Қазақ қызы

  698

Не білесің қазақ қызы жайында,
Оған лайық болуға ер дайын ба?
Қазақ қызы сүлулардың сұлуы, 
Жұлдызың мен тең келмейтін айың да. 

Үлкен менен сыйлайтұғын кішіні,
Аялайтын асыл деп әр кісіні.
Қазақ қызы қасиеттің тұмары,
Жаны таза, күндей көркем мүсіні.

Пейіліне күллі әлем сыятын,
Жыланның да басына ақ құятын.
Қазақ қызы тектіліктің тұғыры,
Аялаған ары менен ұятын.

Өмір заңын оқитын әр өрнектен,
Тауға қарап таудай болып ержеткен,
Қазақ қызы Абайдың да анасы,
Тәрбиемен талбесігін тербеткен.

Бір-ақ сөзбен шешім айтқан дауына,
Жетелейтін гүлбақшалы бауына.
Қазақ қызы Қабанбайдың серігі,
Қылыш алып қарсы тұрған жауына.

Намыс, жігер, бойда қызу қан барда,
Армандасаң қазақ қызын арманда.
Қазағымның қызы ғана тыңдаған, 
Мұқағали мұңын шағып барғанда.

Бір рудың бағы ашылып бір қыздан,
Ақылымен алтын сарай тұрғызған.
Қазақ қызы қазан ұстап жүріп-ақ,
Төле бидің төрден мойнын бұрғызған.

Тарта туған Домалақтай анаға,
Гүлданадай келін болған данаға.
Сүйсең жігіт қазағымның қызын сүй,
Бағаласаң қазақ қызын бағала!

© Айсәуле Бейсенхан

Liked
165
comments powered by HyperComments