасындай жарқыраған жігіт едік. Жасымыз жиырма екіде. Екі жыл кеңес әскерінде болып, он бес одақтас республиканың небір мықтылары жиналған ортада шыңдалып, ешкімге есе жібермей еңселі ер болып жүрген бұла шағымыз. Мен студент болатынмын. Пушкин атындағы көркем сурет және графика факультетінің екінші курсын әскерден кейін жалғап жатқан кезім. Бұл 1990-91 жылдар шені. Қоғамда болып жатқан саяси оқиғаларға барынша көзіміз жіті, құлағымыз түрік жүретін. «Қазақ тілі» қоғамының жұмысына белсене араластық. Ақындық желдің екпінімен бас ғимараттағы жиналыстар мен түрлі мәдени шаралардан қалып қоймауға тырысатынбыз. Сөйтіп жүрген күндердің бір күнінде 1991 жылдың ызғарлы қыркүйегі де келіп жетті. Оралды дүрілдеткен, мұқым қазақ даласын дүбірлеткен үрейге толы үш күн... үш жыл, жоға одан да көп уақыттың өлшеміндей ұлт намысын жанып жатты... БҚО-ны, Оралды, оның мұнайлы, шұрайлы жерлерін тұтасымен Ресейге қосып алуды көздеген сепаратистік ұйымдар, шовонистік пиғылдар ашықтан-ашық бой көтеріп, Орал көшелерінде рұқсатсыз митингілер көрік отындай қызып, шоқтанып тұрған тұс.

            Алла-Тағаланың арқасында, халқымыздың ар-намысы мен асқан ұйымшыл, бірауыздығының нәтижесінде жан-жақтан төнген империялық арам пиғылдарға тойтарыс беріп, қатердің бетін алдық. Сөйтіп 1991 жылдың қыркүйек оқиғасы қазақ ұлтының жеңісімен қортындыланды.  Ал сол ызғарлы қыркүйектен соң одан бетер суық қазан айы келді. Үкімет, елбасы бәрінен хабардар болғанмен тым-тырыс шақ. Біз, сол кезгі «Азат» демократиялық қозғалысының мүшелері анық аңғардық, орыс-казактан топ жиып, баяғы патша заманын көксегендер мұнымен тиылмайды, олар жеңілістерін мойындамай келесі жылы қайтып соғады, күш жинап кері оралады, міне, сол күнді болдырмас үшін біз осы бастан мықтылық танытып, бұның алдын-ала жолын заңды түрде кесіп тастауымыз керек! Ол үшін президенттің, үкіметтің, депутаттардың назарын болған іске, күреске аударуымыз қажет болды. Осы мақсатта Алматыда ақын Айсұлу Қадырбаева апамыз аштыққа отырды. Оны қолдау үшін нақ оқиға болған Оралдың өзінде де сондай саяси акцияны қолға алу қажеттігі туды.  Оралдың «Форум» деп аталатын ғимаратына «азаттықтар» жиналып, саяси аштық акциясына кім дайын, осыған өз ықтиярымен жанын қиып кім барады деген өткір сұраққа жауап іздедік... Мен ешқандай ойланып жатпадым, «Ағалар, мен дайынмын!» дедім. Бәрі елең ете қалды. Күнде көріп жүрген азаматтар бәрі де. Бірақ сол сәттегі олардың көзқарасында мен басқа адам болып бара жатқанымды сезгенім жоқ, оны артынан, бүгін десем болар анық сездім... уақыт төреші түсінідірді.

     «Голодо́вка — сознательный отказ от принятия пищи в знак протеста с целью вызвать у окружающих чувство вины за происходящее.» деп көрсетіпті интернетте.  Аштық туралы (ашаршылық емес, саналы түрдегі күрестің бір тәсілі аштық туралы) Бұл саяси наразылық шарасына амалы таусылғанда барады. Біраз тарихи оқиғалар болған. Үнді елінде сонау ертеде аштыққа барған күрескерлер болыпты. Бірақ олардың талабы әр қалай... Ал 1974 және 1984 жылдары әйгілі орыс физигі, қоғам қайраткері А.Д. Сахаровтың бірнеше рет аштыққа отырғанын білеміз.  Бірақ кеңес үкіметінің күші оны көшеден ұстап алып, ауруханаға салып, күштеп тамақтандырған екен. Жалпы адам баласы 100 күнге тарта, одан да көп уақытқа аштыққа шыдағаны жайлы дерек бар, олардың көбі түрмеде отырғандармен байланысты. Және оларды да күштеп тамақтандыру болған, бірақ ұзақ мерзім әлсіреген ағза кешікпей өмір сүруін тоқтатқан, аштық жариялаушылар өліп кеткен екен.  

