Бұл бағдарлама бұрынғы бағдарламалардан өзгерек

  338

Мен - журналистиканы аңсап, осы мамандықты армандап келген адамдардың бірімін. Кәсіби түрде еңбек жолымды 2011 жылы арнамыздағы көпшілікке белгілі «Таңшолпан» бағдарламасында бастағанмын.

Ұлттық арнада жинаған тәжірибем кейінгі әртүрлі деңгейдегі жобаларда үлкен көмегін тигізді. «Ат айналып қазығын табар» демекші, жылдар өте «Қазақстан» Ұлттық арнасына қайта оралып, «Әйел бақыты», «Поэзия әлемі», «Бүгін жексенбі» секілді бағдарламаларда еңбек етіп, қаламымды ұштап, біліктілігімді көтердім. Қазіргі таңда арнамыздағы «Табыс сыры» бағдарламасының жүргізушісімін.

Қарсы болмасаңыз, «Табыс сыры» бағдарламасына тоқталуды жөн көріп отырмын. Бұл бағдарлама бұрынғы бағдарламалардан өзгерек. Себебі, ең алдымен, Сіз, құрметті көрермен, табысқа жеткен кейіпкердің оқиғасына қанық боласыз.

Ал, біздің кейіпкерлердің барлығы кәсіпкерлер. Кәсіпкер болғанда да өндірушілер, зауыт немесе цех ашып, белгілі бір тауар, тамақ, киім-кешек өндіріп, адамдарды жұмыспен қамтып отырған кәсіпкерлер. 

Олардың арасында жұмыстан шыққан кездегі жалақысына кәсіп бастап кеткендері де,  отандық нарықты зерттеп, импорттық тауарға төтеп беретін отандық бренд жасауды мақсат тұтып келген ұлтжанды азаматтар да бар.

Осы уақытқа дейін біздің бағдарламаның шығармашылық ұжымы 6 облыс, 7 қаланы аралап,  түрлі саладағы, түрлі деңгейдегі 24 кәсіпкерді түсірді. Дәл осы сәтте оқып отырған адамның ойында «сонымен табыстың сыры неде екен?» деген сауал туындаған болар.

Оны білу үшін әр сейсенбі сағат 17:55-те «Қазақстан» Ұлттық арнасынан «Табыс сыры» бағдарламасын көріңіз!

Liked
138
comments powered by HyperComments