Қанда бар...

"Қанда бардың аты қанда бар ғой қанша дегенмен", - әкем осы сөзді жиі айтады. "Осы қазіргі ДНК деп жүргені біздің қазақтың бұрын айтып кеткен "қанында бар", "тегінде бар" дегені ғой сайып келгенде, -деп сөзін бастады әкем. Қанда бар дейтінім біз қазақ иен далада тек еттің, қымыз бен шұбаттың күшімен сол тағамдардың калориясымен жүргенбіз.

    1978 жылы Санкт-Петербург  қаласында артиллериялық барлау батальонында борышымды өтедім. Қалың орыстың арасы, ауылдың тамағы деген жоқ. Бір жарым жылға таяғанда қызылсырай бастадым (қызылсырау - ет жегісі келу). Содан не керек ол кезде сержант дәрежесіне жетіп қалған кезім, асханаға кезекшілікке түскенде жауынгерлердің кезекшілігіне жауап беру менің мойнымда. Содан байқасам, үлкен 200-300 келі ыдыстарға етті қайнатқан соң сүйегі қажетсіз болып қалады екен. Тоқпан жілігі бар, кәрі жілігі, асықты жілігі бар тағысын тағы дегендей. Содан кезекшіліктегі жауынгерлерге қалған сүйектің бәрін үстөлдің үстіне төк дедім де пышақ әкел дедім. Содан отырып алып барлық етті сылып алып, жіліктерді шағып майын түсіріп, бір тостаған етті жинап алып, рахаттана соғып алдым. Бір жарым жыл бойы ет жемеген құмарым бір қанды-ай. Содан асханадан шығып казармаға қарай келе жатсам, бүкіл батальонда екі-ақ қазақ едік. Оның екіншісі Шымкенттің жігіті. Сол жігіт казарманың арғы басынан қасыма жетіп келіп: " әй, ет жегенсің ба?! еттің иісі шығып тұр ғой?" - деп иіскелеп сұрап тұр. Мен болса  күлкіге булығып "жоқ!" деп қоям. Ол "шын ба? еттің иісі шығып тұр ғой" деп күдіктене-күдіктене кетті. "Орыстың жерінде кім ет асатын еді" деп мен өз жөніме кеттім. Екеуміздің арасында қалжыңдасып тұратыным бар еді.  Содан не керек тағы бір кезекшілікке түскен кезде тағы да етті жинап, жілікті шағып отырсам, жаңағы жігітім кіріп келе жатыр. Өзі булығып ашуланып, ренжіп, ұрысып тұр. Содан не керек екеуміз отырып сылқита соғып алдық етті. Сөйтсем анау мені аңдыған екен ғой. Сонда ғасырлар бойы жеген тағам жат жерде неше түрлі тамақ жеп отырсаң да аңсатып қоймайды екен! Содан екеуміз  кеткенше солай ет жеп қайттық!... -  деген әкемнің әңгімесі бір кесе шұбаты сіміре тартқанда ойыма сарт ете қалды. Бұған дейін дәмін татпасам да соншалықты таныс дәм тілімді үйіріп барады. Тіпті өмір бойы шұбат ішіп келген адамдай құмартып сіміріп жатырмын. Расында да, ғасырлар бойы ұлтымыз тұтынған тағам бізге неге бөтен болсын, ол бізге неге ұнамасын, неліктен пайдалы болмасын?! Өмірі көрмеген теңіз өнімдерінен гөрі өзіміздің осы өнімдеріміз әлдеқайда пайдалы емес пе?!  

      Осы  шұбаттың пайдалы жағына ойыссақ, "Дәулет-Бекет" шаруашылығының сүті 2 ай мерзімге жарамды. Бағасы шамамен 1 литрі 500 теңге. Бұл бағаны қамбатсынатындар көп алайда, бұл шұбат израильдік технология бойынша дайындалады. Шағын зауытта жақсартылған шұбат және био шұбат деген екі түрі өндіріліп дүкендер желісіне жіберіліп отыр. Енді Сіз және сіздің балаларыңыз ішетін сусындар мен шұбаттың бағасын салыстырып көрейік. 2 литр газдалган сусын 350-400 тг, 2 литр шырын да сондай бағада. Алайда, оның тағамдық маңызы мен табиғилығын шұбатпен салыстыруға тіптен келмейтініне келісетін шығарсыз. Ендеше, неліктен біз шұбат ішкеннен гөрі кола, немесе консерванттар қосылған апельсин шырынын ішуге құмармыз?! Меніңше, жәй ғана әдеттен! Егер мен сен, біз шұбат, қымыз ішуге әдеттенетін болсақ, ас қорыту, зат алмасуымыз әлдеқайда жақсы болатын еді.

   Көргенімді айтайын, "Дәулет-Бекет" түйе шаруашылығында 5000 түйе бар. Әлемде түйе саны бойынша олар екінші орында, бірінші орында араб елінің бір шейхы екен. 5000 түйенің 1500-ы қазақтың екі өркешті түйесі, ал 3500-ы түркіменнің аруанасы. Енді қараңыз көктемде төлдеген інгендер 18 ай бойы сүт береді. Түркіменнің аруанасы сүтінің майлылығы 4-5 пайыз болса, қазақтың екі өркешті түйесінің сүті 8-9 пайыз. Кейіпкеріміз " сендер екі өркешті түйенің сүтін ішсеңдер ғой, түркімен түйесінің  сүтіне қарғыларыңда келмей қалады! Маңыз ғой, маңыз деп!- деп тамсанып айтып жатты.   Жалпы көзбен көріп, дәмін татқан адам ретінде сіздерге осы кәсіпорын өнімінің суретін де ұсынып отырмын! 

Жалпы айтайын дегенім ғасырлар бойы тұтынған ұлттық тағамдарымыз біздің ағзамызға қашан да құнарлы, қашан да пайдалы əрі қажет болып қала бермек. Тіпті қанымыздағы бұйығып жатқан оларға деген құмарлық оянса керек!

367