Бірінші маман емес, адам болуды үйреніңдер...

Менің бұл салаға келуімнің өзі бір қызық. Мектепті қатырып оқығаным жоқ. Алайда, кішкентайымнан қоғамдық жұмыстарға, мерекелік шараларға белсене араласатынмын. Бойымда аздап өлең шығаратын қабілетім де болды. Арасында туындыларымды аудандық газеттерге де беріп тұратынмын. Соның арқасында болар мектепті жарытып оқамасам да мұғалімдердің алдында сыйлы болдым. Уақыт өте мамандық таңдайтын сәт келді. Әуелі тілді таңдамақ болғанмын. Бірақ ҰБТ балымның аз болғанына байланысты шығармашылық емтеханы бар мамандықтарды іздеп көрдік, анам екеуіміз. Осылайша журналистика саласына қадам бастық. Көпшілікпен тез тіл табыса алатын мен үшін бұл мамандықта оқу айтарлықтай қиындық туғызған жоқ. Сонда жоғары оқу табалдырығын аттаған кезде ұстазымның айтқан мына бір сөзі есімде: «Бірінші маман емес, адам болуды үйреніңдер» деген. Дәл осы ұстаныммен жоғары оқуды да аяқтадық. Сол сәттен бері Қазақ радиосы, «Әлеумет» редакциясының редактор-жүргізушісі қызметіндемін. Қара шаңырақта еңбек етіп жүргеніме 3 жылдан аса уақыт өтті. Біраз тәжірибе жинадым. Жетекшіміздің күнделікті бағыт-бағдарының арқасында ақпарат атты майданда еркін семсер сілкіп жүрміз. Осындай үлкен ұжымда өз орнымның барын мақтан тұтамын.

440