Парадокс

- Мен туған анамды ешқашанда іздемеген едім. Маған сіз керек емессіз! - деп мен орнымнан атып тұрып, жүгіре жөнелдім. Жүрегім алқынып-жұлқынып, кеудемнен шығып кетердей көрінді. Зор екпінмен келген реніш аралас ашуым запыран құстыра жаздады. 
Мен өгей әке мен шеше қолында өстім, дей тұра, менен асқан бақытты өгей бала жоқ, сірә. Бетімнен қағып, қатты сөйлеп көрмеген олар мені асырап алғандарын жиырмаға толғанымда бір-ақ айтты. Көп жылғы құпияның тиегін ағыту ата-анама, әрине, қиын еді. Бірақ, маған да бұл ақиқаттың салмағы жеңіл тимеді. Шындықты айту парыз деп білген олар «Тегіңді білгің келіп, анаңа іздеу салсаң, біз қарсы болмаймыз» десе де, мен енді бұл тақырыптың көтерілмегенін қаладым. Туғаным деп жүргендер жат екен деп, кісі баласына тіс жармадым.
Көмескіленіп, ұмытылып бара жатқан жараның беті қайта тырналғаны қалай? Туған баласын сыртқа теуіп, ширек ғасыр бұрын жасаған күнәсін көз жасымен жумақшы болып отырған бұл әйелге не керек болды екен? «Маңыздысы, мен сенің анаң екендігімде емес, басқада еді...» деп неге айтты ол? Мен кілт тоқтадым. Адуын ашудың арыны қайта қоймаса да, өз-өзімді сабырға шақырып, кері қайттым. 
Жасы қырықтардан асса да, бетінің өңі кетпеген қара торы әйел орнынан әлі қозғалмапты. Мен оның жанына барып отырдым. Ол үндемеді, тіпті жанарымен жер шұқып отырған басын да көтермеді. Мен оның бет әлпетіне зер сала қарап, қандай да бір ұқсастық іздейтін сияқтымын. Ұзаққа созыла қоймаған үнсіздікті әйелдің өзі бұзды. 
- Менің жасым ол кезде не-бәрі жиырмада болатын. Жүрегімнің түкпірінде тағы бір жүректің пайда болғанын білгенімде, тым кеш еді. Ел-жұрттың өсегіне, ағайын туыстың сөгісіне қалғысы келмеген ата-анам, мені Семей қаласындағы бір жақын әпкемізге жіберді. Саған пана болған отбасы да сол жақта бірден табыла кетті.
Бәрінен де маған зарыға күткен адамдардың сәбиі емес, нәпсі құлдарының баянсыз, берекесіз амалдарының нәтижесі болғаным батты. Өзегімді өртеген улы сезім санамды жаңа серпінмен тұмшалап кете барды.
- Маған маңызды не айтпақшы едіңіз? - дедім мен баяу баяндалып жатқан әңгіменің тоқ етерін білгім кеп, тағатсыздана.
Бір сәт құлаққа ұрған танадай меңіреу тыныштық орнады.
- Жақында жеңгем хабарласып, Қайраттың қалыңдығына сырға салғандарын айтты, - деді ол басалқы баяу үнмен.
- Тойдың да күнін белгілеп қойыпты, - деп ол маған беймәлім кейіпкерлері бар бірнәрсені орағытып бастаған еді, мен әңгіме аяғын күтпей:
- Қандай Қайрат? Сіз не туралы айтып кеттіңіз? - деп сөз арасына киліктім.
Парадокстар бұл өмірде жетіп артылады ғой. Бірақ, тағдыр менімен бұлай ойнайды деп мен еш ойламасам керек. Осы жазда біз Қайратпен үйленбекші едік. Той күнін тағатсыздана күткен екі жақ та қызу дайындық үстінде. Бірақ, мені тудым деген мына әйел менің болашақ қайын атамның қарындасы болады деп кім болжапты. 
Төбемнен жай түскендей болды. Жан дүнием астаң-кестең. Орнымнан қалай тұрғаным есімде жоқ. Бір аңғарсам, кеш батып қалған екен. Телефоным дырылдап, безектеп барады. Мен оны алмақ болып, сөмке ішін тінтідім. Кенет қолыма бір жапырақ қағаз ілінді. Көңіл-күйімнің соңғы уақытта ерекше болып жүргенін сезсем де, оның мәнін дәл түсіндірген бұл қағаз менің де жүрек түкпірімде жаңа өмір иесі барының айғағы еді... 
Парадокстар өмірде жетіп артылады. Бірақ тағдыр менімен дәл бұлай ойнайды деп кім болжапты?!.

26.06.2014

321