КӨЛЕҢКЕ

Діни, пәни пәлсәпаны қозғамай жай сау ақылға салып өз-өзіме сауал қойдым ғой.
- Алла-Тағала бар дейсің? Қане, болса көрсетші...
- Сұрағыңның түріне болайын. Тым батылсың ғой өзі. Мен көрсетер едім, сен бірақ оны көре алмайсың. Себебі маңдайыңдағы қос тесік оны көруге жарамайды. Сондықтан мен саған оның бар екенін сенің мыйың алатындай дәлелмен түсіндіріп берейін. Болады ма?
- Болады. Ал дәлелде...
- Міне, біз, яғни екеуміз біртұтаспыз ғой. Негізі бір адамбыз, иә, бірақ сен менен бөлініп, сұрақ қоюшыға айналдың да мен өз орнымда қалып Мұнайдар болып тұрмын. Сен де оның бөлшегісің. Алайда сен менен гөрі күдікшілсің, содан көбіне-көп менен бөлектенгің кеп тұрады. Оны жаңағы сауалыңнан-ақ байқатып тұрсың. Сонымен, сені мен мен біргеміз негізінде, әрі бөлекпіз... Сол сықылды біздің, яғни бұл Мұнайдардың көлеңкесі бар, иә ма?..
- Иә, бар... бірақ қазір күн бұлтты ғой...
- Бола берсін. Әйтеуір оның көлеңкесі барымен келісесің ғой? Сен айтып тұрған бұлт сейіліп, күн ашық болса, көлеңкесі ілесіп шыға келеді, иә?!. Солай ма?!.
- Солай...
- Бұлтты күні де, қараңғы түнде де сол көлеңке онымен бірге болады ма, әлде ол аспандағы күннің, не шамның жарығынан пайда бола қалатын, Мұнайдардан бөлек, тыс нәрсе ме?
- Жоқ. Ол онымен әрқашанда бірге болатын нәрсе.
- Оны қалай түсіндіресің?
- Ол адам ғой. Жаны бар. Жарыққа шығады, ішке кіреді, көлеңкесі қыл елі қалмайды. Тек ол емес, барша адамның, барлық заттың өз көлеңкесі бар...Жарық түседі, көлеңке пайда болады, жарық өшеді, көлеңке көрінбейді, бірақ ол бар... Мұның Құдайға қандай қатысы бар?..
- Міне, сенің ақымақтығың. Не нәрсенің де көлеңкесі барын білесің, алайда оның бар болу және жоқ болуын тек жарыққа тәуелді деп ойлайсың.
- Солай емес пе өзі де?!. Егер күн болмаса, онда сен айтып тұрған зат, адам, тіпті сөз етуге жарамайтын көлеңке жайлы әңгіме қылу артық болған болар еді... Онда өмірдің өзі...
- Міне, міне, өзің де пікір пісірсең біразға баратын түрің бар. Сен айтқан жарықты, сол күнді кім жартқан? Оның ар жағында кім тұр? Мына бүкіл әлемнің ар жағында кім бар? Ал енді сәл діни көзқарасты да қоссақ, "Мен сендерге күретамырыңнан да жақынмын" дейтін Алла-Құдіреттің сипатын салыстыруға сен болымсыз көрген көлеңкең келіп қалмайды ма? Бұл онша озық мысал болып жарытпас, мен оны Құдіреттің сипатын сезінуге ғана қолданып тұрмын, ағат ұқпағын. Сонымен сол көлеңкенің өзінде үлкен дүниелер жатыр. Көлеңкенің пайдасы да шаш етектен. Ыстықта сая. Оны қолға ұстай алмайсың. Көресің, көргендей боласың, бірақ ол қолыңа ілікпейді. Сол сықылды жел, ауа құбылыстары ше? Табиғаттағы толып жатқан осындай құбылыстар Құдірет Иесінен хабар берер, оның сұлу да тылсым, шексіз, теңдесіз сипатын сезінуге себеп, дәлелдер. Тіпті, шамның жарығы өшті делік, ол мүлдем құрып кете ме? Жақсаң, қайта пайда бола кетеді. Ал күн өмірі өшпейді, бізден ауысып, жершарының келесі бетіне шығады, жатқан қозғалыс, айналыс заңы... Ештеңе де жоғалмайды. Адамның қолмен істемесе де ойлаған жақсы-жаман ойларына шейін жазылып жатыр... жоғалмайды...Көзге көрініп тұрғанның бәрін ғана шындық деп қабылдап, көрінбейтіндерді, сезілетіндерді жоқ деуге болмайды...
- Қойшы, басым қатып кетті... Дәлелің өсіп бара жатыр ғой тіпті...
- Жарайды, тағы бір жолы осындай сауалың туып жатса, қызметіңе әзірміз. Әне, одан да көлеңкеңе қара... ол да қозғалып барады. Ал өз-өзіңді тану - тұтас жаратылысты тануға апарады. Оның арғы жағында да, бергі жағында да - Алла тұр. Ғалым-оқымыстылардың да тісі батпайтын дүние көп. Себебі, біз адам баласы әлі өзімізді-өзіміз танып болғанымыз жоқ... Бір адамның ішінде сен сияқты күдік пен мен сияқты ғашық қатар өмір сүріп жатыр... Сен де мендей ғашыққа, асыққа айналмай, таным көкжиегіміз кеңімейді...

 

Мұнайдар Балмолда
2014 жыл.

Liked
421