Мен жасаған тосынсый

Мен бүгін құдайы қонақ болдым.

Соңғы рет Сіз қашан тосынсый жасадыңыз? Кімді қуанттыңыз? Кімнің қабағын аштыңыз? Кімнің жанарына жасын сыйладыңыз?

Не жасыратыны бар, қазір бір-бірімізге қуаныш сыйлаудан қалдық. Дүниеге, байлыққа байланған заман болды. Қазақи болмысымыздан алыстап барамыз. Өкінішке орай...

Бүгін қауырт жұмыстың арасында, əлеуметтік желіге көз жүгірткенімде, мені белгілеген бір жазбаға назарым ауды. Мақсатты түрде маған бағытталмаса да, мұның кездейсоқтық емес екендігін түсіндім. Мұқият қарасам... Осыдан 11 жыл бұрын өмірге келген бүлдіршіннің есіміне мен себепкер болыппын. Жəне осы 11 жыл бойы менің аты-жөніме қанық болыпты. Еркімнен тыс, одан бейхабар болсам да, оның өміріне ықпалым тиіпті.

Жоқ, мен өзімді керемет санамаймын. Көпке үлгі болатындай тындырған ісім де жоқ. Сондай танымал да емеспін. Асып-тасып тұрғаным да шамалы. Көп қазақтың бірімін. Бірақ, бүгін пейіліне, ниетіне риза болған ағайынның көңіліне қуаныш сыйлағым келді. Ес білгелі есімімді естіп өскен бүлдіршінмен танысып, қуанышымен бөліскім келді. Бар қазақты жарылқай алмасам да, бір қазақты қуантатындай қауһарым бар шығар?! ...

Ұзын сөздің қысқасы, кішкентай Аидаға тосынсый жасадым. Бір-бірімізді қуантып жүрейік, ағайын!

337