Асқақ арман алға жетелейді

Журналистиканың менің өмірімде алатын орны ерекше. Себебі, уақытымның негізгі бөлігін таңдаған кəсібіме жұмсаймын. Өкінемін бе? Əрине жоқ! Бұл менің қалауым. Аталған салаға келуіме Семей қаласындағы халықтық ақындар  орталығы əсер етті. Сөз өнеріне үйрене жүріп бағытым дұрыс екенін байқадым. Содан 2010 жылы Шəкəрім атындағы мемлекеттік университетіне оқуға түстім.

1 курстан «Студент əлемі» басылымына көмекші ретінде барып кейін тілшілікке қабылдады редактор ағамыз. Бірер жыл жазудың дағдысын меңгере жүріп, құрдастармен ШҚО-на тарайтын жастарға арналған «Шығыс шұғыласы» газетін аштық. Кілең жазуға құмар жандар бас қосып,  редакциямыздың кеңсесін өз қолымызбен жөндеуден өткізгеніміз, əлі ешкімге таныла қоймаған газеттің жұмысын  жобалаған кездер əлі есімде. Осылайша 19 жасымда  редактор болып шыға келдім. Тәжірибем аз болғанын жасыратын емес. Сондықтан алдыңғы толқын ағалардан әсіресе Дәулет Разаманұлынан жиі кеңес сұрайтынмын. Бір түсінгенім, егер ізденіс қалыпты, бағытың дұрыс болса түбі жетістікке жетесің. Сабақтан шыға сала аядай ғана редакцияға жиналып, таң атқанша макет сызып, верстка жасап, тақырып қойып, материал жинақтайтынбыз. Еңбек еш кетпеді. Бұл ұмтылысымыз жемісін беріп, түбі өз оқырманымызды таба білдік. 

Газет деп жүріп сабақтарға қатыса алмай қалатын кездер болды. Бірақ, ұстаздар жұмысымызды көріп түсіністікпен қарайтын.  Журналистиканың тағы бір саласына қадам басуға ұсыныс күтпеген жерден келіп еді. Бірде қалалық шараны жүргізіп жатқанымда «Қазақстан» ұлттық телеарнасына қарасты Семей филиалы директорының орынбасары Сайра Қажыоспанқызы қызметке шақырып, телеарнаның жұмысымен таныстырды. Бірнеше сатылы дайындықтан өткен соң «Қайырлы таң» бағдарламасын жүргізуге бекітті. Тікелей эфирге шығудың жүгі мен жауапкершілігі қаншалықты болатынын сонда жүріп үйрендім. Кейін басшылық «Намыс», «Арнайы репортаж» бағдарламаларын қатар жүргізуді сеніп тапсырды. Менің телеарналық алғашқы мектебім  - "Қазақстан-Семей"  телеарнасы. 

2014 жылы Семей шаһарында тұрғаныма тура он жыл болды. Сол сәтте жаңа мүмкіндіктер іздеу мақсатымен Астанаға бағыт алдым. Арман қаланың тұрғыны болып, бірден сіңісіп кету оңай іс емес екен. Бастапқыда бейтаныс адамдардың арасында өзімді артық және керексіз сезінгенімді жасырмаймын. Бірақ, «Таңшолпан» бағдарламасы мен «Астана» радиосының білімді журналистері мен білікті басшылары мені жылы қабылдап, серпін берді. Осы қос ұжымның жақсылығын мен ешқашан да ұмытпаспын.

Блогта ерекшелену үшін әдемі сөздер іздеп, ақыл айтудан аулақпын. Жоғарыдағы айтылған жайттар осы күнге дейінгі шығармашылық өміріме қысқаша шолу.  Шынымды айтсам, менің арманымның бір бөлігі орындалды. Қазір соңғы техникамен жабдықталған, білгір ортада қызмет етудемін. Ал осыдан 6 жыл бұрын студент Айбекке  Астанада қызмет етесің десе сенбес еді. Тәубә еткен дұрыс, бірақ мұнымен тоқтап қалуға болмас. Алға қойған мақсат көп. Орындалуы сіздердің көз алдыларыңызда болады деп сенемін. P.s: Уақыт бөліп көз жүгіртіп шыққаныңызға рахмет!

Liked
453