Бақтияр ҚОЖА: Өнерге құлдық етемін

Театр дегеніміз – тарихы тереңде жатқан өнер ордасы. Ал, театр тарихы тірнектеп жасалған рухани мұра, эстетикалық нәзіктік. Мұндай өнер ордасында шеберлік таныту кез-келген адамның қолынан келе бермейтін дүние. «Сананы тұрмыс билейді» деген сөздің астарында шындық бар. «Өнер» деген қасиетті ұғымды ту етіп, осы жолды нық таңдадым деп жүрген майталмандардың арасында да қарашаңырақтың күйі құлдырауға түскен шағында күйбең тірліктің қамымен, сахнамен қоштасып кетіп жатқандары аз болмады. Жан бағуға жарамайтын мардымсыз жалақыға бола театрға барып, жұмыс істеуге кімнің құштарлығы сүйреп тұрды дейсіз? Бірақ таңғалсаңыз да, күлсеңіз де шын өнер жанашырлары арамызда жоқ емес…

            Әлі күнге дейін мәдени ошақтардың бойына қан жүгіртіп, көпшіліктің назарына жаңа қойылымдар ұсынып жүрген де дәл солар.

            «Өнерім-өмірім» деген осындай өнер иелерінің бірі деп театр тарихында өзіндік қолтаңбасы бар тұлғалардың бірегейі, ролдерді сомдаушылық шеберлігімен талайды тамсандырған талантты актер Бақтияр Қожаны айтуға әбден болады. Бақтияр театрдағы әріптестерінің ішінен өзінің «өнерге құл болып келу керек» деген өмірлік қағидасымен дараланады.

            Қазір театрлардағы көрермен орындықтары да баяғыдағыдай қаңырап тұрған жоқ. Өнерді бағалай алатын, түсіне алатын театр жанкүйерлері құдайға шүкір көбейді. Өресі биік талғампаз көрермендер өз таңдағанын іздеп тауып, сүйікті актерінің қым-қиғаш, қызықты ойынына қол соғып, зор сүйіспеншілікпен қабылдап жатады.

            Шоқтығы биік өнерге жиырма бес жыл ғұмырын арнаған сахнадағы Бақтияр актердің ұқыптылығы, жинақылығы, зеректігі, зейінділігі оның ғаламат еңбекқорлығынан бастау алған. «Кез-келген адамға Аллаһ он пайыз талант берген болса, оның тоқсан тоғыз пайызы еңбекпен келеді» дегенді жиі айтатын актер, әр істің жетістігін де осы шыдамдылық пен еңбекқорлықпен байланыстырады. Кісілік, кішілік, еңбекшілдігінен арылмаған актердың таланты Мұхтар Әуезов театры сахнасында өзгеше нұрға бөленңп келеді. Әуелде, Оңтүстік өңірден «актер болсам екен» деп зор арманмен келген бозбала алғаш театр сахнасында Сәбит Оразбаев, Райымбек Сейтметов, Бәйтен Омаров сынды майталман әртістердің уысына келіп түседі. Мұхтар Әуезов атындағы ақадемиялық драма театры жанынан құрылған екі жылдық студияны тәмамдаған актер алғашқы ойнаған сахналық қойылымдарда-ақ қол салған кейіпкерлерінің кез-келгенінен табиғи бояу табуға барын салды. Әртүрлі тақырыпты қамтитын тарихи немесе осы заманғы қаһармандарымен шұрқыраса табысып, өнер жанкүйерлеріне көл-көсір шабыт сыйлаған жас актерге деп үкілеген ұстаздар үміті де ақталды. Актер өзі ойнаған «Қош махаббат», «Ақымақ болған басым-ай», «Турандот ханшайым», «Абай», «Қабыл-Адам ата перзенті», «Атилла», «Сыған серенадасы», «Күзгі романс» қойылымдарында шағын эпизодтар немесе басты ролдердегі сомдаған кейіпкерлерінің ішінде режиссер Юрий Иванович Ханинго-Бекназар қойған әйгілі Уилям Шекспирдің «Гамлетінің» шоқтығы биік деп санайды. Дәл осы қойылымның басты ролін сомдауды актер сонау студент кезінде-ақ армандаған екен. Адастырмаған арманының арқасында  Бақтияр Қожа бұл ролді сомдауға 2005 жылы ғана қол жеткізеді. Актер бұл жетістігін сәл бұрын «Лед-Жар»  атты Абайдың қара сөздерімен көмкерілген спектакльмен Алманияға гастролдік сапармен барып өзге ел жұртшылығын өнеріне бір тәнті етіп қайтқан болатын.

