Екеудің сыры...

- Ол кеше жұмыстан тағы да кеш оралды. Тамақ ішпеді, сөйлеспеді. Бірден жатып қалды. Не істеймін? Не істесе болады? 
Мен көз жасыма ерік бердім. Күн өткен сайын жанұямның шырқы бұзылып барады. Тән құмарын тізгіндей алмай, махаббат оты жалындап тұрған кездер қолдарын бұлғай-бұлғай алыстап бара жатқан тәрізді. Жүргізуші креслосында отырған құрбым сөмкесін қопарып, маған бет орамал ұсынды. Екеуміз біраз үнсіз отырдық. Күйеуімнің телефонындағы бейтаныс әйелден келген хаттарды оқығаннан кейін өмірім күрт өзгерді. Оның жұмыстан кешігіп келуі, үйден шығып кетуі, достарымен кездесуінің барлығы арамыздағы жанжалмен аяқталатын болды. Мен күдіктенуден шаршадым. Құрбым бой жазып, табиғат аясына дем алып қайтайық деді. Жақын адамның сатқындығынан келген дертке табиғат шипа боларына сенбесем де, келісе кеттім. Кішкентай қызымды әке-шешеме тапсырдым да, біз түс ауа жолға шықтық. Күйеуім екі күнге Алматыға іс-сапармен кеткен болатын. Әрине, оның нақты іс-сапар екенін ұятты болса да, жұмысына телефон шалып, біліп алған едім. Дей тұрғанмен, көңілім орнына түсер емес.
Құрбым машинасын от алдырып, кең көшеге шықты. Мен көзімнің асты мен бетіме жағылып қалған бояуды сүрттім. 
- Ажырасамын, - дедім көпке созылған үнсіздіктен кейін. – Өзімді өзім осыншалық күйзелте бергенше, ажырасып, тынғаным жақсы емес пе? 
Неткен бақытсыз жан едім! Әр сағат - күйбең тірліктің қамы. Қызықсыз, дәмсіз, татусыз. Сонау махаббат құшағында масайрап жүрген күндер қайта оралып келсе ғой, шіркін! 
- Шынымен-ақ ажырасқың келе ме? 
Ол терезе әйнегін төмен түсіріп, темекесін тұтатты. Жолдан көзін алмай, темекі қалдықтарын әйнек сыртына қаға отырып, сөзін жалғастырды. – Ертең ажырасып кетсеңдер, бала кіммен қалмақ? Соны ойладың ба? Қайдағы жоқ хаттарға бола өміріңді астан-кестен еткің келгені қалай? Тіпті, сол әйелмен күйеуіңнің байланысы барына көзің жетті ме? Осыншама боздауың маған негізсіз болып көрінеді.
Оның дауысы қатал шықты. 
- Сен - әйелсің. Егер ер адам тура жолдан тайса, бұған әйелдің де кінәсі бар.
Оның сөзі жаныма батты. Қолдауға емес, қарсылыққа тап болдым. 
- Әрине саған айта салу оңай! - дедім мен ызамен. - Сенің күйеуің сен дегенде, ішкен асын жерге қояды. Сенен басқа ешкімді көрмейді. Сен-сымбаттысың, сұлусың. Жұмыста да табыстысың. Жанұяңда түсінушілік, бір-біріне деген құрмет бар. Сондықтан сен қалай десең де, менің жағдайымды түсіне алмайсың. 
Менің тұла бойымды ыза, қызғаныш бойлады. Расында да, құрбым өте әдемі әйел еді. Мінезі салмақты, сырт мүсіні сұлу, көрікті жан болатын. Мен оған кейде қызыға, кейде қызғана қарайтын едім. Ұқсағым да келетін.
Ол темекесін сыртқа лақтырып жіберді де, терезе әйнегін көтеріп, көлікті кері қарай бұрды. 
- Қайда?- дедім мен сасқанымнан. Ол басын шайқады. Мен аң-таң болған күйде, машина фонарымен ғана айырып келе жатқан жолға үңілдім. Қайтып қалаға кірдік. 
- Бурабайға бармайтын болдық па? – дедім мен жан-жағыма жалтақтай. 
- Неге? - деді ол мырс күліп. - Барамыз.
Сәлден соң біз оның үйінің ауласына жеттік. Ол машинасын есігіне жеткізбей тоқтатты да, фонарларын өшіріп, тағы бір темекі тұтатты. Мен әлі де бұл әрекеттерімізді түсінбеген аң-таң күйдемін.
- Үйде ұмытып кеткен затың бар ма еді?
Ол жауап беруге асықпады. Мен кресломның арқа жағын түсіріп, аяғымды созып жаттым. Бір кездері «Қара!» деді ол маған. Мен басымды лезде көтеріп, оның сұқ саусағы нұсқаған жаққа қадалдым. Енді тоқтаған машинадан ер адам түсті. Костюмінің түймесін асықпай қадай отырып, машинаны арт жағынан айналды да, оң жақтағы есігін ашты. Ар жақтан әйел шықты. Ер адам оны қолынан ала отырып, машинасын жапты да, екеуі үй жаққа қарай бет бұрды. Қараңғы түскенімен, ауладағы шамдардың жарығымен адам түрлерін еркін ажыратып алуға болатын еді. Жаңағы ер адам менің құрбымның күйеуі екені анық. Жүрегім дір етті. 
- Сен, сен, - дедім мен құрбыма қарап. - Сен көрдің бе? 
Сасқанымнан айтылған сөз болды. Ол өкпесін толтыра дем алды да, машинасын «тұтатты».
- Ал енді Бурабайға бара берсек те болады, - деді маған қарап. 
- Кеттік! – дедім мен де есімді жинап. Біз келген ізімізді басып, қала сыртына шыға бердік... 

20.01.2014

345