Атамның қызымын❤️

Былдырлап тілім шыққандағы алғашқы сөзім – Ата болыпты. Бұл кездейсоқтық емес шығар, өмірімде жаныма ең жақын адам – марқұм Дәмен атам болып қала бермек. Өзі бақилық болғанымен, әруағы мені желеп-жебеп, қолдап-қоршап жүретінін сеземін. Мені ерекше жақсы көруші еді. Атамның қызы болдым. Ес білгелі атам мен апамның ортасында жатушы едім. Ауырсам, түнімен ұйықтамай жанымда күзететін, әр кеште ерекше, бір-біріне ұқсамайтын, қызықты әрі мағыналы ертегілер айтып беретін. Қонаққа барса, міндетті түрде өздерімен ертіп алатын. Ең әдемі көйлек кидіріп, шашымды тастай қылып өріп, әдемі өлең немесе ән жаттататын. Сосын барған жердің «гүлі» мен болам, олар мақтанып, масаттанып отыратын. Атам міндетті түрде көзіне жас алады. Жалпы, жүрегі жұмсақ адам еді. Жамандық дегеннің не екенін білмейтінге ұқсайтын. Балаларын да солай тәрбиелеген, жамандықты сырттан көріп үлгереді, үйде тек жақсылық көрсін деген принципті ұстанған. Бір қабақ шытқанын, ер азамат болып бейәдеп сөз айтқанын, апама немесе балаларына жекіп ұрысқанын көрген емеспін. Немерелеріне тіпті жүрегі езіліп тұратын. Шыбынға да зияны жоқ деген сөз атам туралы айтылған ба деймін. Өзі сондай сымбатты, бойы екі метрге жуық, қара-торының әдемісі еді. Басына қысы-жазы сәнді шляпа киіп жүретін. Қолы ашық, жомарт жан еді. Қолынан келіп тұрса, ешкімнің қолын қайтармайтын. Қалтасында үнемі маған деген тәттілері әзір тұратын. Атам туралы жүз кітап жазсам да, бар жақсылығын жазып тауыса алмаспын, сондықтан ойымды бір ауыз сөзбен түйіндесем, мен бақытты немеремін! Нағыз өнегелі, ақсақал атына лайық азаматтың немересімін. Әттең, жақсы адамдар ұзақ өмір сүрмейді, атам артында өшпес із қалдырып, бақилық болды. Мәңгілік сағынышыма айналды. Ал апам қазір ортамызда, әлі де өнегелі істері мен шексіз мейіріміне бөлеп жүр біздерді.

331