Орал қыркүйек оқиғасының жылнамасын тізген ақтөбелік дәрігер, «Азат» қозғалысының мүшесі болған, қыркүйек оқиғасына қатысқан, осы қақында бірнеше мақала мен кітаптардың авторы Нұрлыбай Сисенбаев өз жазбасында былай келтіріпті.

«1991 жылы 14 қазанда Алматы қаласында Айсұлу Қадырбаева Қазақ жерінің аумақтық тұтастығына қол сұғып, жер даулаған орыс - казактарының сепараттық әрекеттері қылмыс ретінде тергеліп, оған саяси баға беруді талап етіп аштыққа отырды. Аштыққа Оралдық М.Балмолдин, Қ.Ибатов және Жамбылдық М.Нүсіпова мен Қ.Кәрібаева қосылды. Саяси аштық 11 күнге созылды.»

Сонымен екі жігіт «құрғақ аштыққа» ешқандай да даярлықсыз отыратын болдық.  «Құрғақ аштық» деген түк те нәр татпау, тамақ пен судан мүлдем бас тарту, және оған бірден дайындықсыз бас қойып кету болса керек деп ұқтым. Себебі біздің сол кездегі жағдайымыз солай болды.  Аштық жариялау дегеніңіз өз еркіңмен өлімге бас тігу, біртіндеп, асықпай келетін азапқа көну, соған шыдау екен.  Қазанның қақаған суығындак көк асфальттың үстінде қаудырлақ шүберек палатка асытнда жұқа киіммен жату, бір емес бірнеше күн мен түн...және осы ісімізді айыптап, балағаттаған сөздерді тыңдап, ала таңмен иттерін серуендеткен болып қасымызға таяп кеп абалап, айқайлап кететіндерге төзу...бәрі-бәрі қаншалықты ауыр екендігін еске түсірудің өзі қиын... Ауылда ұлым студент, оқуда деп ауру әкең мен шешең, бауырларың қалды, ал сен болсаң оқуыңды тастап, басыңды өлімге тігіп жатысың мынау...  Айтпақшы, «үш әріптен» сияқты, облыстан менің ауылыма арнайы көлікпен екі адам барыпты. Мектепте істейтін аға-жеңгемнің тамырын басып байқаған. Үйдегі науқас әкеме: «баласы алаңда аштықта жатыр, қайтарып алсын, денсаулығын құртады, оқудан қуылады, баласын аямайды ма?» дегендей әсер тепекші болған екен, марқұм әкем: «Ол тісі шыққан бала, өзі біледі, мен оған батамды бергенмін!» деп шорт қайырыпты. Сөйтіп, облыстан барушылардың бұл әрекетінен ештеңе шықпады. Әкем де ұлының не үшін бұндай әрекетек барғанын ұққан ғой шамасы! Қайран, әкем... Иә, бұл саяси аштық акциясы, бұл осындай күрес, жанайқайын жоғарыға жеткізудің бір жолы!.. Жоғарыдан ешқандай жауап болмаса, ажал шақыратын амал... Басқаша амалы қалмағасын амалсыздан барған соңғы қадам...  Міне, «Форум» ғимаратында бізбен бірге болған ағалардың сондағы көңіл-күйін мен арада 25 жыл өткенде түсіне бастағандаймын... Сол кезде олардың көбінің бала-шағасы бар, жақсы қызметтері бар, ғылым жолына ұмтылғандары да отыр.  Әрине, екібастан денсаулықтарын да ойлайды. Ал біз мұның бірін де ойлаған жоқпыз. Өйткені, мұның бірі де бізде болған жоқ қой. Біз жай арманшыл, ештеңеден қорықпайтын нағыз жігіт едік! Мәселен, желтоқсан құрбаны Қайрат та, сұм соғыста опат болған Мәншүк те, «Абылайлап» қалмақ батырының басын шапқан Әбілмансұр да қазақтың көптеген батырлары небәрі 18-25 жас аралығында нағыз ерлікке еш ойланбастан барған екен. Әсіресе, 18-22 жас арасында адам баласы отпен, жанартаумен тең күштің иесі! Осы аралықта