АДАЛДАН ТҰТЫН! АРАМНАН ҚҰТЫЛ!

Жамағат жұмылған жұдырықтай жұмада жүздестік. Әдеттегідей алдымен иманға бет бұрып, уағызға құлақ тостық. Уағызда айтылған сұмдық сандар уайым жегізбей қоймады. Қынжылыс пен қорқынышым қатар...

Қалай болғаны сонда? Қазақстан Орталық Азиядағы ең ішімдікке құмар ел екен. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы 188 елді нысанаға алыпты. Рейтингтің ретінде 2011 жылы біз 34-ші орыннан көрініппіз. Ал Қырғызстан 106, Түркіменстан 114, Өзбекстан 131-ші болса, Тәжікстан 134-ші орында. Халқы көп Қытайдың өзі 95-ке тіреліпті.

Қаймана қазақтың сусыны қымыз бен қымыран, шалқар шұбат болатын. Ағарғаннан арып-ашып қалмадық, керісінше дертке дауа таптық, қызара бөртіп көрікті көріндік. Ал арақ ақылдан айырып, қылғытқан сайын қырсықтың құрсауында қалдырады. Сыра сіміргендер де жөнімен семіріп жүрген емес. Іше-іше ері әйелге, әйелі ерге айналып бара ма қалай? Иә, ғылымның қойған диагнозы сол. Гармондары ауысады екен әсте-әсте.

Қорыта айтқанда қорқыныш мынада:

Республикада 300 мыңнан астам адам маскүнемдік есепте тұр

Соңғы 5 жылда 12 мың жерлесіміз арақтың кесірінен өлген

Соңғы 5 жылда мас күйде жасалған қылмыстар саны 2 есеге өсіп 13 мыңнан асқан

Мастықпен 3 мың 200 адам кісі өлтірген

Автокөлікті мас күйінде жүргізген 330 мың жүргізуші ұсталған

Ішімдікке сылқия тойған жүргізушілер 1,8 мың жол-көлік апатына тікелей себепші болған. 494 адам қаза тауып, 2,5 мың адам әртүрлі жарақат алған.

Ес-түсінен айрылып арақ ішкен соң, тұтанған өртке оранып 1,3 мың адам көз жұмған.

Азаматтардың 30 %, әйелдердің 15 % арақтың кеселінен көз жұмады

«Сыраға сылтау, арақ алуға алтау табылады». Жазба барысында топ ете қалған ой-орам ғой. Одан да сараптан өткен: «Мұсылман болу әсте-әсте, кәпір болу бір пәсте»,-дегенді қаперге алып жүрейік.

326