Толық апа

 - Бүгін тағы үйдемісің?..
Толық апам ауыр денесін әрең көтеріп, мен отырған дастарқан басына жайғасты. 
- Осылай үйде отыра берсең, қарағым-ау, сені қандай бай алады? Кетті ғой, әне аналар, - деді ол, дәліз жаққа қарай қолын сермеп, - Жалақ-жұлақ етіп, бар жақсысын киіп, беттеріне опа-далабын жағып.
Апам сөзін жартылай аяқтап, құйып алған күрең шайын, сораптай ұрттады. Апам деп отырған кісі осы үйдің иесі. Ақша үнемдеу мақсатында екінші бөлмеге қыздар алған. Соның бірі мен. Менен басқа тағы екі қыз бар. Олар маған қарағанда жас, студент қыздар. Кеш батса болды, үйде отырулары қиын. 
Апаммен тұрып келе жатқаныма бір жылдан асып кетті. Елудің етегіне жетіп қалған адамның жар қызығын көрмегені қандай қиын болса, жұбаныш болар баласының жоғы одан да ауыр екен. Өміріне өкпесі қара қазандай оның бар ермегі маған ақыл-кеңес беру. 
- Дүние жалған ғой, қарағым. Көзді ашып-жұмғанша деген. Уақыт шапшаң өтіп, ертең мен сияқты жалғызсырап отырғаның не керек?.. 
Апам ауыр күрсінді. 
- Отыздан асқан қыз өзі үшін бір бала тауып алса, қазір ондайды ешкім сөкпейді. Текке жүре бермей, сол жағын да бір ойлап қою керек. Қартайған шағында телміріп, төрт қабырғаға қамалып отырғанның несі жақсы дейсің? Өзіңнің келешегің үшін бір нәресте көтеріп алған дұрыс болар. 
Бұл соңғы бірнеше ай бойы бірінші рет айтылып жатқан әңгіме емес. Өзінің өткізіп алған мүмкіндіктеріне өкінішпен қарайлаған апамның кеңесі түрлі-түрлі. Бірде сәби көтер десе, енді бірде қалтасы қалың ағалардың бірінінің етегінен ұста деп үгіттейді. 
- Анау бір сені аңсап, есі кетіп жүрген жігіттің несі ұнамайды? Ақымақсың! Өзге біреу болғанда, басын айналдырып тиіп алар еді-ау, қуана-қуана!
Апам босаған кесесін дастарқан ортасына итеріп қойды. Осы бір сәттерде ол өзіне деген ашуын менен алатындай болып көрінетін. Бүгінгі өміріне деген реніші риясыз сезілетін еді. 
- Жас бала! Сүймеймін! Кімге керек? Кімге керек махаббат деген? 
Мен апамның монологын үнсіз тыңдауға тырысатын едім. Дауласқаннан табатын абырой жоқ. Себебі, менің әрбір айтқан сөзіме оның жауабы дайын тұратын. «Тиіп ал» деп отырғаны, өзімнен бақандай бес жасқа кіші жігіт. Сезімін білдіріп, үй табалдырығын тоздырса да, соған деген көңілім бір жібімей-ақ қойғаны. 
- Тұрмыс құрған дұрыс, мінездерің жараспай бара жатса, ажырасу аса қиын шаруа емес. Кім біледі, уақыт өте келе сен іздеген адам сол болып қалар?!. 
Апам маған тік қарады. Бұл «айтыс-диалогқа» шақыру ишараты. Үндемей құтыла саламын-ау деген жоспарымды бұл жолы іске асыра алмайтын сияқтымын.
- Апа, сонда ажырасқан әйелдің беделі, тұрмысқа шықпаған қыздан артық па?..
- Әрине, артық! 
Апам сөзімнің соңын күтпей, бөліп ала жөнелді. 
- Қарағым-ау, ажырасқанның аты – ажырасқан! Ол отырып қалған қыз емес! Ата-анасының босағасында отырып қалған қызды кім жаратады? 
Мен ішімнен бұған қарсы болсам да, жауап қайыруды жөн көрмедім. Туған босағасынан ақ батасын алып шыққан қыздың қайтып келгенінде не қайыр? Әрине, қазіргі қоғамда ажырасу ұятты амалдардан алыс тұрса да, өз басым, мұны құптамайтын едім. 
- Қазір екінің бірі ажырасып жатыр, біреудің жанұясына біреу тергеу салған ба? «Тесік моншақ жерде қалмас» деген. Туған-туыстардың алдында көзге түскен шеңгелдей болып, жүре бергенше, барып-келгеннің өзі артық.
Мен іштей басымды шайқадым. 
- Ойбүүүй! – деді апам дастарқан батасын бет сипаған ишарамен қайырып:
- Сенің жағдайыңды ойлаймын деп, «Анандиді» өткізіп ала жаздадым ғой, - деген ол теледидар орналасқан бөлмеге қарай тұра ұмтылды. 
Менің тағдырымнан беттер алаңдатқан, Құдай тілеуіңді бергір «Келіннің» барына шүкір айтып, шәйімді ұрттап мен де үнсіз қала бердім...

 

17.02.2014

Liked
293