Мен - қорқақпын!

  413

Мен - қорқақпын!

 

Шындықты мойындау керек...

Мен - қорқақпын!

Жетімнің жанарынан қорқамын! Сіз жетімдер үйіне барып көрдіңіз бе? Жасына жетпей есейген жеткіншектердің емес, енді - енді тілі шығып, тəй - тəй басқан бүлдіршіндердің жетімсіреген жүзіне тура қарай алдыңыз ба? Осындай отыз бала отырған залдың табалдырығын аттай бергеніңізде, алдыңыздан үміт пен күдік астасқан жанарлары жəудіреп "Мама!" деп отызы бірдей өре түрегеліп, сізге қарай тұра жүгірген сəтті басыңыздан өткердіңіз бе? ...

 

Мен - қорқақпын!

Жөргегінен безген көкек аналардан қорқамын! Еркекпен жатуға жарағанда, қорғануға миы жетпеді ме? Жүзінде аяушылықтың жұрнағы да жоқ, беті безірейіп, 9 ай, 9 күн көтерген бауыр етінен бас тартуға жүрегі шыдаған безбүйректен не қайыр?  Шарананың көз жасы - қарғыстан жаман! Ең болмағанда, оған өмір сүру мүмкіндігін бермей, обалды ойламаған тасжүректен не қайыр?

Мен - қорқақпын!

Қыз атаулыны қарындасындай қорғаудың орнына қорлауға дайын, белден шыққан баласынан безінген, екі еліге елтіген еркектерден қорқамын! Қызды қоя тұра, кішкентай баланы да, шүйкімдей шарананы да шырылдатып, зорлауға баратын еркек атын жамылған құбыжықтардан қорқамын! Өз əрекетіне жауап бере алмаса, жауапкершілік дегенді білмесе, басқа бермесін, "ел басына күн туған" заман болса, оның ел қорғаны боларына да күмəндімін!

Мен қорқақпын!

Рухани құндылықтардың қадірі қашып, адамзат санасын материалдық құндылықтар билеген дəуірден қорқамын. Кітаптың бетін ашпаған, екі сөздің басын сауатты біріктіруден жұрдай ұрпақ өсіп келе жатқанынан қорқамын. Биттің қабығындай дүние үшін мың - миллиондаған қаражат жұмсап, ал жетімі мен жесірі үшін көк тиын шығаруға жоқ қалталылардан қорқамын.

Ия, қорқынышым көп. Бірақ үміттімін! "Ақтабан шұбырынды, Алқакөл сұлама", ашаршылық, соғыс т.с.с талай қиын - қыстау заманды бастан өткерсе де, елдігін сақтап қалған елімнің ертеңінен үміттімін! "Қорқа - қорқа батыр болармын", кім білер! Ел - аман, жұрт - тыныш болсын!

Liked
77
comments powered by HyperComments