әскерге де алады, отқа да, суға да салады, бәрін рухтың күшімен оңай көтеріп жүре бересің. Ал есейе келе, бала-шағалы болғанда, өмірден белгілі орның қалыптасқанда ондай ерлікке бару екінің бірінің қолынан келмейді. Бірақ өз басым қазір де айта аламын, Құдайым ондай күннің бетін әрмен етсін, алда-жалда менің өмірімді қажет қылатын ел мен жерге, дін мен діліме қатысты күн туса, аштығына да басқасына да саналы түрде бара аламын! Ер Махамбет бабамыздың «Батыр болмақ ойданды» деуінің асыл астарын ұққандағы шығарған, өз басыммен өткерген өмір жолымның сабағынан алған қасиетім осындай. Қайрат Рысқұлбеков алаңға қаракөз қарындасты құтқармаққа барды.  Ал қарындас деген асылзат, ұғым қазақ үшін ел мен жермен бірдей қасиет қой! Біз де 1991 жылы алаңға шыққанда, жер үшін, Орал үшін, Жайық атырабы үшін, қазақтың мұнайлы даласы үшін жан қиюға барғанда көз алдымызда қарындастың қамы, ары, жаны тұрғаны кәміл. Бұл бір-бірімен етене байланысты дүниелер. Және мен сізге айтайын, оны бүгін өтірік деп те ойларсыз, ойдан шығарып отыр деп, жоқ, бұл шындық, менің тағдырымның, жүрегімнің шындығы, сол аштыққа жатқан күндердің суық түндері, таңсәрісінде бір түсті екі-үш қайтара көргенім бар. Қазақтың әлдебір сарбаздары шынжырлаулы тұр, өздері аш-жалаңаш, үсті-бастары қан... Бәрі де еңгезердей алыптар. Улап-шулаған ит пен қарулы күштің даусы жаңғырады. Осы түсімді марқұм тарихшы Исатай Кенжәлиев атама, тағы да басқа тарихшыларға айтқанымда, біз жатқан жердің, қазіргі Сырым батыр ескерткіші тұрған (1991 жылы Ленин ескерткіші тұрған)  тұста кезінде Тастөбе шайқасында қолға түскен Исатай мен Махамбет бастаған қазақ сарбаздарын  патшаның жазалаушы әскері дүре соғып, азаптап, итжеккенге айдаған екен. Маған, Тәңірдің жазуымен сол батыр бабалар бейнесі енген болып тұр ғой!.. Қызық та ғажап, тылсым дүние... Саяси аштықтан денсаулығымызға нұқсан келмеді демеймін, келді, созылмалы дертті де жамадық, оны қойшы, ең бастысы біз сол кезде елі, жері үшін негше болса да тұра алатын қазақ бар екенін көрсеттік деп білемін. Бұл үшін мақтанбаймын. Аллаға ғана сиынып, жай айтамын, шүкіршілікпен. Біздің жастығымыздың бір кезеңі осылай өтіп еді десем, бүгін ол да аңызға айналып бара жатқандай...

Сонымен биыл тәуелсіздігімізге 25 жыл, ширек ғасыр толуда. 1991 жылғы қыркүйек, Орал оқиғасына да 25 жыл, демек тәуелсіздік үшін болған 300-ден астам ұлт-азаттық көтерілісінің соңын ала біздің де күресіміз, жанқиярлық әрекетіміз болғаны... Мұны мен мақтанышпен, атым атала қалсын деген ой-мақсатпен айтудан аулақпын. Бар болғаны басымыздан оысндай күндердің өткенін білдіру, ар-намыс пен рухтың салмағын және бір сезіну, сезіндіру еді... Бәлкім, уақыт тапсам, бұл тұрғыдағы ойымды жалғастырармын.  Иә, ерлікті біз жасағанымыз жоқ, халық жасады. Көптеген үзеңгілестерімнің аты-жөнін атап жатпадым, олар кітаптар мен осыған шейінгі мақалаларда жазылғантұғын. Менікі жай бір естелік.  Мархаббат.

Мұнайдар Балмолда

09. 08. 2016 жыл.

Liked
421