Эх, гарнир, гарнир!

Гарнирге не аласыз?
Даяшының сұрағы сонау бір студенттік кезді есіме түсірді.
Бірінші курс. Ауыл мектебін тәмәмдап, арман қанатында Астанаға келген бетім. Жатақханада тұрамын. Ас үй - жігіттер мен қыздар үшін ортақ. Кешке таман барлығымыз жабылып, тамақ дайындаймыз. Сондай кештердің бірінде ас үйге кірсем, өзімнің курстасым күйбеңдеп электраплитаның жанында жүр екен. Дайындап жатқан тамағын қайта-қайта ашып, түбін араластырып қояды.
- Данияр, не дайындап жатырсың?
- Гарнир ғой.
Езу тарттым. Басымды шұлғыдым. Бірақ түсінбедім. Ол не деп сұрағым келсе де, ұятты болар деген оймен, гарнирдің не екенін өзім білмекші болдым. Сөйтсем курстасымның дайындап жатқаны кәдуілгі макарон. Ішімнен, қаланың тұрғындары макаронды гарнир дейтін болар деп бір түйдім. Бізше рошки да, ракушки да, спагеттида макарон ғой. Бұл да сондай бір атау болар. Жүрегім жай тапты. Гарнир дегеніміз макарон. Есімнен шығып кетпесін деп, бірнеше рет қайталап қойдым.
Арада бір екі айдай уақыт өтті. Сол жатақханада бір курстасымыздың туған күніне орай отырыс жасадық. Дастархан басы көңілді. Дәм жасасып жүрген қыздардың бірі ортаға котлет қойып жатып, қазір гарнир алып келемін деп кетті. Ішімнен мен білгіш болып отырмын. Не әкелетіні белгілі ғой. Макарон.
Бірақ жаңағы қыз макарон емес, күріш әкелмесі бар ма?! Мен аң-таң. Құдай-ау, мына сорлы бұны күріш демей, немеге шатастырып макарон дейді. Айтайын дедім де, ыңғайсыз көріп, бұл ойымнан қайттым.
Бірінші курс та бітті. Оқуды тәмәмдап, үйге кетіп қалу жоқ қой. Ата-анама жүріп-тұруымның ақшасы жүк болмасын деп, орталық саябақтағы дәмханаға даяшы болып орналастым. Бір күні ас үйден аспазшының айқайлаған дауысы естілді. Сол жердегі даяшылардың барлығы аспазшыдан қорқатын едік. Өзі еңгезердей, сөйлеген сөзі біршама дөрекілеу әйел болатын. Содан да болар, ас үйге қажет болмаса, басымызды сұқпайтын едік. Ақырындап барып, тыңдасам, өзімнің бір әріптес құрбымды жерден алып, жерге салып жатыр екен. Оның барлық әңгімесінен түйсінгенім, манты мен жаркоеге гарнир алынбайды екен. Ал қалған барлық екінші дәмге гарнир алу керек. Неге олай екенін түсінбесем де, сол бір «ережені» естігенім үшін риза болып, есіме сақтап қалуға тырыстым.
Қазіргі таңда бір ұғымды түсінбей, білмей бара жатсаң Google мен Yandex-тің болғаны қандай тамаша! Сол кездері гарнирдің шын мәнінде не екенін біле алмай, білгендерден сұрасам, мазақ қылады ма деп, қапа болып жүргенімді көрсеңіздер ғой.
Содан бері, қарап отырсаң, он жылдай уақыт өтіпті. Эх, гарнир, гарнир!
-Маған көкеністен жасалғанын берсеңіз болады!

301