.... өз тіліңді құрметте немесе блогерлер қашан қазақша сөйлейді?

  670

ФБ-қа тіркелгелі бір жылдан өтті. Аз болса да, біраз нəрсе біліп, талдап, үйрендім. Көп адаммен дос болдым. Оның арасында министр, әкім, саясаттанушы, түрлі мамандық иелері мен өзге ұлт өкілдері, бірнеше блогер де бар. Өте қызықты, жан-жақты, «бір түрлі», күлкілі адамдарды көріп келем.

Денсаулық саласынан бастап, кино, музыка, өнер, білім, тарих ... оооо əлем саясатына дейін хабардар блогерлерді оқып, кейбіреуіне тамсанасың да, солай ой түйіп, жазуды үйренгің келеді.

Алайда, бір өкініштісі - қазақ тілдісі бірең-сараң десе де болады. Неге?  Қалайша соның бəрін білгенде туған тіліңді білмейсің? Атаң, апаң, анаң, əкең, Отаның қазақ емес пе?!

Мен де Тəуелсіздік алар алдында дүниеге келдім. Отбасым жартылай орысша сөйлейтін. Ата-анам мені 2 жасымда балабақшаның орыс тобына берді (миға сіңіп кеткен болар «орысша білмесе болашағы жоқ» деп). Бір күні əкем «сені қазақ мектебіне ауыстырамыз, енді қазақша білім аласың, бітті» деді.  Əкеме сөйлемек тұрмақ, бетіне қарай алмаймын.

5 жыл орыс балабақшаға, 6 жыл орыс мектепке барып, орта жолда қазақ мектебіне ауыстым. Бөтен орта, қазақи менталитет, пəндерді айтсаңызшы. «Корень», «вычисление», «деление», «океан», «острова» жəне басқасына үйренген мен «түбір», «азайту», «мұхит», «арал», «құрлық» дегенді естіп, былайша айтқанда, «в шоке была».     

Жаңа ортада қазақ тілін үйренбек түгілі, екі жылда орыс, қазақ тілдерінен олимпиадаларға қатысып, басқа пəндерді туған тілімде оқыдым.

Айта кетерім, қазақ тілі мен әдебиет пәнінен апайым керемет кісі болды. Жерге, елге, Отанға, отбасына деген махаббаты сол кісі оятты. Оған алғысым шексіз! «Бұл өмірде тек махаббат мәңгі. Махаббат деген не? Ол – Отаның, ата-анаң, тілің, отбасың, сүйіктің», дейтін.

Уақыт өтті. Мектеп бітірдік. Университетке барғанда қазақ тобы жоқ деп, таңдаған мамындығымды 4 жыл орысша оқыдым. Өзге ұлтты достарым көп болды. Таңқаларлығы, ұйғыр, шешен, түрік, орыс азаматтарымен сабақты орысша оқысақ та, былай шыққанда қазақша сөйлесетінбіз.

Енді қазіргі уақытта «я вырос в русскоговорящей семье», «я хочу, но не могу», «это же официальный язык страны», «я жил на севере», «мои родители меня не учили», «ой уже поздно, надо было с детства», «это не главный язык»  дейтіндерге қарағанда, «не то что» күліп, жылағым келеді.

НЕ ДЕГЕН БОС СӨЗ? Не деген мәңгүрттік? Ұят емес пе? Ана сүтімен келетін, Құдай берген тілдеріңді сүйрей алмағанда неге көкірек қағып ұлт, ел, жер, саясат, басқасы туралы сөз қозғайсыңдар?!

Осы Астананың төрінде «туған» құрбым бар. Оның ата, әжесі, ата-анасы да осында туған. Отбасымен қазақша сайрайды. Барлық салт-дәстүрлерді жасайды.

Қостанайдан 20 жасында Елорда белестерін бағындырамын деп келген досым бар. Қазақша екі сөз білмейді сонда. 1 жылда қазақша сөйлемек түгілі, қазір аудармашы маман. Және осындай мысалдар көп ел ішінде. Осыған не айтар екен шалақазақтар?  Солтүстікте тудым, орысша білім алдым, әке шешем білмейді және т.б. меніңше, кәдімгі «отмазка».     

Көкейкесті сұрағым: 25 жыл өтті. Тәуелсіздікті, егемен ел болуды армандадық. Иә, мүмкін бала болған біздер емес, қазіргі жастар емес, ата-бабаларымыз армандады. Алайда, 70 жыл бойы  КСРО заманында ұмытпаған тілді, қазір неге ұмыттық? Ол заманда тіл дамытуға қаражат бөлмек түгіл, қазақ тілінде кітап басып, газет оқу мүмкін болмаған. Сонда да қазақ интеллигенциясы мен нағыз патриот азаматтары қазақ тілін, өнерін дамыту үшін барын төкті. Ел, жер, тіл үшін құрбан болып кеткендер де болды. Ешқандай сылтау айтпай-ақ өз елі, халқы үшін бір тамшы болса да үлес қосты.

Әрине, елімізде қостілділік деген ұғым бар. Әрине, біздің тіл әлемде нарық, саясат тілі емес. Алайда, біздегі өзге ұлт өкілдері, шетелден келген азаматтар тілімізді, дәстүрімізді зерттеп, үйреніп, ән мен күйлерімізді шертіп жүр ғой, қазақ тілінде. Олардан қай жерлеріңіз кем? Негізі, қазақ қазақ тілінде сөйлей ма немесе сөйлей алмайды ма деген әңгіменің өзі ұят нәрсе емес па?

Қай бір мемлекетке барсаң, өз тілінде сөйлей алмайтын елді көрдіңіз бе? Өз мемлекетінде құжаттар мен заңдарды туған тіліне аударған елді көрдіңіздер ма? Өз елінде тұрып «я понимаю, но не могу говорить» дегенді естідіңіз бе? Неге Әзірбайжан, Қырғызстан, Тәжікстан, Өзбекстан, Эстония, Түрікменстан, Грузин, Армян елдері тілін ұмытпаған? Тіпті, Ресей құрамындағы шешен, татар халқы тілін ұмытпаған. 

Ал, бізде ше? Барлық жағдай жасалған. Сан жетпес бағдарламалар мен жобаларға миллиондаған қаражат бөлінеді. Мектептер мен балабақша, ЖОО, барлығы да қазақша. Не жоқ? Ниет жоқ. Бекер сөздің керегі не? Мойындай салмайсыздар ма, «наданмын» деп?! Меніңше, туған тіліңді білмеу – қастандық, ұрлық жасаумен тең қылмыс.

Неге ауызекі тілде қазақша білмей тұрып, сонау қазақтың саясатына, мәдениетіне, әлемдік деңгеде мұрын сұғасыздар? Әлеуметтік желі деген жақсы, ақпарат тез тарап, оқырмандар пікір алмасып отырады. Дәл «блогерлер» деп отырғаным, сіздерді көптеген адам оқиды, тыңдайды, еліктейді. Ұзақ посттарыңызды болмаса да, қысқаша әңгімелеріңізді туған тілде жазсаңыздар болады ғой.

ПыСы: 50 жылда - ел жаңа. Осы тағы бір ғасыр шамасында тіл өшіп кетпес дегенге кім кепіл?!

 

Liked
106
comments powered by HyperComments