«Ару-Ғұмыр» - арулар әні

Әнін жазған Бағлан Бәбіжан:

 -Әннің тууы бір құбылыс. Оны жаратқанның бізге берген сыйы деп айтсақ та болады. Себебі, көңіл жабырқағанда немесе өмірдің небір қиын сұрақтарына жауап таппағанда да әннен жұбаныш табатынымыз бар ғой...

Әсте, кез-келген сазгер балалық шағында «мен композитор боламын» деп ойламайды. Сол сияқты менің де сазгер боламын деген ой қаперіме келмеген. Бала кезімде сазды әндерге қатты қызығатынмын. Сөйтіп, ауыл арасында ән айтып жүрдім. Кейіннен Алматыдағы Құрманғазы атындағы Қазақ Ұлттық консерваториясына оқуға түстім. Мұнда белгілі әнші Бекболат Түлеуханнан сабақ алып, дәстүрлі ән мектебін меңгеріп шықтым. Осы оқу орнында "композиция" факультеті болса да, ол кездегі мақсат, бағдарым басқа болғандықтан оған онша қызыққан жоқпын. Бірақ ән кафедрасында оқып жүргенде, бізде «этносольфеджио» деген пән өтетін. Осы сабақ маған қатты ұнаушы еді. Себебі онда біз, әндердің құрылысын талдап, өзіміз де ән шығаруға машықтанатынбыз. Кез-келген сөзге ән шығарып әкеліп, ұстаздарымызға, группаластарымызға сынататынбыз. Менің алғашқы әндерім сол кезде туды. Содан кейін өзіме ұнаған сөздерге ән жазатын болдым. Кейіннен құлағыма бірінші ән келіп, содан кейін оған лайықты сөздер іздеп тауып немесе ақындарға арнайы жаздыратын болдым. Сондай әндердің бірі Қарақат Әбілдна мен Мәдина Сәдуақасова орындап жүрген «Ал, құрбым».Сөзін Несіпбек Айтов ағамыз жазған.

     Ал «Ару-ғұмыр» әнінің шығуы өзіме де қызық болды. 2004 жылы тамыз айында әнші Бағдат Сәмединованың концертімен Семей  өңірін араладық. Бұл әрі концерт, әрі демалыс болды. Концерттердің бірінен кейін Бағдат апай: «Осы бізде әйелдер туралы өздері айтатын ән жоқ екен ғой» деді. Ойды ой қозғайды демекші, бұл туралы мен қатты ойланып қалдым. Шынымен де қазаққа мұндай ән керек-ақ деп ойладым. Сол сапардан оралған соң жұмысқа жаңа күш-жігеріммен кірістім. Қыркүйектің басындағы жылы күндердің бірінде үйден жұмысқа жеткенше осы әнді ыңылдап айтып келдім. Бір қызығы ән тұтасымен бір-ақ келді. Жұмысқа келе сала, өзім радиода істейтін болған соң, әнді бірден дыбыс жазатын студияға жазып алдым. Сосын қызметтес құрбым, жас ақын Нәзира Бердалыға көрсеттім. Нәзираның баспасөз беттерінде шығып жүрген өлеңдері қатты ұнайтын. Араға көп уақыт салмай Нәзира әнге құйып қойғандай етіп сөзін жазып алып келді. Сол жылдың күзінде әнді Қарақатқа ұсынып көрдік. Ол әнді бірден ұнатып, 2005 жылдың наурыз айында «Ән мен Әнші» концертінде алғаш орындап шықты. Ән өңделіп болған соң Қарақат Нәзирамен келісіп, әннің атын өзгерттік. Тыңдаушылар әнді бірден ұнатып қабылдаған сияқты. Мінекей, «Ару-ғұмыр» әнінің шығу тарихы осындай.

- Бұл әннен кейін тағы қандай әуендер дүниеге келді?

