Тәуекел

- Осы бір сәтті өмірімнен ойып алып тастауға мүмкіндігім болса ғой, шіркін! Жоқ, тек қана бұл сәтті емес, соңғы жарты жылды түгел алып тастай алсам! Тағдырдың жазуымен болған сол бір кездесуді, сол бір албырт сезімді, сол бір адамды! Құрғыр жүрекке ақыл әмірі жүріп, көңілдің қалауын сабыр тізгіндесе, өкініш өзегімді осылайша өртер ме еді?!
Мен еріксіз тамған көз жасымды сүйріктей саусағыммен сүртіп, төсегімнен тұрдым. «Болары болып, бояуы сіңген істі» көз алдымнан қайта-қайта өткізіп, өзімді өзім бордай езе бергенше, ендігі амалымды жасамақ болдым. Анам жұмыстан оралғанша, дәріні ішіп, орамасын көрсетпей лақтырып тастағаным дұрыс. Бір екі сағаттан соң дәрігерлердің ескертуінше қатты ауырады екенмін. Бірақ жан азабынан тән азабы ауыр ма? 
Тәуекел деп қорапты ашып, бидай дәніндей ғана ұзынша келген сары дәріні жұтып жібердім. 
- Бітті. Жүрегімнің түбінде өмірін енді бастаған жаратылыстың тіршілігі кілт тоқтады. Тағдырдың мен күтпеген сыйы жарық дүниеге келмей, үзілді... 
Қарабет болған өзімді өзім жек көремін. Оны да. Мына менің еркімнен тыс пайда болған тіршілік иесін де. Көз алдымнан соңғы жарты жылдың өмір суреттері бейне бір кинодағыдай өте берді. Албырт сезім билеген алғашқы кездесу, маужыраған саябақты кезіп, ұзақ серуендеген күндер, тылсым сыры тынымсыз әлдилеген ұзақ түндер... 
Тағдырдың жазуына қарсы тұрар амалым бар ма? Соқыр жүрек тәтті сезім шырмауында жүріп, оның алыстап кеткеніне мән бермепті. Асыға жүздескен сәттердің сирей бастағанын байқаса да, көңілге түскен қаяуды болмашы себептермен ақтап, қиял жетегінде жүре беріпті. Еһ, ақылсыз жүрек, надан жүрек, мұндай тәлкекке саларыңды кім білген?..
Сыртқы есікті ашып жатқан дыбыс естілді. Ойыммен арпалысып жатып, уақыттың қалайша өтіп кеткенін байқамаппын. Анам болар. Мен орнымнан асығыс тұрып, айнаға қарадым. Жылағаным білінбесе болғаны. Шашымды бір уыс қып жинап, түйдім де анамды қарсы алайын деп, бөлмемнен шықтым. 
Бүгін анам күндегісінен кеш оралды. Түрі де жабырқаулы. Кірген бетте есік алдында тұрған орындыққа отыра қалыпты. Мен тізерлей, оның жанына жақындадым. 
- Мама, сізге не болды? Шаршадыңыз ба? 
Анамның жүзінен нұры қашқан. Мөлт-мөлт еткен жас дірілдеп тұрып, домалап түсті. Жүрегім зу ете қалды. 
- Мама, не болды, айтсаңызшы! 
Ол менің жанарымнан төмен бір нүктеге үнсіз ұзақ қарап отырды да, басын көтермеген күйде күрсініп:
- Айгүл түсік тастапты, - деді. 
Жүрегім қарс айрылды. Тұрмыс құрғанына бес жыл болғанымен, бала көтере алмаған әпкемнің тілегі орындалып, аяғы ауырлағанына төрт-бес айдың көлемі болған еді. Шексіз қуанышымыз қойнымызға сыймай, әлдидің іңгәләгән даусын естуге құмартып, асыға күтіп жүрген кез болатын. 
Тағдырдың осы бір әділетсіздігіне не шарам бар? Шарадай болған шақшадай басымды анамның кеудесіне қойып, көз жасыма тоқтау сала алмай, солқылдап жылай бердім... 
Жылай бердім...

 

05.02.2014

316