Дархан даламның төсінде емін-еркін еркелеп жүрмін...

Кезекті еңбек демалысына шығып, Анкара, Анталия аспадым, бірден атамекен-ауылға аттандым. Тамыздың тамылжыған күндерінде тауға шығып, туған жердің таза ауасымен тыныстап, дархан даламның төсінде емін-еркін еркелеп жүрмін. Жаздың жауынды күндерінде жайқалып өскен жусан мен қалың балауса, семіз малдың түгіндей құлпырған көк шалғынның  мұрын жарар жұпар иісін жұтып, шұрайлы жазық далада қой бағып, демалысымды қызықты өткізудемін.

Шалғайда жүргенде қатты сағынатын қара шаңырақта сырлы тостағаннан сары қымыз сіміріп, анамның сақтаған  сары майы мен сүр етін сүйсіне жеп, жақындарымның жан жылуы мен шексіз мейіріміне бөленіп жатырмын. Қаланың қапырық ауасы мен қым-қуыт тірлігінен қажыған ауыл баласына бұдан артық демалыстың қажеті жоқ!

Дегенмен, алтын күн шартарапқа шуағын шашқанда ұлттың үнжариясы – «Қазақ» радиосында «Қайырлы таң!» деп қуана қауышатын тыңдармандарымды да сағынып үлгердім.

401