"Блондинка" болудың бонустары :)

   Адамдар ақымақ болудан қорқады. Меніңше, ақымақ болудың өз артықшылықтары бар. Тіпті, ақылды болғаннан, ақымақ болып өмір сүрген әлдеқайда жеңіл ме деп қалам...

   Ақымақ кез келген дүниеге жеңіл қарайды. Болмашыға баладай қуанып, қиындыққа қабырғасын қайыстырмайды. Ақымақта бәрі шынайы. Шын қуанады, ойын мың құбылтпай-ақ ашық айтады, ең бастысы, алданса да адамдардан адалдықты күтеді. Ертегі секілді өмір де жақсылықпен бітетініне сенеді. Бір сөзбен айтқанда, тұнған позитив! Ал позитив қазір дефицит.

   Ақымақтың «білмеймін» деген бір ауыз сөзі бәрінен құтқаруы мүмкін. Әсіресе, әйелдерді. Бұл бізге қорғансыз, қолынан көп нәрсе келе бермейтін образға енуге көмектеседі. Ал ер адамдарға ол ұнайды. Үйдегі бұзылған заттарды жөндей білген жақсы ғой. Бірақ, ер адамыңыз барда жоламағаныңыз жөн. Олар үшін әйел – әлсіз жаратылыс. Әлсіздіктің артында ақымақтық та бар...

   Менімен келіспесеңіз, ғалымдар ер адамдарға ақылдыдан гөрі ақымақтау әйелдердің ұнайтынын әлдеқашан дәлелдеген. Мен айтып отырған ақымақтықты жаман қылықтармен шатастырмаңыз. Мен мақұлдайтын ақымақ әйелді таныстыра кетейін. Ақымақ әйел – айналасының (күйеуі, құрбысы, отбасы, жұмысы т.б) «көлеңкелі» тұсын көрсе де көрмегендей, естісе де естімегендей сыңай таныта алатын, көп нәрсені «өткізіп» жіберетін, аузында «ааа?», «білмееееймін», «қашан?», «ай, соны қойшы» сияқты сиқырлы сөздері бар, ештеңемен шаруасы жоқ, балалықтан арылмаған жан. Және ақымақ болудың ең үлкен артықшылығы – оның бар қателігіне кешірім бар. Себебі, ол – ақымақ :)

  P.S. Мына Ләйлә не айтып отыр дейтін боларсыз. Алайда, керек кезде ақымақ бола білу артық етпейді. Қоғам әдемі қыздарды ақымақ, көзілдірік таққан қыздарды ақылды  деп қабылдайды (бәрін бірдей емес, әрине). Меніңше, оларды әдемі қылатын осы ақымақтық сияқты... /Ойыммен келіспесеңіз, пікіріңізді жаза кетіңіз/. Салқын жаңбырды жалаң аяқ кешеді, көшеде айқайлап ән де айтады, үнемі жаңа нәрсе іздеп, одан адреналин алғысы келеді.  Былайша айтқанда, қоғам оларды біртүлі деп қабылдайды. Ал оларға жұрттың не ойлайтыны маңызды емес! Төреғали да «мың түрлі құбылған біртүрлі қызға» тектен тек ән арнамаған болар ;)

Айтпақшы, суреттегі қыздың мақалаға еш қатысы жоқ!

Liked
538