Ұлттық арнаның шоқтығы қашанда биік...

Өзге телеарналармен салыстыра қарағанда Ұлттық арнаның шоқтығы қашанда биік. Өйткені Ұлттық арна – журналистердің мектебіне айналған қара шаңырақ. Бұл жерден талай талантты журналистер түлеп ұшқан. Сондықтан сол үдеден шығуға талпынған ләзім. Жалпы, тележурналистиканың сөз қолданысында кейбір кемшіліктер болып жатады. Қасаң, қарабайыр жазудан аулақ болуымыз керек. «Барды, келді, жүрді» деп хабарлағаннан гөрі, өзіміздің мәйекті сөздерімізді қолдансақ қандай жарасымды. «Ит арқасы қиянда», «бит қабығынан биялай тоқыған», «кең балақ, жалпы етек» деген сияқты ескіріп бара жатқан тұрақты сөз тіркестері мен мақал-мәтелдерімізді неге пайдаланбасқа?! Жаһандану заманында жұтылып кетпей, ұлттық мәдениетімізді, әдебиетімізді кейінгі ұрпаққа қалдырып кетуіміз керек. Біздің телеарнаның шұрайлы тілді қолданып, сөздің майын тамыза айтатыны да сол. Елді тәрбиелеуші құрал деп айқындалған телеарна арқылы халыққа естігенде құлақ құрышы қанатын әдемі сөздерімізді сіңіруіміз керек. Тағы бір мәселе, әріптестеріміздің қолданысында жиі айтылатын «болып табылады», «орын алды», «аталмыш» деген сияқты езбе сөздер көбейіп кетті. Біз содан арылуымыз керек. Ауылдағы қазыналы қарттарымыз «Әп, бәрекелді» дейтіндей етіп неге жазбасқа?!

Liked
426