Менің журналистикаға келуіме ықпал еткен – құрбым

Мен бала кезімде дәрігер болуды армандайтынмын. Алайда, неге екенін білмеймін ауыр жарақат алған адамдарды, қанды көрсем, қатты қорқамын. Әлі күнге дейін солай. Бұл қорқынышымды жеңуге тырыстым. Бірақ...онымнан түк шықпады. Дәрігер болу оңай емес екен ғой...

Мен 4 жасымда әкеме арнап өлең жазғанмын. Сол кезден бастап ата-анам бұл қабілетімді шыңдай түсті. Әлі есімде, әкем әртүрлі тақырыпта өлең жазғызатын. Мектептегі мәдени шараларға да белсенді қатысатынмын.

7 сыныпта оқып жүргенімде ұстазым Дариға Ғазизқызы менің жаныма келіп: «Ақын қыз, дайындал. Облыстық ақындар айтысына қатысасын», деді. Шошып кеттім. Суырып салмалық қасиетімнің жоқ екенін айтуға қысылып: «Апай, мен домбыра шерте алмаймын ғой», деппін сасқанымнан.  «Қиын емес, тез-ақ үйренесің», - деді Дариға апайым. Енді не істеймін? Қалай айтамын? Сөйтіп, айтысқа дайындалдым. Алайда, облыстық ақындар айтысына қатысуға жасым жетпей қалды (16 жастан бастап қатысады екен). Мен сол кезде не қуанарымды, не жыларымды білмедім. Сонша дайындалған едім. «...Суырып салма ақын болу қайда маған?! Одан да мұғалім болайын...». Бұл – менің сол кезден бастап болашаққа құрған жоспарым еді.

10 сыныпта бізге жаңа оқушылар келді. Арасында құрбым Айнұр да бар. Екеуміз ҰБТ-ға таңдау пәні ретінде Қазақ әдебиетін таңдадық. Айнұрмен достасу – өмірімді басқа арнаға бұрды. Ол мен үшін шешім қабылдады: «Қойшы, мұғалім болмайсың! Екеуміз бізге ҚазҰУ-дың журналистика факультетіне тапсырамыз!», деді. Мен оп-оңай келісе кеттім. Неге? Әлде, Айнұр армандаған журналистика әлеміне қызықтым ба...

Осылайша, менің журналистикаға келуімен ықпал еткен – құрбым. Екеуміз журфакқа түсіп, тәмамдадық. Жас маман атандық.

Содан бері «Қазақстан» РТРК» АҚ Интернет редакциясында қызмет етемін. Мұнда көп нәрсені үйрендім. Тәжірибе жинадым. Тіпті, өмірлік жарымды да кездестірдім. 

Журналист болғаныма, «Қазақстанымда» қызмет ететініме қуанамын! Рахмет саған, құрбым!

 

Liked
457