Журналист боламын деген жоспар жоқ еді...

Менің журналистика саласына келуіме студент кезімде пікір-сайысқа қатысуым әсер етті деп ойлаймын. Жоғары оқу орнында білім алып жүргенде журналист боламын деген жоспар жоқ еді. Сұхбат алушы емес, сұхбат берушілердің қатарынан болдым. Студент болғандықтан түрлі қоғамдық шараларға белсенді қатыстық, "Нұр Отан" партиясының "Жас Отан" жастар қанатының атқарушы хатшысы қызметінде болғанда жастар арасында қазақ тілінде жиі сұхбат беруші спикерлердің бірі болуға тура келді. Сол кезде облыстық "Қазақстан-Көкшетау" телеарнасы ұжымының көзіне түскен болармын, осы мекемеде жұмыс істеу ұсынысы түсті. 3-курстан кейінгі жазғы демалыс еді. Телеарнада 2 жұмадай іс-тәжірибеден өттім де, кейін жеке басымның шаруаларыммен кетіп қалдым. Араға жарты жыл салып қайта келдім. Сөйтіп, "Қазақстан-Көкшетау" телеарнасында менің журналист қызметім басталды. "Қазақстан" Ұлттық арнасында облыстық телеарнадан еңбек жолын бастағандар аз емес. Бұл мекеме үлкен мектеп деп айтар едім. Қазір, міне, ҰЛТТЫҚ арнаның өңірдегі тілшісімін. Бұл мен үшін мақтаныш. Қызметіміз жаңалық жеткізу болғандықтан, заманымыздан қалмай, ғаламтор арқылы да сіздерге ақпарат жеткізуге тырысамыз, қадірлі көрермен!    

Liked
444