- Дәл қазір ән қоржынымда бірнеше ән бар. Солардың бірі Иран Ғайыптың сөзіне жазылған «Тілеп-сұрадым» деген ән. Бірақ бұл сазды әуеннің орындаушысы әлі белгісіз. Әннің сәтті шығуы үшін тың тақырыптар іздеймін. Сүйдім, күйдім, сағындым – тақырыбы ән әлемінде әбден жауыр болды. Сондықтан да шынайы өмірден алынған пәлсапалық ой толғайтын тақырыпқа әуен жазуға ден қойып жүрмін. «Аламан» тобы орындап жүрген «Бағалайық бақытты» әні де халық арасына кең тарап кетті. Осындай ырғақтағы әндерді жазу ойымда бар. Сонымен қатар Қарақаттың орындауына ұсынатын тың тақырыптаға тағы бір әсем әуен жазсам деген жоспарымда бар. Соңғы кезде Тахмина Әшімбекова, Роза Әлқожа, Ақбота Керімбекова, «Тарлан» тобының әншілері тарапынан ән жазып бер деген ұсыныстар болды. Болашақта жас әншілердің сұранысын жерге тастамай, ән жазу жұмысын жалғастыра беремін деп ойлаймын.

Ару-ғұмыр

         Сөзін жазған Нәзира Бердалы

Адалдығы болмаса аңсатар ма?

Ару деген әдемі әрқашанда,

«Өмір» атты іздеген ән-сапарда

Бақыт.

Әр таң оған ерекше күліп келген,

Әр көктемнен ерекше үміттенген.

Зулайтынын осылай біліп пе едім

Уақыт?

Кеше ғана бәйшешек гүлдей едім,

Күнге қарап көктемде күлген едім,

Дәл осылай боларын білген едім

Бір күн.

Жайқалады гүлзары көңілімнің,

Мен қазақтың қызымын, келінімін,

Мен елімнің, ертеңгі сенімімін

Мүмкін.

Жаңаша боп туады жанған күнім,

Аспанында арманның самғап жүрмін,

Ақ некелі жарыма арнаулымын

Мәңгі.

Жарық қылам Жер бетін нұр-сәулемен,

Қырық шырақтан құралған құрсау денем,

Бесігімді тербетем шырқауменен

Әнді.

Мен әйелмін, әлемнің анасымын,

Үміт жеңген кей кезде жан ашуын,

Күлкісі – күн, тәні – нұр, санасы – мұң

Менмін...

Нәзікпін мен, сол үшін айыптымын,

Ғажап түске боядым ғайып түнін

Не десең де, бақытқа лайықтымын,

Сенгін...

Әнді орындайтын Қарақат Әбілдина:

- Әнді Бағлан ең алғаш маған әкеп тыңдатқанда-ақ бірден көңілімнен шықты. Менің репертуарыма сұранып тұрған ән секілді боп көрінді. Өйткені менің репертуарымда осыған ұқсас әндер бұрын болмаған-ды. Сазы мен сөзі бір-бірімен үйлесім тапқан әнді бір тыңдағанннан-ақ, «бұл әнді мен орындауым керек»  деп шештім. Өйткені әннің сөздеріне мән беріп қарасам, өз өмірім туралы айтылып жатқандай болды. «Мен әйелмін...» деп басталатын сөздер жиі қайталанатындықтан, әннің сөзін жазған Нәзирамен келісі отырып, «Кеше ғана бәйшешек гүлдей едім...» - деген шумақтарына өзімнің қалауым бойынша аздап өзгертулер енгіздік. Әнді бастан аяқ тыңдап шыққанда менің бала күнімнен бастап, осы күнге дейінгі өмірім көз алдыма бейнеленіп келіп жатты. Мен бұл әнді өз өміріме арнап тапсырыспен жаздырып алғандай әсерде болдым. Мұндағы «Мен әйелмін», «Мен анамын» деген сөздер қайсібір әйел затына болмасын үлкен қанат бітіретіндей. Шын жүректен жарып шыққан әуезді ән қалың жұртшылықты да тебірентпей қоймайды. Ән сахнада бір орындалғаннан-ақ әнсүйер қауымның көңілінен шықты. Меніңше бұл менің репертуарымдағы сәтті таңдап алынған ән. Әннің сөзін жазған талантты ақын қызымыз Нәзирамен де Бағланмен де тығыз шығармашылық байланыстамын. Кейде көңілден шыққан әнді жаздырту барысында сөздерінің дұрыс-бұрыстығы жөнінде Нәзирамен ақылдасып отыратын кездерім бар.

Liked
462