Еуропа. Париж. Созақ

  834

    Демалыстың аяқталуына аз-ақ қалды. Алдыңғы жазбамда уәде еткенімдей, Еуропадағы саяхатымның оқырмандарыма қажет болар деген тұсын ғана жазбақшымын. Бәлкім, сізге пайдасы тиіп қалар.

    Әркім әртүрлі демалғанды ұнатады. Әсіресе, жазда...Тентек толқын тербеткен жағажайдың ыстық құмында қыздырынып жатқан жақсы ғой, әрине. Алайда, мұндай демалыстың екінші-үшінші күнінен-ақ жалыға бастаймын. Жаңа таңданыстар мен тоқтаусыз қозғалыстарды жаным сүйеді.

    Парижге жолыңыз түсе қалса, оның қымбат қала екенін де біле жүріңіз. Алдын-ала зерттеп, бақылап алмасаңыз қомақты қаражатты қажет етеді. Достар  тауып, түрлі форумдағы пікірлермен танысып  алғаныңыз абзал. Парижді махаббаттың  қаласы дейміз. Мұнда қиялыңызға қанат бітіруге толықтай мүмкіндік бар. Мысалы, Эйфель мұнарасының қасында немесе Елисей алаңында Ферраримен жүйіткіп қыдыруды армандайтын адамдар үшін ол жағы да ойластырылған. Оның жарты сағаты 150 еуро тұрады. Мұндай бизнесті Алжир мен Тунис елдерінен келгендер дөңгелетіп отыр. Көше бойында көзілдірік, түрлі сувенирлер мен тәттілер сатып отырған мигранттар көп. Бір байқағаным, қала тұрғындары олардан алшақ жүреді. Себебі, ол жақта қалтаңызды қағып түсіретін «мергендер» көп екен. Ал жергілікті халық оны мигранттардың кезекті бизнесі деп ойлайды. 

    Қала қонақтарының «құтты орнына» айналған мекен – Диснейленд. Әйгілі ертегі қалашығы әлемнің 5 қаласында бар: ең үлкені әрі ең танымалы Флоридада орналасқан. Одан кейін Лос-Анжелес, Париж, Гонконг(ең жас әрі ең кішісі) және Токиода. Шынымды айтсам, ертегі қалашығында болған өзіме де қызықты болды. Балаларды түсіну, олардың сұранысын қанағаттандыру үшін үнемі бала болу – «Балапандықтарға» қойылатын басты талап. Сондықтан, ол да маған артық етпеді. 

    Париждегі Диснейлендке күніне миллиондаған адамдар келеді. Аңызға айналған аттракциондардағы кезек бір жарым сағатқа созылады. Ең қорқынышты әткеншек – лифт. Оған отыруға кез келген адамның жүрегі дауаламайды. Осы жерде 9 жасар ұлымның батылдығына тәнті болдым.  Арамыздағы ең қорқағы мен екем ;) Біраз әткеншектерге міне алмай кеттім. Осы тұста ата-аналарға шағын ғана ескертпе жасағым келеді: алдын-ала зерттеусіз жай ғана бара салсаңыз, бір күнде екі-ақ аттракционға отырып үлгересіз. Ал мүмкіндігіңіз болса, тур агенттіктер ұсынатын құны 700 еуролық vip қызметін қолдануыңызға болады. Дәлірек айтсақ, қолыңызға еш кезексіз өтуге болатын карта мен қасыңызға гидті де қосып жібереді. Бұл қызмет түрі сізге бір күнде 10-15 аттракционға міну мүмкіндігін сыйлайды. Мұның бәрі Париждің қымбат қала екендігіне тағы бір дәлел, әрине.

    Париждің жанында көп адам біле бермейтін хайуанаттар бағы бар екен. Оның ішінде көлікпен жүріп, көп жануарды кездестіруге болады. Алғашында жаныңнан жүгіріп өткен жолбарыс пен айбынды арыстан көзге оғаштау көрінуі мүмкін. Біраз уақыт өткеннен кейін, оған да үйренуге болады. Негізінде туристердің басым көпшілігі Эйфель, Диснейленд сияқты қаланың көрікті жерлерінде жүруге тырысады. Ал нағыз Париждіктер  халық көп шоғырланған жерлерде жүруге қорқады... Париждің болмысын Хемингуэй бір сөзбен-ақ жеткізген ғой: «Үнемі жаныңда болатын мереке» («Праздник, который всегда с тобой»). Толықтай келісемін!

    Демалысымыз футбол клубтары мен атақты стадиондарды аралаумен жалғасты... «Реал» мен «Барсаның» жанкүйері болудан алдарына жан салмайтын ұлдары бар аналар мені түсінетін болар :) Келесі бағыт Милан мен Барселона болды. Балаға тарихи ақпаратты қызықты етіп жеткізу – ол да бір өнер. Лувр мұражайы, Милан күмбезі, тіпті, күнде естіп жүрген Эйфель туралы аз-кем ақпараттың өзі балаңыздың бір керегіне жарауы мүмкін. 


P.S. Үш апталық саяхат Созақта жалғасын тапты. Мұндағы мақсат – ұлдарыма түп тамыры, елі мен жері барын еске салу. Туған жердің түтіні, Еуропадан мың мәрте артық екенін айтқызбай аңғарту еді. Ал қазір ағайынның арасында, алыстан аңсап жеткен ауылымызда демалыстамыз. Созақта да ұлдарым үшін қызықты дүниелер табылды. Мысалы, ұлымның бұзаубаспен алғаш «танысуы». Айтпақшы, біздің жақтағы Қызылкөлге су қайта оралыпты. Буыны ауырғандар осы көлдің лайынан ем табуда. Бұрынғыдай Қызылкөліміз қайта «тіріліп», адамдардың қарасы көбеюде. Видео, түрлі суреттермен бөліскім-ақ келген. Әзірше, мұндай мүмкіндік жоқ екен.

 

134
comments powered by HyperComments