Байқаймын, басымды шайқаймын

Байқайсыз ба?

Қазір намысты ұрпақ азайып барады. Ұлттық рух төмен. Рухани таяздық бар. Ар, ұят, намыс - деген ұғымдардың қадірі жоқ. Материалдық құндылықтар рухани құндылықтардың мысын басқан дəуір.

Байқайсыз ба?

Қазір ұлттық деңгейдегі тұлғалар жоқтың қасы. Ел сенген ер-азаматтарымыз құлқынның құлына айналып, майдаланып барады. "Малым - жанымның садағасы", жаным - арымның садағасы!", - деген ұстанымдағы кімді көрдіңіз? Бірін бірі талаған "зияли қауым".

Байқайсыз ба?

Біздің ұлттық мерекелеріміз жауыр болған шаралармен шектеледі. Жастардан жүрек құрастыру. Жиналыс немесе форум өткізу. Көпті мəжбүрлеп, концерт өткізу. Оған жұртты қуып, кіргізу. Нəтижесінде, өткізілген шаралардың санымен мақтану.

Мен өзімді қазақшылығы қанына сіңген жан санайтынмын. Балаларымды да солай тəрбиелеймін. Екі ұлым да қазақ мектебінде оқиды. Бірақ бүгін мен мұның жеткіліксіз екендігін түсіндім. Өйткені, баланың араласатын ортасы бар, еліктеушілік бар. Ертеректе біз қалай өстік? Ертегі көріп, еліктеп өстік. Елім - жерім деген батырлар мен билерге, көсемдер мен шешендерге еліктеп өстік. Қазір ше? Қазір балалардың көретін дүниесі аз. Ескінің жұрнағы. Бірақ, баяғы кино қазіргі ұрпақты қызықтырмайды. Ал қазіргі киноға қарасам, бала түгілі, менің бетім қызарады. Яғни, балаларға бағытталған, балалар ғана емес, жалпы қауымға бағытталған тəрбиелік маңызы зор, айтары бар туындылар жоқтың қасы. Тіптен жоқ демеймін. Бар, əрине. "Жаужүрек мың бала", "Құнанбай" т.с.с. Бірақ олар көгілдір экранға анда-санда бір шығады. Болды сосын. ...

Алысқа бармай, Жаңа жылды алсақ, мереке кезінде эфир шетелдік комедиялардан көз ашпайды. Қызығына қызық-ау. Бірақ оның мағынасына үңіліңізші. Рождество! Жаңа Жыл! Аяз Ата! ...

Бұл ой қайдан шықты? Балам жүгіріп келіп, "Ана, Рождество қашан болады? Қашан біз Рождество тойлаймыз?", - дейді. Жалт қарадым. Одан əрі сөзін жалғастырып: "Рождество күшті ғой. Мереке. Демалыс. Көп сыйлықтар" , - деп қарап тұр. Балаларға арналған кинодан түйгені. Барымды салып түсіндірдім, əр елдің өз мерекесі бар екенін. Сөйтсем: "Ал қазақтарда ондай мереке қайсы? Ол туралы кино көрген жоқпын ғой," - дейді. Не дейсің бұған енді?! Тағы да түсіндіру басталды. Наурыз туралы кішігірім лекция оқып тастадым. Өйткені, одан басқа ештеңе түспеді ойыма.

Менің пікірім, елімізде ұлттығымызды ұлықтап, елдігімізді паш ететін қадамдарды мұқият ойластыру қажет. Таптаурын болған мəжбүрлі шараларды доғарып, көпшіліктің қызығушылығын тудыратын шараларға ден қойған жөн.

406