Адамды биікке жетелейтін – намыс

  388

     2002 жыл. Алматының қара күзі. Дипломымды алып,  журналистикаға  бір нәрсені қырып тастайтындай келдім. Жастықтың жалынымен бе, әлде Қазақ Ұлттық Университетінде  небір мэтрлердерден алған білімнің буымен бе, білмеймін, бірақ журналистиканың  тарихын өзгертіп жіберетіндей құлшыныс та , жігер де жеткілікті еді. Бұның бәрі жастық шақтың  максимализмі  екенін ол кезде қайдан білейін. Журналистиканың нағыз майын ішкендердің арасына  топ ете қалғанда амбицияның бәрі жым-жылас болды. Тіпті, бұл салада не іздеп жүрмін деп қалатын кездер жиілей берді. «Адамды биікке жетелейтін – намыс. Намысқа тырысқандардан нәтиже шығады» - деп алғашқы ұстазым миымызға әдбен құйып өсірген./Кеңес заманындағы ұстаздардың әрқайсысы бір мектеп/ Осы намыс деген сөзді жалау қылып алға баса бердім. «Еңбек, білім және міндетті түрде намыс болса, адам бәріне де қол жеткізеді» -деп түйгенім бар./ Жастық шақ максимализмінің көрінісі бұл да/

2006 жыл. Астананың қара күзі. Түйіндемемді ұстап, «Астана» радиосына келдім. «Нағыз маған керек радио екен, ал мен бұл радиоға керекпін бе?» - деген сұрақтың жауабы сынақ мерзімінде өздігінен табыла кетті. Сол кезде маған сенім білдірген радиомыздың басшылары: Гүлмира Әлібекқызы мен Базаргүл Сейтжанқызына алғысым шексіз. Мен сияқты әр өңірден  бір чемодан киімі мен бір чемодан арманын арқалап келген жастардың ортасына бірден сіңіп кеттім. Білім мен мәдениеттің ордасы Алматыдан келгесін туған жерім туралы дұрыс түсінік қалыптастыру үшін  «ақылды  қыз»  болуға тырыстым. Тағы да намыс, еңбек, білім деген ұғымдар өзектілігін көрсетті. Оған енді  адамгершілік, дипломатия, төзімділік деген ұғымдар қосылды.

2008 жыл. Шымкенттің қара күзі.  300 шақты бейтаныс  адам жиналған «Беташар» тойында «келін» болып  тұрған жайым бар. 54 минутқа созылған беташар әні біткенше бүкіл өмірім көз алдымнан кадр-кадрмен өтіп жатты. Балалықпен қош айтысып,  өмірдің жаңа тарауын бастауға дайынмын бірақ. Мен көтерген шаңырақ өнегелі, берекелі, бақыты болмауға хақысы жоқ. Тағы да намыс, еңбек, білім деген ұғымдарға оралдым. Себебі «Отбасын құрып қана қоймай оны сақтау - үлкен еңбек» деп ата-анамыз  үйреткен. Ал адамгершілік, дипломатия,төзімділік деген ұғымдар болса да маңызды. Ендігі өзекті ұғымдар: ақыл-парасат, көргенділік, тәрбие, сабыр мен шыдамдылық.

 

2016 жыл. Астананың жайдары жазы. Тәжірибелі маман, арқа сүйер дос,  кемелденген келіншек, адал жар, 3 перзенттің анасы, әулеттегі  үлкен отаудың шырақ жағары болып шыға келіппін. Өзімді өзге біреумен емес, өткенім және болашағыммен салыстырамын. Салыстырмалы түрде, жағдай жаман емес. Жоғарыда айтылған маңызды ұғымдарсыз  сюжет басқаша боларма еді? Кім білсін? Мен – журналистпін, анамын, әйелмін. Мен өмірге тек жақсылық пен мейірім әкелу үшін жаралғанмын. Мен  үйде де, эфирде де ұрпақ тәрбиелеп отырмын. Менің жаман үлгі болуға хақым жоқ. Тағы бір ұғым – жауапкершілік.

   Маған бақытты балалық сыйлаған ата-анам болса, мені адам қылған екінші үйім – «Астана» радиосы. Осы үйден өсіп-өніп, көгеріп отырмын. Сондықтан «Астана» радиосы деген шаңырақтың  мерейлі болуы –менің де еңбегіме байланысты деп санаймын. Бұл қабырғада жүріп, Астана мәдениетінің дамуына қосқан үлесім – музыкалық, сазды-сараптамалық хабарларым болса, отбасылық құндылықтарды насихаттайтын арнайы хабарым қоғамдағы тұрақтылыққа өз септігін тигізуде. Журналистика да, әдебиет сынды ардың ісі. Журналистикаға адам ақша іздеп келмесін, ақиқат іздеп келсін. Журналистика – уақытша рейтінг қуу емес,ол адам өмірін, қоғам өмірін сәл де болса жақсартуға тырысатын, қоғамдық резонанс тудыратын, соңғы нәтижені көрсететін ғылыми негізі бар ірі сала. Қоғам дамуына немқұрайлы қарайтын, идеясыз, білімсіз, айтар ойсыз адамдар журналистикада  тұрақтамайды. Журналистика бұл – сән емес, бұл – сөз қадірі, сөз құдіреті, сөз өнері. Бұның бәрін ұғынуыма және ұқтыруыма жоғарыда айтқан барлық ұғымдар өз септігін тигізер деп  сенемін. Сенім  - тағы бір маңызды  ұғым. Журналист өз сөзіне өзі сенбесе, елді сендіремін деуі бекер.

131
comments powered by HyperComments