Ерлан Жүніс поэзиясы (21 ғасыр Мұқағалиы деп жиі айтады)

***

Кафеде, жол бойында, портфелім – кітап толған,
Портфелім – жас ақындар ақтарып, жұтап қалған.

Мен, бəлкім, бір ақынды шығарып салдым ба екем,
Мен, бəлкім, бір ақынды қарсылап алдым ба екем?

Мен, бəлкім, жолға шыққан шығармын қауырт, таңда,
Жанымды бір сағыныш құсадай ауыртқанда.

Мен, бəлкім, тырыстым ба, достарға ұқтыруға,
Мені іздеп келе алмаған – тіршілік тұтқынында.

Мен, бəлкім, тап болдым ба бұл кафе – бұл аралға,
Ауыстырып алмақ болып кітапты сыр-аларға.

Телефон қоңырауы… білемін, себеп сұрар,
Мен енді сүйген жарға қайтуым керек шығар…

 

Жұлдыздан келген қыз...

- Сəлем айтты сізге сол қыз!

...Сəлем айтты маған сол қыз,
Əлеміне – өзі ханша,
Жан еді бір жүрген жалғыз,
Жұлдыздардан келген жанша.

Көздері де үлкен еді,
Жалт қараса – өртегені.
Көжектейін үркек еді,
Көбелектей көркем еді.

Таң қалатын гүлді көрсе,
Таң қалатын көрсе бəрін,
Ойламайтын бəрін елше,
Сезінбейтін елше бəрін.

Əлемі оның əппақ ішкі,
Маған қояр сауалы көп:
- Жапырақтар неге түсті,
Неге жаңбыр жауады? – деп.

Таңданыстың жоқ-ау шегі,
Сұраса ғой ұсақ жайды:
- Неге адамдар сүйіседі,
Неге олар құшақтайды?

Құтылар ем үнсіз күліп,
Үндемесең, кінəлайды:
- Неге аспан сондай тұнық,
Құстар неге құламайды?

Қыздар оны «ауыш» десе,
Ал, жігіттер «ерке» деді.
Жылап қалып əлденеше,
Мұғалімдер желкеледі.

Мектепте едік. Өмір гүлі,
Бүрін ашқан енді əдемі.
Ұмытпасам, сол бір жылы,
Он төрт жасқа келген еді.

Жан еді бір жүрген жалғыз -
Бір əлеммен ішкі – бөтен.
...Сəлем айтты маған сол қыз,
Неге есіне түстім екен?!.

 

Сен білесің...

Сен бәрін де білесің, бәрін-бәрін,
Дауылдарын жүректің, жауындарын.
Қай көктемде құстардың кешіккенін,
Сонда менің жанымның ауырғанын.

Қай бір сөздің дертімді емдегенін,
Қай бір әуен бейуақ тербегенін,
Қай бір күзде гүлдердің ерте солып,
Ертесіне мен саған келмегенім.

Сен білесің сезімнің жаздағы әнін,
Жазмыш оты жүректе маздағанын,
Күйін кешіп бір сәтте бозбаланың,
Бір сәтте жанып кете жаздағаным.

Сен білесің тағдырдың шайқағанын,
(Шайқаламын таулардай, жай табамын),
Қай нөсердің астында көкке қарап,
Қандай сөзді ішімнен қайталадым,
Сен білесің,

Жаным не қалайтынын,
Саған мәлім – табарым қалай тыным,
Қай дұғаны таңертең оқитыным,
Қай кітапты кешкілік қарайтыным,

Сен білесің, ерке қыз, бәрін-бәрін,
Сенен өзге жүрекке шағынбадым,
Қай түндерде қандай түс көргенімді,
Сол түстердің қалайша жорылғанын,
Сен білесің,

жан білмес сырларымды,
өзім шеше алмайтын жұмбағымды,
Ешбір адам көрмеген белгілерді,
Еш жинаққа енбеген жырларымды,
Сен білесің,

бәрінің бір дерегін,
Сен білесің неліктен мұңлы өлеңім,
...Менің кінәм шығар-ау,
Бәрін біліп –
Маған керектігіңді білмегенің...

Ерлан Жүніс
Liked
433