Оқиға

 - Қайда асықтың?! Отыра тұрсаңшы жанымда! Әңгімелесейік!.. 
Қарны қазандай, беті табақтай бұжыр қожайын үстіне ақ халат киіп, төсек үстінде жатқан еді. Әшейінде әрең қимылдайтын семіз, бұл жолы шапшаңдық танытып, білегімнен ұстай алды.
Қалтасы қалың азаматтар даяшы қыздарды нәпсі сұранысын қанағаттандыратындармен шатастырып алатыны бар. Әрине, бұл ойды дәстүрлі ұғымға айналдыруға үлес қосып жүрген әріптестерім бар шығар, бірақ, өзім мұндай әрекеттен бойымды аулақ ұстайтынмын.
- Мен мазаңызды алмайын! Шаршаған боларсыз! Бара берейінші, - деп мүмкіндігімше сыпайылық танытып, сытылып кетпекші едім, үй иесі қолымнан тартып төсегіне отырғызды. 
- Мен сені ренжітпеймін! Мына қонақтарды күтемін деп, әбден шаршадым. Әдемі қызбен отырып әңгіме айтсам, шаршауым басылар деп ойлаймын,- деп ол орнынан тұрып, екеумізге де көк шай құйды.
- Мүмкін басқа бірнәрсе ішерміз, ә? – деп ол үстел үстінде тұрған шарапты нұсқады. 
- Жо-жоқ! Мен мүлде ішпеймін. 
- Мейлі, қалауың білсің! Атың кім еді? А, есіме түсті, Жамал. Нешедесің?
Ұсқынсыз ұятсыздың әңгімесін тыңдауға мәжбүрлеген тағдырыма қанша налысамда, шарасыз едім. ҰБТ-дан жинаған баллдарым аз болып, мен жоғары оқу орнына берілетін грантқа іліге алмадым. Әке-шешемнің материалдық жағдайы мәз емес болатын, жылына қыруар ақша төлеп мені оқыта алмайтынын айтқызбай-ақ түсініп, қалада жұмыс істемек болдым. Бірақ, дипломы барларға тапшы жұмыс, маған да оңай табыла қоймады. Тәжірибе қажет емес деп қаптаған жарнамалардың барлығы желілік маркетинг болып бір шаршатса, өзгелері үш апта ақысыз тәжірибеден өту керек деп тағы да сергелдеңге салды. Үмітім үзілді-ау деген кезде, қала шетіндегі ресторанға даяшы болып орналастым. Ресторан деген аты ғана. Пайда тек той банкеттерінен түседі. Қалған уақытта бұл жерге келіп кететін адам саны саусақпен санарлықтай. Жұмысым өзіме ұнай қоймаса да, жоқтан тәуір әйтеуір. 
Ата-анама жүк болмай, адал тапқан тиыныма разы болып жүргенімде, зымырап үш жыл өте шығыпты. Мен әбден тәжірибе жинақтап, қалталы азаматтардың қонақтарын күтуге рестораннан тыс жерлерге жалданатын болдым. Ондайда төленетін ақша да көбірек болатын. Ал қожайынның қонақтары риза болса, келісілген ақыдан тыс ақша қалдыратын әдеттері де бар. 
Міне, бүгін де ел арасында танымал бір «үлкен ағаның» «игі» қонақтарын күту үшін, Бурабайдағы коттеджге келген едік. Қасымда менен басқа тағы бір қыз бен екі жігіт бар. Бірақ жатын бөлмесіне жігіттерді емес, мені шақырғанына қарағанда, қожайынның ойы айдан анық болатын. 
- Жиырма екідемін.
- Хмм! Жас екенсің! Тұрмыс құрмағансың ғой, ия?
Мен басымды шайқадым. 
- Жақсы екен. Дипломың бар ма? Ата-анаң бар ма? Қайда тұрады? 
Семіз аға сұрақтарын үсті-үстіне жаудыра бастады. Менің әңгімеге зауқым жоқ екендігін елейін деп жатқан ол жоқ. Шабыты ашылып сөйледі.
- Жамал, сен - жассың. Түсінемін. Бірақ дипломың жоқ, жөні түзу жұмысың да жоқ, ата-анаң болса ауылда, бұл өмірде неге қол жеткіземін деп ойлайсың? Сен маған күйеуге шық. Астыңа көлік әперемін, жағдайыңды жасаймын!
Әңгіменің немен тынарын сезіп, мен белсенділік танытып, тезірек түйініне жетпек болдым. 
- Сіз үйленбегенбісіз?
- Жоқ, әйелім бар, құдайға шүкір, екі ұлым да ер жетіп келеді! Бірақ, әйелімнің денсаулығы нашар болып, одан артық таба алмады! Ал, біз қазақ халқы білесің ғой, азбыз! Құжынаған қытайлардың екі миллиарды тұрғанда, он миллион қазақ деген кім?
Қарны қампиып, ағам маған қарай жақындай түсті де, қолымды ұстап отырып, ел жағдайын ойлап жүргенін, аз болғандығымыз жүрегіне бататынын айттып, мұңын шақты. 
- Түсінемісің, Жамал, қазір еркектер екінші әйел аламын десе, бәйбішелері бүгінгі күннің қызғанышымен олардың жолдарын бөгеп әлек. Ал, біз алуымыз керек. Қаншама қыз жар бақытын, перзент қызығын сезіне алмай, өзің сияқты, тиын соңында жүр. Жағдайын жасап, бір бес-алты баладан таптырсақ соларға, біз бірнеше жылда екі-үш есе көбейіп шыға келмейміз бе? Жағдайымыз бар, құдайға шүкір!
Мен ағамды ұзақ тыңдадым. Әбден айтып болды-ау дегенде, әңгіме тізгінін өз қолыма алдым:
- Аға, қазақ халқына соншалықты жаныңыз ашыса, екінші әйелдің қамын емес, шетелге кеткен сәбилердің жағдайын неге ойламайсыз? Өз елімізде қалса, олар да ертең бір шаңырақ иесі болып, халқымыздың көбеюіне үлесін қоспас па еді? Жағдайыңыз жетіп, дәулетіңіз артылып жатса, жетімдер үйінен неге бір-екі сәби асырап алып, адам қатарына қоспайсыз? Әлде олар біздің санымызға әсер етпейді ме? Ел қамы деп өтірік есіргенше, нәпсі қамы деп ақиқатыңызды айтқан жөн болар! 
Ағамның көзі қанталап кетті. «Жоғал!» деуге ғана шамасы жеткен сияқты. «Басқа пәле тілден» демекші, әп-сәтте далаға айдап шықты. Жұмыс ақымнан айырса да, әйтеуір бір адамның сазайын бергеніме риза болып, тұра қаштым.

 

15.04.2014

Liked
294