            Кейіпкер бойына қан жүгіртіп, тірі кеудеге жан бітіретін актерлік тылсым сиқырдың барлық сырларын меңгерген сахна шебері ұлттық және көршілес елдердің киносының өрістеуіне де едәуір күш салды. Бақтияр Қожаның  «Тоғысқан тағдырлар /Перекресток/», «Шегіртке /Саранча/», «Офицер мырзалар /Господа офицеры/» фильмдерінде сомдаған ролдері өз алдына бір төбе. Сөз реті келгенде айтып кеткеннің артығы болмас, Ресейде түсірілген «Офицер мырзалар» кинофильмінің басты роліне түсуге тілек білдірушілер тізімі көп болуына қарамастан фильмнің режиссері Андрей Кравчюктің бәсекеге түскен бірнеше ұлттардан құралған жүз жігіттің ішінен Бақтиярды таңдап алуы да тегін болмаса керек...

            Осы фильмнен кейін қазақ актеріне Ресейдің басқа фильмдерінде басты ролдерді сомдауға ұсыныстар түсіпті. Дегенмен «Өзге елдің сұлтаны болғанша, өз еліңнің ұлтаны» болуды мақсат тұтқан актердің арманы бұл емес-ті.

            Айтылмаса сөздің атасы өледі. Киноматографтың, режиссердің басты ерекшелігі – кезеңдер сипатынан өткен кешегі мен бүгінгі өмір арасындағы тұтастықты қамтамасыз ететін жалпы адами қасиеттер мен өз халқының ұлттық танымын бойына дарытқан кейіпкерлерді экранға әкелуінде. Өкінішке қарай өз жақсыларымызды жарытпай жатып, өзгенің жақсыларын қолпаштауға жанымыз құмар-ақ...

            Соңғы жылдары түсіріліп жатқан ұлттық дүниелеріміздің басты кейіпкерлерін өз ұлтымыздың емес, жат елдің «жүйріктері» алмастырғанына қынжыласың. «Өз елі, өз ерлерін ескермесе, ел тегі алсын қайдан кемеңгерді...» Қазақ тарихында лайықты бағасын ала алмай жүрген тұлғалардың көп екендігі осындайда байқалады. Өр халықтың өз ұлы өрлік мінезінен танбаса керек. Өнерден лайықты бағасын алмаса да, өнерге деген адалдығынан айнымаған талант иесі халқынан атақты сұраған да емес... Өйткені халықтың зор хошаметі мен шын көңілмен соғылған шапалағы Бықтияр Қожаның баға жетпес атағы да, сыйлығы да...

            Сүйікті көрермені де сахна төрінен бүгінде ел ағасы 50 жасты еңсеріп, сахнамен бірге жасасып келе жатқан қадірменді актерімен күнбе-күн жүздесіп отыруды шын қалайды. 

Алматы 2006 жыл.

Актер бөліскен қызықты оқиға

            Осыдан бірнеше жыл бұрын болған оқиға. Күнделікті театр сахнасынан шығып келе жатқан бетім. «Қош махаббат» драмасындағы  кезекті  ролімді ойнап шыққан болатынмын. Қаперімде ештеңе жоқ.. Қарсы алдымнан ұшырасқан екі жігіттің мені әдейі арнап күтіп тұрғанын білмеген едім. Жұдырыған түйген соқталдай екі жігіт келе маған тап бермесі бар ма?!

  • Ау, жігіттер!  Істің мән-жайын түсіндірсендерші, мені біреумен шатастырып тұрғаннан саусыңдар ма өзі? -деп аң-таң күйде сұраулы кейіп таныттым.

Ал жігіттер болса:

  • Жасыңыз біршама жасқа келіп жаңағы жасаған қылығыңыз қалай? Біздің де қарындасымыз бар, жаңа ғана өзіңіз абыройынан айырған қарындасымыздың өшін алмаққа Сізді әдейі күтіп тұрмыз, демесі бар ма?!
  • Жігіттер, менің көрсеткенім жай сахналық қойылым ғой, бұлай жүрекке жақын қабылдамағайсыңдар, ал ол талдырмаш сұлуды сомдаған, қойылымда ғана мен пәктігінен айырған қарындастарыңыз өмірде сүттей ұйып, бала тәрбиеліп отырған өнегелі отбасының отанасы, оның қорғаны, сүйікті жары қазір жанында, - деп жүріп жаңа ғана ойнап шыққан ролімді бастан-аяқ өз көрермендеріме талдап беруге тура келді.

Сонымен, жігіттермен түсінісіп, олардың да осы талқылаудан кейін спектакльдің әсерінен кейінгі көңілдері орнына түсіп, жөнімізге тарастық...

«Саранча» фильміне түсіп жүрген кезімде де бірде жолаушылар көлігіне отырғанымда мені көрген жасы  егде тартқан орыс кемпірінің шыр-пыр болып: - Бейкүнә әйелді алдап жүрген мына бір екі жүздінің бетіне түкіргім келіп жүр еді,-деген еді.

Кейде осындай жиі болатын оқиғалардан кейін, іштей күліп аламын. Бұл да болса өнерге шын беріле, шынайы рөлдерді сомдағаныдығымның арқасы шығар деп... Егер, жұртшылық актерлық ойыныңды осылай шынайы деп жүрекпен қабылдап жатса, ол соның айғағы емей немене?

424