АДАМ. ҒҰМЫР. ҚОЛТАҢБА

  379

Дәл осы атаумен авторлық хабар жасап, ең алғаш 2003 жылы қазақ радиосының қара шаңырағына қадам жасадым. Әл-Фараби атындағы қазақ ұлттық университетінің журналистика факультетін де дәл осы жылы аяқтағам. Университет қабырғасында жүріп, 2000 жылдан бастап,  шетелдердегі қазақ диаспорасына арналып төте жазумен жарыққа шығатын еларалық «Шалқар» газетінің  тілшісі болып қызмет еттім.

Шартараптағы қандастар өмірімен жақын танысып, диаспора тақырыбын қаузаған 40 жылдық тарихы бар газетте жасы егде тартқан үлкен кісілер қызмет ететін. Олардың өмірден жиған тәжірибесі де айтары да көп еді. Кәсіби журналист болып қалыптасуыма сондай өмірі мазмұнды кісілердің қосқан үлесі көп болды. Өткенге көз жүгіртіп қарасақ өткеніміздің өзі үлкен бір естелік, ол да бір тарихтың беттері екен. Адам қашан да өткеннен өнеге ала отырып, болашаққа мақсат қойып, бүгінімен өмір сүріп, өтпегіне жоспар түзеді. Әрбір адам өзінше бір тұлға. Сондықтан оның артында болашақтың қажетіне жарайтын өнегелі өсиет пен ізгілікті із қалғаны ләзім. Дәл осы ойдың жетегінде алғашқы радиохабарым «Адам. Ғұмыр. Қолтаңба.» өмірге келген еді. Кәсібіміз жазу, ақпаратпен бөлісу болған соң арнайы оқырман жинап,  тыңдаушы, оқырмандарымның санын арттыруды негізгі мақсат етпесем де бүгінгі қоғамдағы АДАМ болып жаралған соң өлшеулі ҒҰМЫРымыздағы күнделікті өміріміз тарих қойнауына ҚОЛТАҢБА болып, қалып жатыр. Газет, телеарна, радио өзім дәмін татып қызмет еткен  бұқаралық ақпарат құралының осы үш арнасынан жинаған 16 жылдық еңбек өтілім мен тәжірибем болсын, болмыс өмір туралы ой қорытуым ол бәлкім біреулерге қызық болар, бәлкім керісінше... Әйтсе де әр оқырман өзіне керегін тауып, қызықты болғанды қалап көреді, оқиды және тыңдайды.  Бүгінде ұлттың үнжариясында эфирге шығатын хабарларым «Алыстағы ағайын», «Дәнекер», «Радиошолу», «Жас толқын» арқылы радиотыңдаушалар өзіне қажет ақпаратты алуда деп сенем. Ал, өмір беттеріне қатталып жатқан қолтаңбам, жазба- шығармаларыммен  енді осы блогта өздеріңізбен бөлісіп отыруға уәде етем. Әрбір жазбаның бағасына жетіп оқып,бөлісетін де қате-кемшілігін ескеріп ескертетін де енді өздеріңіз боласыздар патша көңіл менің оқырмандарым.   

104
comments powered by HyperComments